Тұлға • Бүгін, 09:55

Алаш дәрігері

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Батыста, оның ішінде Тайпақ өңірінде Тана руының Асан тайпасынан шыққан Есенгелді Жалмырзаұлын кіші жүзге аты мәлім, он мыңнан аса жыл­қысы болған адам ретінде көпшілік білетін болар. «Есенгелдіден бір тайы кем» деген мәтел де бар. Оның жылқылары Жайыққа су ішуге құла­ғанда, өзен екі елі төмен түседі екен деген аңыз бүгінге дейін айтылады.

Алаш дәрігері

Есенгелді бай уақытында старшын, дистанция бастығы дәрежесіне дейін көтеріліп, тархан атанған. Анықтай кетер болсақ, сол кездегі патша ағзам тарапынан Ресейдің отарлау мүддесіне қызмет еткен түркі тектес тұлғаларға «тархан» деген атақ берілген (Орынбор шекара комиссиясының деректеріне қарағанда, тархан атағын алғандар саны ХІХ ғасырдың ортасында 20 ғана адам екен). Осы Есенгелдінің Итемген, Сүтемген деген інілері болған. Итемген бай (1743–1836) Базартөбе ауылдық округіне қарасты Тайқожа қорымында жер­ленген. Кезінде атақты Сүгір жырау:

«Егізімнің сыңары,

Егеуімнің сынығы,

Есен бе екен, сау ма екен.

Бессары, Асан, Қалқаман.

Мәмбет, Үмбет, Қосдәулет

Есенгелді, Итемген

Ауылынан кеңес тараған»,

деп жырға қосуының өзі Жалмырза ұлдарының абырой-беделіне байланысты болса керек. Итемген байдан – Сатыбалды, одан – Бейсен, Бейсеннен біз бүгін сөз еткелі отырған Бақтығали туған.

Бақтығали (Бақтыгерей, Бақыш) Бей­сенов 1890 жылы 10 желтоқсанда Орал ­облысы Ілбішін уезіне қарасты Қызылжар болысы №5 ауылда дүниеге келген (об­лыс­тық мұрағат анықтамасында 24 тамыз 1887 туған, 1914 жылы Саратов уни­вер­ситетін бітірген деп көрсетілген).

1901 жылы орыс-казак мектебін бітір­ген. 1910 жылы тамыз айынан бастап Саратов Императорлық университетінің медицина факультетінде оқыған. 1911 жылы жедел түрде латын тілінен емти­хан тапсырып, Оренбург қаласында №323 куәлік алады. 1914 жылы әскери со­­ғыс жағдайына байланысты 9 семестрді жедел түрде тапсырды. Кейін бұл оқуды жалғастырып, Саратов Императорлық университетінде 1917 жылы сәуірде соңғы емтиханды ойдағыдай тапсырып, дәрігер мамандығы бойынша диплом алады. Осы жылы Орал облысы Қызылкүлгін ауылында ауылдық учаскелік дәрігер бо­лып орналасып, 1920 жылға дейін жұ­мыс істейді. 1920 жылы Орал облысы Калмыков уезіне аудандық денсаулық сақтау бөліміне тағайындалады.

Бақтығали Бейсеновтің 1921 жылы жиналыс­­тағы жұмысы жөнінде есеп беруі мұрағат­та сақталған. Осы жылдары Калмы­ков уезінде 120 мың халық тұрған. Уезд дәрігерлік және 10 фельдшерлік пунктерге бөлінген. Өкінішке қарай, азаматтық сот халықтың көмегіне кедергі келтірді.

1924 жылдың басында Б.Бейсенов Орал облысындағы Байғұтты ауруханасында, кейін Жымпиты ауруханасында жетекшілік етті. 1928 жылы тамыз-жел­тоқсан айы аралығында Тайпақ ауруха­насын басқарды. 1929 жылы 15 шілде Тайпақ ауданының Базартөбе ауруханасына меңгеруші болып тағайындалады. 1936 жылы 15 шілдеде Тайпақ ауданы­ның Базартөбе ауруханасына меңгеру­­ші болып тағайындалады. Бұл жұмыс­­ты ­1937 жылдың тамыз айына дейін жа­сағаны жөнінде деректер айтылған. 1937 жылы ­16 қыркүйекте Бақтығали Бейсеновті ­№58-2-бабы­мен «халық жауы» деп ­айып­тап, тұтқынға алған.

Батыс Қазақстан облысы УНКВД үштігінің отырысында 1938 жылы 15 ақпанда Б.Бейсеновтің мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілді. №2463 ісі бойынша Б.Бейсеновке алашордашыл, халық жауы деген айып тағылды. Ату жазасын орындау ісі 19 ақпан 1938 жылы 21 са­ғат, 15 минутқа ауыстырылды. Осылай Б.Бейсеновке жала жабылып, репрессияға ұшырап, жазықсыз атылды.

Б.Бейсеновке қатысты деректерді жинастырғанда, біздің қолымызда өлкеміздің тарихынан сыр шерте­тін құнды дүние Арнольд Иосифович Янтаревтың Ставропольдағы кітап бас­пасынан 1958 жылы жарық көрген «Село дәрігерінің жазбалары» («Записки сельского врача») атты кітабы бар еке­нін айта кеткен жөн. Кітапта Қазан уни­верситетінің медицина факультетін бітірген, азамат соғысына қатысушы, түпкі тегі нижегородтық жас маманның 1925 жылы шалғайдағы бейтаныс өлке – Батыс Қазақстанға аттанып, жолдамамен Калмыковқа келуі, онда дәрігерлік қызмет атқаруы туралы айтылады.

Кеңес өкіметі кезіндегі таптық көз­қарас тұрғысынан жазылған бұл жазбалардан Бақтығали Бейсеновке деген көре алмаушылық пен өшпенділік анық көрінеді. Оның салқыны ақыры өз зардабын тигізді. Сол тұста жұқпалы ауру­лар таралып халықтың денсаулығы мүш­кіл халге түскен кезде бар күш-жігерін елдің денсаулық әлеуетін көтеруге жұмсаған, Алашорда қатарында қазақ елінің бостандығы мен азаттығы үшін қызмет еткен қайран ер 1937 жылдың ­16 қыркүйегінде тұтқынға алынады.

Ардақты азамат 1958 жылы ақталды. Ақталуына, ол туралы мәліметтерді тауып, жинастыруға қызы Роза Бейсенова (1936 ж.т.) көп еңбек сіңірген. Ол Қазақ­тың мемлекеттік медицина институ­ты­ның емдеу факультетін бітірген. Әке жолын жалғастырған білікті дәрі­гер. Көп жыл Қарағанды қаласында бас балалар дәрігері боп қызмет еткен. Балалар денсаулығын жақсартуға арналған ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін «Октябрь ­революциясы», «Құрмет белгісі» ордендермен марапатталып, екі мәрте облыстық кеңестің депутатығы­на сайланған. Бүгінде Астана қаласын­да тұрады. Елмен үнемі байланыста. Әкесінің жақсы атын қалыптастыруда еңбегі ерен.

Б.Бейсенов туралы әлі де толық зерт­теліп болған жоқ. Дегенмен ол туралы деректер бар. Бұл кісі жайын­да майдангер-журналист Бисен Жұма­ғалиев кезінде ­былай деп жазған: «Бақыш Бейсенов революциядан бұрын Саратовтың медицина институтын бітіріп, елге келіп, өз ауы­лында аурухана ашқан. Оның «Бәлнес төбесі» деген аты әлі сақталған. Бүкіл Орал – Атырау еліне аты жайылған шипагер Алаш қозғалысына да қатысқан. Халел Досмұхамедовтың серігі болған. 1938 жылы Жымпитыда ауданның бас дәрі­гері болып жүргенде түрмеге қамалып, ату жазасына кесілген. Ғ.Мүсіреповтің жұбайы Ғазиза ­Бейсенова – осы текті кісінің қызы» («Орал ­өңірі» газеті №35, 22.03.2002).

Ал Ғазиза Бейсеноваға келсек, біздің қолымыздағы деректерге қарағанда, ол – Бақтығалидың үлкен ағасы Нұрғали­дың (1882–1948) қызы. Ғазиза Бейсенова ­(1914–1987) – Орал драма театрының әншісі, Орал филармониясының алғаш­қы әртістерінің бірі. Кейіннен Алматыға барып, стенографист-машинистка маман­дығын меңгерген. Ол апамыз машинка басқанда пианинода ойнағандай көрінеді екен. М.Әуезовтің «Абай жолы» романын ауызша айтуынан машинкаға үлгеріп басқан. Қазақтың классик жазушысы Ғ.Мүсіреповтің жұбайы.

Б.Бейсеновтің Алаш қозғалы­сын­да­ғы қызметін әлі де зерттей түсу қажет. Ке­йінгі ұрпақ Бақтығали Бейсе­новтей дара тұлғаны білуі керек. Тарихтан тағы­лым алсақ қана тәуелсіздігіміз тұғырлы болмақ.

 

Мәлік БЕРДІ ӘЛІ,

Журналистер одағының мүшесі

 

Батыс Қазақстан облысы,

Ақжайық ауданы 

Соңғы жаңалықтар

Қайырымдылықтың сауабы мол

Қоғам • Бүгін, 11:30

Протездеудің шебері

Маман • Бүгін, 11:10

Керек дерек

Digital • Бүгін, 11:00

Қайта жаңартылған көпір

Аймақтар • Бүгін, 10:45

Абдолла ақын ұлықталды

Тағзым • Бүгін, 10:35

Қаламгердің көзілдірігі

Таным • Бүгін, 10:25

Өлең боп өмір кешкен

Руханият • Бүгін, 10:05

Алаш дәрігері

Тұлға • Бүгін, 09:55

Сенім һәм ұрпақ тәрбиесі

Пікір • Бүгін, 09:45

Нияз батыр

Зерде • Бүгін, 09:40

Қарақұрт қаптап кетті

Мәселе • Бүгін, 08:50

Туған жерге тірек болар жоба

Шаруашылық • Бүгін, 08:40

Ауадан бензин жасаған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Кездейсоқ жаңалық

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:20

Пойыздағы арпалыс

Театр • Бүгін, 08:15

Пайдалы пластик

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:03