
Оған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметінің аса маңызды істер жөніндегі офицері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет полковнигі Жазира Жылқышиева және серіктестіктің басшылық құрамы мен журналистер қатысты.
«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы жиналысты ашып, кездесудің мақсат-мұратын айтып өтті. Сондай-ақ бұл басқосу жемқорлыққа қарсы күрес, оның алдын алу іс-шараларының жоспары аясында ұйымдастырылып отырғанын жеткізді.
Полковник Жазира Жылқышиева журналистерге жиынның мақсатын түсіндіріп, қоғамның «жегі құрты» саналған жемқорлықтың мемлекетке келтірер зияны туралы айтып өтті. Алдымен ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздеріне тоқталды.
– Біздегі жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері ең алдымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңнан бастау алады. Бұл заң 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен қабылданған «2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тұжырымдамасының» да 61 тармақтан тұратын жоспары бар. Бүгінгі таңда осы тұжырымдама жоспарының басым бөлігі орындалды. Яғни бүгінгі сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар сол стратегиялық құжат аясында жүзеге асырылып жатыр, – деді Ж.Жылқышиева.
Жазира Жақсылыққызы сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдері үдерісін, онымен күрестің жаңашыл тәсілдерін түсіндіріп берді.
– Заңда белгіленген әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық, сыбайлас жемқорлық белгілері бар, құқыққа қайшы іс-әрекеттің бәрі сыбайлас жемқорлық болып саналады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру 1998 жылы ТМД елдері арасында ең алғаш біздің елде қолға алынды. 2015 жылға дейін көбіне жазалау құқықтық шараларына басымдық берілген. Ал қазіргі заңнамада алдын алу, превенция шаралары негізгі басымдыққа ие, – дейді Жазира Жақсылыққызы.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет маманы бүгінде осы бағыттағы заң нормалары одан әрі күшейтіліп, яғни кінәлі тұлғаны бас бостандығынан айыру жазалары да қарастырылғанын атап өтті.
Жиын барысында Жазира Жақсылыққызы журналистер сұрақтарына жауап беріп, сыбайлас жемқорлықпен күрес төңірегінде қалыптасқан қоғамдық пікірге дәйекті көзқарасын білдірді.