
Ол 1922 жылы қазіргі Түркістан облысы Түлкібас ауданының Бірлік ауылында дүниеге келген. Білімге құштар жас талап 1939 жылы Алматы теміржол техникумына оқуға түседі. 1941 жылы соғыс басталғанда әскер қатарына алынып, алғаш Петропавлдағы әскери әуе күштері, кейін Қазалыда жаяу әскер курсында оқиды. Кешікпей Мәскеуді неміс-фашист басқыншыларынан қорғаған 8-гвардиялық (бұрын 316) атқыштар дивизиясының Б.Момышұлы басқаратын полкі сапына жіберіледі.
Бір күні Нұрлыбай полк командирімен бетпе-бет келіп, «Ассалаумағалейкум!» деп қазақша сәлем береді. «Әлейкумассалам! Қайдан келген қазақсың?» депті Баукең. «Түлкібастың азаматымын, аға!» дейді жауынгер. «Қоянды қамыс, жігітті намыс өлтіреді», намысыңды найзағайға жанып, нағыз ерлерше шайқас!» дейді командир қатулана сөйлеп. «Құп болады, жолдас командир, зұлым жаумен қасық қаным қалғанша соғысамын!» депті Нұрлыбай.
Полк командирі Бауыржан Момышұлының қолбасшылық аманатын, ағалық өсиетін жүрегінде бойтұмардай сақтап, зұлым жаумен жан аямай шайқасқан Нұрлыбай Тұңғышбайұлы жерлес қаһарман туралы көп қызық дерек айтатын...
1942 жылдың қақаған қысы. Қаһарман 8-гвардиялық дивизия Мәскеу маңындағы жау басып алған елді мекендер босатуға кіріскен кез. Бір күні Б.Момышұлы қарамағындағы әскери басшылар Трошково жаққа барлаушылар жіберіп, мықты бекіністе жатқан жаудың қарулы күшін, алдағы жоспарларын анықтау керек деп шешеді. Дереу полктан барлаушы тобын жасақтап, оларға немісше білетін бір тілмашты қосады. Ішінде жаңадан келген жас жауынгер Нұрлыбай Қасымбеков те болады.
Бұлар сол түні Трошково деревнясынан өте ептілікпен екі неміс офицері мен екі солдатын ұстап қайтады. Әкелген құжаттан фашистердің маңызды әскер жоспары шығыпты. Одан әрі жайғасқан бес селодағы мұздай құрсанған неміс құрамалары туралы мәлімет алынады.
Жауынгер Нұрлыбай Қасымбековтің майдандағы тағы бір ерлігі мынадай: 8-гвардиялық дивизия, оның ішінде Б.Момышұлы басқаратын 1073-полк (кейінгі 19) Холмға таяғанда дұшпандардың тегеурінді қарсылығына ұшырайды. Бірнеше дзот орнатқан неміс басқыншылары ештеңеден тайынатын емес. 7-ротаның бір бөлімшесі жау дзотын талқандауға жіберілді. Міне, бар болғаны жеті адамы қалған осы бөлімшенің құрамында Нұрлыбай Қасымбеков те бар еді.
1942 жылдың соңында Нұрлыбай Қасымбеков химзауытқа қызметке жіберіліп, көп ұзамай сержант атағын алады. Кескілескен шайқастардың бірінде Нұрекең басынан қатты жараланып, №2752 дала госпиталіне түседі. Сол жарақаттан аман-есен жазылған гвардияшы Нұрлыбай Қасымбеков 1943 жылы бөгеу отрядына қызметке жіберілді. Бұл бөгеу жасақтарының негізгі міндеті – жауынгерлердің ұрыс даласына кіруін тексеріп, әскерлердің орынсыз шегінуіне тосқауыл қою. Отряд тылға қарай өтетіндерді, мейлі генерал, мейлі қатардағы офицер болсын, қатаң тексеретін. Нұрлыбай Қасымбеков бұл жұмысты да абыроймен атқарды. Майданға қайта түскен сәтте екінші рет жараланады. Емделіп шыққан соң оны полк штабы арнайы жолдамамен Камышинск командалық жаяу әскер училищесіне оқуға жіберді.
Оқуы аяқталғанда соғыс та соңғы нүктесін қойған еді. Нұрлыбай Қасымбеков 1946 жылы лейтенант әскери дәрежесінде елге қайтты. Қалған бүкіл өмірін ұстаздық қызметке арнаған ол Абайыл ауылындағы мектепті 40 жыл басқарып, абыройлы педагогке айналды.
Қазақстан Үкіметінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі №360 қаулысына сәйкес, соғыс және еңбек ардагері, Қазақстанның үздік педагогі, марқұм Нұрлыбай Қасымбековтің есімі өзі басқарған мектепке және ауылдағы көшеге берілді.
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Абайыл теміржол бекетіндегі мектепте майдангер-педагог Нұрлыбай Тұңғышбайұлының өмірі мен қызметіне арналған «Ғибратты ғұмыр» мұражайы ашылды. Салтанатты іс-шараға Алматы, Астана, Түркістан, Шымкент, Тараз қалаларынан ел ағалары мен мемлекет қайраткерлері, ұстаздар, жастар қатысты.
Жеңіс пен мәдениеттің салтанаты мемлекеттік Әнұранмен басталды. Алғаш сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай Екінші дүниежүзілік соғыстың тағылымы мен Қазақстан жауынгерлерінің ерлігіне тоқталды. Нұрлыбай Тұңғышбайұлының ауданның білім саласын дамытудағы еңбегін айтты.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Жеңістің 80 жылдығы аясында облыс көлемінде атқарылып жатқан шараларды атап өтіп, Н.Қасымбеков мектебі мұражайының жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру бастамаларын қолдауға даяр екенін жеткізді.
Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев майдангер Нұрлыбай Тұңғышбайұлы мен жұбайы, «Батыр ана» Болай Мәткәрімқызы екеуі мыңдаған шәкірт тәрбиелеп шығарғанын тілге тиек етті. «Ашылып отырған мұражай жас ұрпаққа игі пайдасын тигізеді деп сенеміз», деді Асқар Сұлтанұлы.
Майдангер-ұстаздың перзенті Сәтбай Нұрлыбайұлы жиналған жалпы көпшілікке алғыс білдіріп, әке өмірінен қызықты өмірлік деректер айтып берді. Мұражай лентасын мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай мен аудан әкімі Асқар Естібаев қиды.
Кабинет жүйелі безендіріліпті. Кіреберісте Д.Қонаев, И.Панфилов, Б.Момышұлы, портреті ерекше көз тартады. Төрде Н.Қасымбековтің бюсті, жауынгер-педагогтің жазу үстелі, орындығы, сиясауыты мен қаламдары, кітаптары, жазу машинкасы қойылыпты. Оң қапталдағы шыны шкаф-сөрелер – өзінше бір әлем. Солдаттың су ішетін флягі мен ас ішетін котелегі, қасығы, шинелі мен тоны, пилоткасы мен құлақшыны осы араға жайғасқан. Кейінгі сөреде майдангер орден-медальдары, құрметті атақтары, мақтау қағаздары, ол кісі туралы деректі кітап қойылыпты. Келесі сөреде білім саласының ардагері, 10 баланың анасы Болай Мәткәрімқызының алтын жұлдызы, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісі, басқа да марапаты, камзолы мен тұтынған тұрмыстық бұйымдары (самауыр, ыдыс-аяқ, «Зингер» тігін машинасы) тұр.
Мұражайдың сол жақ қабырғасындағы стендтер ерлі-зайыпты ұстаздардың өмірінен, педагогтік қызметінен сыр шертеді. Ұл-қыздарының бәрі – абыройлы, еңбекқор азаматтар. Тұңғышы Пернайым ҚазМУ-дің химия факультетін бітіріп, Алматыда ұзақ жыл ұстаздық, басшылық қызмет атқарса, екінші перзенті Сәтбай ҚазПИ-дің тарих мамандығын тәмамдап, мемлекеттік қызметте болды. Үшінші перзенті Жақсыбай Нұрлыбайұлы – әйгілі Н.Э.Бауман атындағы МВТУ түлегі, техника ғылымдарының докторы, профессор, салалық академияның академигі. Кейінгілері Өсербай мен Сәбит политехника институтын, Бақытбай теміржол институтын, Марат технология институтын, Нүрия Ленинград экономика институтын, Талғат Қырғыз мемлекеттік университетін, Манат медицина институтын бітірген. Пернайым, Нүрия, Манат өмірден ерте озды. Бірақ соңында өшпес із қалды. Кенжесі Сәбит Нұрлыбай еліміздің Бас прокуратурасы комитетінің төрағасы, шені – генерал. Осының бәрі – ұлт, отбасы-әулет қадір-қасиетін ойлаған ата-ана тәрбиесінің жемісі.
Сол күні Түлкібас ауданының орталығы Тұраркент стадионында футбол мен шахматтан майдангер-педагог Нұрлыбай Қасымбековті еске алуға арналған дәстүрлі 25-турнир өткізілді. Аруақтарға Құран бағышталып, ас берілді.
«Ер есімі – ел есінде» деген осы болса керек.
Мырзахан АХМЕТОВ,
журналист