
Қызметтік иттер еліміздің түкпір-түкпірінде іздеу-құтқару жұмыстарында маңызды рөл атқара отырып, азаматтық қорғаныс жүйесінің ажырамас бөлігі болып қала береді. Өткір инстинктігінің, төзімділігінің және ең қиын жағдайларда әрекет ету қабілетінің арқасында кинологиялық есептоптар табиғи және техногендік ортада адамдарды табу міндеттерін орындайды.
Еліміздің әртүрлі аймақтарында қызметтік иттердің төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге дайындығы арнайы сертификаттау сынақтары арқылы тексеріліп, сәтті аяқталды.
Ақмола облысында неміс овчаркасы Диггер және бельгиялық овчаркалар Аксель мен Гера сынақтардан сүрінбей өтті. Бұл иттер мен олардың кинологтары барлық тапсырмаларды тиімді орындап, «А» санатындағы операцияларға қатысу құқығына ие болды.
Алматы облысы мен Алматы қаласында Эйс, Лада, Альфа есімді бельгиялық овчаркалар мен Арлан атты неміс овчаркасы жоғары іздеу қабілеттері мен кинологтарымен өзара жұмыс үйлесімділігін көрсетіп, сынақтан сәтті өтті.
Шығыс Қазақстан облысында төрт кинологиялық топ сертификаттаудан өтіп, Хит, Миллениум Стар, Источник Счастья Кьянти және Источник Счастья Виллингтон есімді лабрадорлар нақты жағдайға ұқсас ортада — үйінділер мен кедергілер арасынан зардап шеккендерді табу тапсырмасын орындады.
Жетісу облысында ТЖД жедел-құтқару жасағы базасында кедергілерден өту, орман мен қираған ғимараттарда іздеу жаттығулары өтті. Барлық иттер мен кинологтар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, операцияларға қатысуға лайық деп танылды.
Батыс Қазақстан облысында Джессидің қызметтік иті барлық тапсырмаларды толық және сапалы орындап шықты.
Қызылорда облысында Рапита мен Яра атты бельгиялық овчаркалар және Коди есімді голден-ретривер тыңдау мен икемділікке қатысты жаттығуларда жоғары нәтиже көрсетіп, «А» санатына сәйкес келетінін дәлелдеді.
Қостанай облысында екі топ табиғи және жасанды ортада үздік нәтиже көрсетіп, барлық кезеңнен табысты өтті.
Маңғыстау облысында неміс овчаркасы Гермес пен бельгиялық овчарка Найза жоғары дайындықтарын көрсетіп, сынақтан сүрінбей өтті.
Павлодар облысының Екібастұз қаласындағы жедел-құтқару жасағында Ради мен Санти атты жас иттер алғаш рет сынаққа қатысып, барлық кезеңде үйлесімді жұмыс көрсетіп, сенімге ие болды.
Шымкент қаласында лабрадор-ретривер Берта, бельгиялық овчарка Ева және Арчи есімді иттермен жұмыс істейтін есептоптар да өздерінің кәсіби дайын екендігін дәлелдеп, сертификат алды.
Бұл сынақтар кинологиялық есептоптардың құтқару жұмыстарындағы кәсіби деңгейін тағы бір мәрте көрсетті. Бұл иттер — төтенше жағдай туындағанда алғашқы көмекке келетін, адам өмірін сақтауға арналған маңызды құрал болып отыр.
Олар — уақытпен жарыса әрекет ететін, көптеген адам өмірін құтқаруға үлес қосқан нағыз төрт аяқты батырлар.