
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Жиынның ашылуында сөз алған Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин көпжақты диалогті нығайту маңызды деп, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы байланыс қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
– Барлық жүзеге асырылған және болашақ реформалар мемлекеттігімізді нығайтуға, барша азаматтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Сондықтан жүргізіліп жатқан саяси бағыт салмақты қоғамдық қолдауға ие. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнама деректеріне сәйкес, Қазақстанда азаматтардың 73,3 пайызы, ал Қоғамдық саясат институтының дерегі бойынша азаматтардың 79,5 пайызы еліміз дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп санайды. Бұл еліміздегі мемлекет пен қоғам бірігуінің жоғары деңгейін білдіреді, – деді Е.Қарин.
Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші таяуда Астанада өтетін «Қытай – Орталық Азия» саммитінің екінші отырысы осының бір дәлелі екенін айтты. Ерлан Қариннің айтуынша еліміз бен Қытай арасындағы ықпалдастық күшейе түскен.
Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының президенті Гао Сян Қытай мен Орталық Азия аналитикалық орталықтарының форумы екіжақты механизм аясында құрылғанын және оның гуманитарлық байланыстарды нығайтуда, қоғамдық диалог орнатуда және прагматикалық ынтымақтастықты ілгерілетуде маңызды рөл атқаратынын айтты.
– Болашақта біз білім беру, туризм, БАҚ, аналитикалық орталықтар, жастар мен мәдени қауымдастықтар, археология және спорт салаларында өзара әрекеттесу әлеуетін аша түсуіміз керек. Үкіметтер, бизнес, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар қатысатын көпдеңгейлі ынтымақтастық алаңдарын құруымыз қажет, – деді Гао Сян.
Ал ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов жаһандық тұрақсыздық жағдайында аналитикалық қауымдастық мемлекеттер мен қоғам арасындағы көпір рөлін атқара отырып, барған сайын маңызды бола түскенін атап өтті.
– Бүгінгі таңда жаңа әлемдік тәртіп қалыптасып жатыр. Жаһандық дауыл басылар емес, қайта күшейіп келеді. Бірақ шын мәнінде, бұл – дипломатия мен халықаралық қатынастар зерттеушілері үшін алтын дәуір, – деді ол.
Е.Тұқымовтың айтуынша, «Орталық Азия – Қытай» форматы аясындағы байланыстың жетістіктері аз емес. Олардың қатарында тауар айналымының артуы, Хатшылықтың іске қосылуы және гуманитарлық байланыстардың жандануы бар. Ал Орта дәліздің стратегиялық маңызы ерекше, бұл – жай ғана маршрут емес, болашақтағы аймақаралық экономикалық артерия. Сондай-ақ ол көлік дәліздерін дамыту, кадр даярлау және климаттың тұрақсыздығы жағдайындағы су қауіпсіздігі мәселелері ынтымақтастықтың үш негізгі бағыты екенін атап көрсетті.
– Елдеріміз арасындағы бизнес деңгейіндегі орнықты байланыс пен сенім ынтымақтастық көкжиектерін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Біз жасанды интеллект, биотехнологиялар, кванттық есептеу, технопарктер мен зерттеу орталықтарын құру бойынша бірлескен жобаларға мүдделіміз, – деді ҚЗСИ басшысы.
ҚҚҒА-ның Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының директоры Сунь Чжуанчжи күрделі және тұрақсыз халықаралық ахуал жағдайында Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы тату көршілік пен достық қарым-қатынастардың тұрақты өсу үрдісін сақтап отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол алдағы «Қытай – Орталық Азия» саммитіне тоқталып, бұл іс-шара екі тараптың ынтымақтастығы үшін маңызды мәнге ие екенін, ұзақмерзімді стратегиялық даму бағытын айқындайтынын және Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті тереңдетуге жол ашатынын атап өтті.
– Әлемге тұрақты Орталық Азия, гүлденген Орталық Азия, үйлесімді Орталық Азия және бір-бірімен байланысқан Орталық Азия қажет, – деген Сунь Чжуанчжи «Бір белдеу – бір жол» бастамасы мен өңірлік серіктестік механизмі аясындағы ынтымақтастық пен стратегиялық жоспарлауды нығайту қажет деген пікірде.
Сондай-ақ форумда сарапшылар Орталық Азия мен Қытай ынтымақтастығының стратегиялық архитектурасын құрайтын жүйелілік, ашықтық және ортақ мүдделер, транзиттік дәлізден экономикалық хабқа дейінгі болашағы зор салалар мен жобалар, технологиялық ынтымақтастық, цифрландыру, жасанды интеллект және инновациялық экожүйелерді дамытуға ден қою қажеттігін айтты. Оған қоса Қытай мен Орталық Азия арасындағы серіктестіктің жаңа деңгейге аяқ басудағы институционализацияға, қауіпсіздік мәселелеріне, технологиялық, көлік-логистикалық ынтымақтастыққа, сондай-ақ адам капиталын дамытуға да ерекше назар аударылу қажет.
Форумды Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ), Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты (ҚҚҒА) ұйымдастырды. Оған Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінен жетекші аналитикалық орталықтардың, мемлекеттік құрылымдардың, ғылыми мекемелер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қытай мен Орталық Азия елдерінің «ақыл-ой орталықтары» форумдары 2021 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл сарапшылық қауымдастықтың саяси деңгейде шешімдер қабылдауға ықпал етудегі рөлінің артқанын көрсетеді.