
Фото: ашық дереккөз
Бұл жаңашылдық рәсімделген пошта жөнелтілімдеріне — яғни, жай, тапсырыс хаттар мен бағаланған сәлемдемелерге қатысты. Алайда ақша аударымдары мен төлеммен жіберілетін сәлемдемелер бұл тізімге кірмейді.
Жаңа жүйе бойынша, пошта жөнелтілімі дайын болғанда алушының байланыс нөміріне арнайы код жіберіледі.
Алушы бұл кодты үшінші тұлғаға бере алады — мысалы, туысқанына немесе әріптесіне. Олар пошта бөлімшесіне барып, QR-кодты сканерлеу немесе PIN-кодты операторға айту арқылы жөнелтілімді еш қиындықсыз ала алады. Қосымша құжат немесе сенімхат қажет етілмейді.
-Жөнелтілімдерді үшінші тұлғаға беру — PIN-код немесе штрих-код (QR) арқылы растау негізінде жүзеге асырылады,- делінген министрлік бұйрығында.
Алайда мамандар қауіпсіздікке ерекше мән беруге шақырады. QR немесе PIN-код арқылы алу құқығы заңды түрде алушының жауапкершілігінде қалады. Яғни, кодты бөгде адамға беру — тек алушының еркімен және сенімімен жүзеге асырылады.
13 маусымнан бастап Қазақстанда пошта алу тәртібі цифрлы форматта жаңа деңгейге өтеді. Енді сәлемдемені міндетті түрде өзіңіз барып алудың қажеті жоқ — бұл уақыт үнемдеуге, логистика мен қызмет сапасын арттыруға бағытталған жаңашылдық.
Министрлік азаматтарды жаңа ережемен алдын ала танысып, кодты қауіпсіз сақтау қажеттігін ескертеді.
Арайлым МЫРЗАХАН, ЕҰУ 2 курс студенті