Айбын • 04 Маусым, 2025

Айбынымыздың нышаны

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Рәміз­дер күні қарсаңында Қостанай тұрғындары Елтаңба авторы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Жандарбек Мәлібековпен кездес­ті.

Айбынымыздың нышаны

Көрнекті сәулетші алдымен Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсант­та­рымен жүздесті. Академия ұжымы алаңға сап түзеп, Мемлекеттік рәміздерге құрмет рәсімін өткізді. Салтанатты жиында академия бас­тығы, полиция генерал-майоры Ақынқали Дәрменов сөз сөйлеп, қа­дірлі мейманға оқу орны ұжымының атынан алғыс айтты.

«Бүгін – біз үшін айрықша күн. Мемлекеттік елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібекұлын академия қабырғасында қарсы алып, құрмет көрсету – біз үшін үлкен мәртебе. Сіздің қолыңыздан шыққан Елтаңба – ел тарихы мен руханиятының, ұлтымыздың мәдениеті мен болмы­сы­ның айшықты бейнесі. Бұл – еге­мендігіміздің, бірлігіміз бен айбы­нымыздың нышаны. Сіздің осы бағыт­тағы еңбегіңіз – ұрпаққа үлгі боларлық баға жетпес мұра», деді академия бастығы.

Жандарбек Мәлібеков курсанттарға Елтаңбаның идеялық мазмұны, тарихи тамыры мен көркемдік ерекшелігі жа­йында әңгімелеп берді.

«Еліміздің ертеңі, болашақтың кілті осында сап түзеп тұрған жас сарбаздардың қолында. Сіздерге осыны жете түсініп, сапалы білім алып, болашақта елге адал қызмет ету – парыз. Ата-бабамыз аңсаған, Алаш арыс­тары армандаған тәуелсіздігіміз мәңгі жасасын! Өңірлеріңіз өркендеп, еліміз гүлдене берсін. Ол үшін жас­тар білімді, саналы, елжанды болуы қажет. Білім мен еңбек жолында аянбай тер төгіп, ел мүддесі үшін қызмет етіңіздер», деді Ж.Мәлібеков.

Елтаңба авторы одан кейін Ыбырай Алтынсарин атындағы музейге барып, жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Басқосуда Елтаңбаның жасалу тарихы, ұлттық сәулет өнері тура­лы әңгіме болды. Қадірлі мейман Алаш баласы үшін қастерлі дүниеге айналған Елтаңба бедерінде көрініс тапқан нышандарға тоқталып, әр белгінің нендей мағына беретінін айтып берді.

Кеш соңында Жандарбек Мәлібеков Ыбырай Алтынсарин музейіне «Қазақ­­стан Елтаңбасы» кітабы мен Елтаңба төсбел­гісін тарту етті.

Елтаңба авторы келесі күні мемле­­кет­тік қызметшілерге рәміздерді дұрыс пайдалану, орнату, орналастыру тәртібі жөнінде семинар өткізді. Іс-шара барысында мемлекеттік рәміздердің шығу тарихы, қазіргі қолданыстағы жағдайы, мемлекеттік рәміздерді жасап шығаратын кә­сіпорын­дардың жұмыс сапасын бақы­лау мәселелері талқыланды.

«Мемлекеттік рәміздерді да­йындауда сапа мен барлық талаптың сақталуына ерекше көңіл бөлеміз. Ең бастысы, тапсырыс беруші техникалық сипаттаманы дұрыс тол­тырып жіберуі қажет. Өйткені кейде дұрыс тол­­ты­рылмаған құ­жаттардың салдарынан біздің аты­мызға жағымсыз пі­кірлер айтылып қалып жатады. Біз жұмысымызды сол құжат негі­­­зін­де ғана жүргіземіз және оған ешқандай өзгертулер енгізбейміз. Қазіргі технологиялар өте дамыған, автоматтандырылған құ­­­рылғылармен жұмыс істейміз. Бұл бізге өнімнің сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді мемлекеттік рәміздерді дайындап шығаратын жеке кәсіпкер Жандос Тынымбаев.

Семинарға қатысушылардың айтуын­­ша, Техникалық реттеу және метро­логия комитеті мемлекеттік рә­міз­­дер­ге қатысты мемлекеттік бақы­лау­ды тұрақты жүргізеді. Қандай да бір кемшілік анықталса, тиісті түзету енгізу үшін ескертпе беріледі.

«Жыл сайын белгіленген кестеге сай рәміздерді қолдану бойынша стандарттарды түсіндіру және мониторинг жүргізу жұмыстарын жүзеге асырамыз. Біздің мекемеде 988 стандарт бекітілген. Өндірушілердің техникалық жабдығының болуы, лицензияларының бар-жоғы тек­­серіледі. Сонымен қатар сызықтар мен өлшемдерге, түсі мен сапасына қойылатын талаптар қатаң бақы­­ла­нады. Мемлекеттік елтаңбаның са­па­сына жауапкершілікпен қоса, стандарт талаптарын да өндірушілер сақ­тауға міндетті», дейді Техникалық реттеу және метрология комитеті Қостанай облыстық департаментінің басшысы Нұргүл Шодорова.

Семинар барысында мемлекеттік рәміздер заң белгілеген талапқа сәйкес келмесе, 20 АЕК-тен 900 АЕК-ке дейін айыппұл салынатыны айтылды. Алайда соған қарамастан, аталған та­лапты әлі де сақтай бермейтін меке­мелер кездесіп қалып жатады. Сон­­дық­тан жиынға қатысушылар мем­ле­кеттік рәміздерге қатысты бір­келкі та­­лаптарды қамтитын жадынама шы­­ға­ру керек деген ұйғарымға келді.

Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов Елтаңба авторына бүкіл облыс тұр­ғын­дарының алғысын жеткізіп, мұн­дай тағылымды іс-шаралардың көп­шіліктің көкейіне Отанға деген сүйіс­пен­шілік, мемлекетшілдік рухын орнық­ты­ра­ты­нын айтты.

 

Қостанай облысы