
Мазмұнды жиынның ашылуында NU президенті, профессор Вакар Ахмад климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаның деградациясы аясында тұрақты энергетикалық шешімдер өте маңызды екенін жеткізді.
«Жаңартылатын энергия көздері саласындағы білім мен зерттеулер — негізгі міндетіміздің бір бөлігі. Сондықтан біз күн, жел және таза энергияның басқа да түрлері саласында инновациялық технологияны әзірлейтін болашақ көшбасшыларды даярлап жатырмыз», деді ол.
Симпозиумда ғалымдардың 46-дан астам баяндамасы тыңдалды. Онда күн батареялары, биомасса, сутекті өндіру және сақтау, кванттық қосымшаларға арналған топологиялық материалдар туралы сөз болды. Сонымен қатар іс-шара аясында қонақтарға отандық ғалымдардың осы саладағы ғылыми әзірлемелері ұсынылды. Әсіресе оларды NU жанындағы Жаңартылатын энергия көздері зертханасы ғалымдары дайындаған икемді электроника мен биосенсорларға арналған кеуекті полимерлер ерекше қызықтырды. Бұл материал деформацияға төзімді әрі киілетін құрылғылардың тиімділігін арттырады. Сондай-ақ биомасса материалымен жұмыс істейтін топтың аға ғылыми қызметкері М.Шаймарданның жетекшілігімен жасалған фурфурал (жүгері құлақтарынан алынған органикалық қосынды) негізіндегі гипертонияға қарсы дәрі де ұсынылды. Фурфурал АҚШ Энергетика министрлігінің нұсқасы бойынша ең перспективалы биозаттардың бірі саналады.
Бір жағынан, NU жанындағы Жаңартылатын энергия көздері зертханасының басшысы, профессор Нұршат Нұражының айтуынша, мұндай жиын ғалымдардың бір-бірімен тәжірибе алмасып, бірлескен зерттеулерді дамытуға пайдасы мол.
Ал Батыс Шотландия университетінің профессоры Моджтаба Мирзаэян біздің ел ғылымының белсенді дамуына тәнті болғанын жеткізді.
«Қазақстаннан келген талантты студенттер Шотландия және Оксфордтағы зертханамда тағылымдамадан өтіп, үздік нәтижелер көрсетті», деді ол.
Қысқасы, симпозиум NU-дың өңірлік ғылыми хаб ретіндегі орнын нығайта түскенін тағы бір дәлелдеді.