
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі
Керқұландар – Прага зоопаркі мен мажар Hortobágy ұлттық паркінен әкелінді. 2 маусым күні төрт жылқыдан тиелген екі әскери ұшақ Чехия мен Мажарстан елдерінен ұшып шығып, 3 маусым күні таңға таяу уақытта Арқалық әуежайына келіп қонды. Жануарлар «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы жабайы тұяқтыларды реинтродукциялау орталығына тағы 5 сағат жол жүрді. Олар осындағы кең қашаларда бір жыл ұсталады да, кейін жабайы табиғатқа жіберіледі. Орталықта жылқыларды жайғастыратын қажетті инфрақұрылым мен күтіп қарайтын мамандар бар.
Айта кетелік, бірінші топ 7 бас керқұлан Қазақстанға 2024 жылы маусымда келген болатын. Орталықтың мамандары мен мал дәрігерлері жыл бойы жабайы жылқыларды бақылады. Жануарлар алғаш рет Торғай даласындағы -30 °C аязды қысын аман-есен қыстап шықты, үйренді, қажетті ветеринарлық тексерулерден өтті.
Айталық, Пржевальский жылқысы (Equus przewalskii Poljakov) 2021 жылы Қазақстандағы сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төніп тұрған өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің тізіміне енді.
Толығырақ Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми сайтында.