
Аталған мәдени жоба алғаш рет 2023 жылы дүниеге келген болатын. Сол кезде де әр аймақтан келген суретшілердің туындылары бір алаңда тоғысып, көрме үлкен қызығушылық тудырды. Ал биылғы биенналенің ерекшелігі – өңірлердегі талантты авторлардың басын қосу.
«Бұл – біз үшін өте маңызды жоба. «Qazaq Content» көрмесін бір жыл бойы дайындадық. Екі жыл бұрын осы атаумен алғаш рет көрме өткізген едік, онда түрлі суретшілердің жұмыстарын біріктірдік. Биылғы ерекшелігі – барлық өңірлерді аралап, шығармашылық деңгейі жоғары, бірақ ірі галереяларда көрмеге шығу мүмкіндігі шектеулі суретшілерді арнайы таңдадық. Бүгін сіздер осы еңбектің нәтижесін көресіздер», деді Лейла Махат.
Көрмеге еліміздің әр өңірінен келген бірқатар танымал және дарынды суретшілер қатысты. Атап айтсақ, Көкшетау қаласынан Наталья Булгакова, Владимир Быстрицкий, Дужан Мағзұмов, Ринат Әбенов, сондай-ақ Ақтөбе қаласынан Ильсуяр Казакова, Алматыдан Оралбек Кабоке, Орал қаласынан Табиғат Қожанбаев, Шымкенттен Ербол Зиябеков, Қызылорда қаласынан Оспан Әли бар.
Іс-шара аясында ерекше орын алған жоба – фотограф Оспан Әлидің «Ğasyr» атты фотокеңістігі болды. Бұл – 1 жастан 100 жасқа дейінгі кейіпкерлерді қамтитын, замана мен адамның өзара байланысын көрсететін ауқымды көркем зерттеу.
Куратор Лейла Махат бұл идеяның қалай туғанын айтып өтті. «Ғасыр» жобасы алғаш ойыма ұшақта отырғанда келді. Астанаға келген бойда бұл идеяны фотограф Оспан Әлиге айттым. Алғашында ол таңғалды. Бірақ көп ұзамай Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, 1 жастан 100 жасқа дейінгі түрлі жастағы кейіпкерлерді фотообъективке түсіруге кірісті», деді ол.
Фотограф Оспан Әли аталған серияны жасақтаудың оңай болмағанын тілге тиек етті.
«Бұл жобаны жүзеге асыру оңай болған жоқ. Еліміздің әр өңірінен әртүрлі адамдарды кездестірдім. Олардың әрқайсысының өмірге деген көзқарасы, ішкі күйі – мүлде бөлек. Мұны фотосуреттерден анық байқауға болады. Біз дәл қазір осы ғасырдамыз. Бұл – біздің ғасырымыз. Бұл адамдар – біздің ұлтымыздың бет-бейнесі», дейді автор.
Жоба дәстүрлі көрме форматымен ғана шектелмей, жасанды интеллект көмегімен арнайы жазылған ән мен цифрлық элементтермен толықтырылды.
Жібек БОЛЫСБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті