
Өңірдегі егістік алқаптардың басым бөлігі – дәнді және майлы дақылдар. Астық дақылдары арасында бидай мен арпа негізгі орын алады. Кейінгі жылдары сұраныстың артуына байланысты майлы дақылға, әсіресе күнбағыс пен рапстың егіс көлемі ұлғайды. Бұл дақылдардан алынатын өнімдер ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа да шығарылады.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаевтың мәліметінше, көктемгі егіс жұмысы барлық ауданда басталған. Оған 12 900 техника жұмылдырылған. Биыл өңірде 753,1 мың гектар алқапқа (өткен жылмен салыстырғанда 3,6 мың гектар артық) ауыл шаруашылығы дақылдары егілмек. 46,2 мың тонна тұқым дайындалған. 27,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны да бөлінді.
Жуырда облыс әкімі Берік Уәли жұмыс сапарымен Бородулиха ауданына барып, өңірдегі ірі агроқұрылымдардың бірі – «Лазарев и К» ЖШС-нің көктемгі дала жұмыстары барысымен танысты. Өңір басшысы шаруашылықтың егіс алқабын аралап, ауыл шаруашылығы өндірісіндегі озық технологиялар мен жаңа тәсілдердің қолданылуына назар аударды. Қазір серіктестік өсімдік және мал шаруашылығын қатар дамытып отыр. Иелігінде 13 мың гектардан астам жері бар құрылымның 10 мың гектарына жуық бөлігіне биыл егін салынбақ.
«Шаруашылық майлы дақылдарды өңдеуге басымдық беріп, күнбағыс майын Қытайға экспорттайды. Биыл 4 000 гектарға күнбағыс, 6 00 гектарға зығыр және рапс егу жоспарланған. Дақылдардың сапасын арттыру үшін дрон арқылы себу тәсілі алғаш рет енгізілді. Келер жылы көктемгі ылғал толық кеппей тұрып, дәл осы әдіспен рапс егуге ниетті. Сонымен қатар ұсақ дәнді дақылдарды себуге арналған жаңа техника сатып алынған», дейді серіктестік мамандары.
Олардың айтуынша, серіктестікте мал шаруашылығы бағыты да қарқынды дамып жатыр. 1 500-ге жуық ірі қара мал бар. 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тұқымдық өңдеу мен органикалық тыңайтқыш енгізу жүйесі де жолға қойылған. Қытай мамандарымен бірлесіп күнбағыс буданын алу жолға қойылыпты.
Абай облысы,
Бородулиха ауданы