
Аталған кездесуде тараптар квазимемлекеттік сектордың сатып алу жүйесін өзара бірлесіп жетілдіру мәселесін талқылады.
«Самұрық-Қазына» өзінің сатып алу жүйесі арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау жұмыстарын қарқынды жүргізіп, оны үнемі жетілдірумен айналысып келеді. Қордың сатып алу жүйесінің бірқатар артықшылығы бар. Мысалы, ұлттық өнеркәсіпті дамытуға және өндірістегі жергілікті үлесті арттыруға бағытталған қолдау әдістері қарастырылған.
«Жүйенің тағы бір ерекшелігі: мемлекеттік сатып алуларда, көрші елдерде кездеспейтін бірегей 16-дан астам шара жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, қор жүйесінде отандық өндірушілерге сөзсіз басымдық беріледі. Алдын ала төлем, жедел төлем сияқты қызметтер бар. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілердің өнімдері жұмыс пен қызметтің құрамына енгізіледі. Сондықтан қазіргі сатып алу жүйесінің тиімді үлгісін сақтау маңызды», деді «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов.
2024 жылдың қорытындысы бойынша, бұл шаралар тиімділігін көрсеткен. Ұлттық әл-ауқат қоры отандық тауар өндірушілермен шамамен 1,1 трлн теңгеге келісімшарт жасасқан. Оның 494 млрд теңгесі – ұзақмерзімді ымыралар. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 76%-ға көп. Ал 2022 жылмен салыстырғанда отандық өндірушілерден тауар сатып алу көлемі 7 есе артып, биыл бұл көрсеткішті тағы 25%-ға көбейту жоспарланып отыр. Ал қаңтар-мамыр айлары аралығында отандық тауар өндірушілермен 433,3 млрд теңгеге келісімдер жасалған.
Бұл шаралардың тағы бір себебі – импортқа тәуелділікті азайту. Сол себепті, «Самұрық-Қазынада» отандық жаңа өндірісті құруға ерекше көңіл бөлінеді.
Бұл бағытта 2024 жылы 191 млрд теңгеге отандық өндірушілермен 348 офтейк-келісімшарт жасалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 есе көп. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, ел экономикасына 150 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланған.
Осы орайда, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов отандық өндірісті ұзақмерзімді тапсырыспен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда екенін айтты. Бұл – «Самұрық-Қазына» қоры мен ірі жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу саясаты аясында жүзеге асырылып жатқан жүйелі әдісі дейді ол.
«Бұл сандар жай ғана статистика емес. Ол – кәсіпорындардың, жұмыс орындары, салықтар мен шикізаттық емес сектордың жағдайын көрсетеді. Біз офтейк-келісімшарттар мен ұзақмерзімді шарттардың тиімді жұмыс істейтінін көріп отырмыз. Бұл – елдің экономикалық қауіпсіздігіне қосылған үлес», деді Энергетика министрі.
Қазақстан машина жасаушылары одағының төрағасы Мейрам Пішембаев та «Самұрық-Қазына» қоры енгізген офтейк-келісімшарттар тәжірибесін жалғастырудың маңызын атап өтті. Бұл тетік отандық өндірістерді жоспарлау мен қолдауда тиімділігін дәлелдеді дейді. Сонымен қатар ол қордың сатып алу платформасын мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай жүйесіне көшіру және квазимемлекеттік секторды бір орталықтан бақылау туралы пікірге алаңдаушылығын білдірді. Айтуынша, бұл әрекеттер отандық тауар өндірушілерге көрсетіліп жатқан қолдау шараларын тежеуі мүмкін.
«Біз офтейк-келісімшарттар тетігін енгізген «Самұрық-Қазына» қорының бастамасына қолдау көрсету керек деп санаймыз. Бұл – сұранысты қамтамасыз ету мен өндірістік қуаттарды дамытуға бағытталған маңызды қадам. Сонымен бірге, қордың қазіргі сатып алу үлгісін сақтап қалу маңызды, себебі ол отандық өндірісті дамытуға септігін тигізеді», дейді Мейрам Пішембаев.
Биыл «Самұрық-Қазына» компаниялары тобында 5 ай ішінде отандық тауар өндірушілермен 115 млрд теңгеге 148 офтейк-келісімшарт жасалған. Қазір 97 млрд теңгеге тағы 24 жоба дайындалып жатыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 210 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр.
Бұған дейін қордың сатып алу жүйесін Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі және Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы сияқты әлемдік алпауыт қаржы институттары халықаралық озық стандарттарға сай деп мойындаған.
Қордың портфельдік компаниясы – KEGOC «Самұрық-Қазынаның» сатып алу ережелерін қолданады. Соның арқасында Еуропа қайта құру және даму банкі ұлттық энергетика компаниясына қаржы бөліп, тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді өз рәсімдерімен емес, «Самұрық-Қазынаның» ережелері бойынша сатып алуға рұқсат берген.
Осылайша, 2025 жылы «Самұрық-Қазына» қоры отандық өндірісті тиімді қолдау және экономиканың негізгі салаларына стратегиялық инвестиция тарту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр.
Жансая Қапасқызы