
Ербол Шаймерденовтің көзін көргендер, әріптес болып, ұлт руханиятын түгендеу жолында иық тірестіре бірге еңбек еткен жандар оны тұңғыш рәмізтанушы ғана емес, өзге де салаларда тұңғыш екенін ерекше ықыласпен еске алады.
Ербол Шаймерденұлымен тонның ішкі бауындай араласқан жазушы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбай Е.Шаймерденовті зиялы қауым ғана емес, сонымен қатар туған елінде де жерлестері зор құрмет көрсетіп, сағынышпен еске алатынын айтып берді.
«Біз өткен жылы Ерболдың жетпіс жылдығын тойладық. Жай ғана тойлап қойғанымыз жоқ. Оның туған жерінде, өзінің балалық шағы өткен ауылында болып, оның сыйлы екеніне тамсанып, жақсы көретін елі бар екеніне көзіміз жетті. Марқайып қайттық. Жаңажол ауылында бір көшеге Ербол Шаймерденовтің есімі берілді. Жалпы, Ербол туралы тоқтамай айтуға болады. Кейде бір еске алу іс-шараларында сөзіміз бір-екі минуттан кейін тұйықталып қалады да, әрі қарай не деріңді білмей қаласың. Ал Ербол туралы таң атқанша әңгімелеуге болады. Өйткені оның халыққа, тәуелсіздікке сіңірген еңбегі зор. Бізде кез келген адамның адресіне айтылмайтын, айтулы тұлғаларға ғана қарата қолданылатын «тұңғыш» деген бір сөз бар. Сол айтпақшы, Е.Шаймерденұлы – қазақтың тұңғыш рәмізтанушысы. Тоқсаныншы жылдардың басында баспасөз хатшысы деген бір жаңа маман пайда болды. Сонда Ербол тұңғыш рет Президенттің баспасөз хатшысы қызметінің тізгінін қолына алды. Үшіншісі, афоризмдерімізді тұңғыш жинақтаушы. Ерекең елімізде шашылып жүрген даналық антологиямызды, бірнеше ғасырға татитын сөз маржаны – афоризмдерді жинақтап, бәрін бір ізге түсіріп, кітап етіп шығарды», дейді Қ.Жиенбай.
Жазушы Қ.Жиенбай Е.Шаймерденұлының рәмізтанушылық қыры ғана емес, сонымен қатар ақындығы, аудармашылығы, жазушылығы, көптеген тамаша әнге сөз жазған ақындық шеберлігі келешекте де айтыла беретін әңгіменің негізгі тақырыптары болуға тиіс екенін атап өтті.
«Е.Шаймерденұлын қазақтың үлкен жазушылары ерекше жақсы көрді. Бір ғана мысал айтайын. Еліміздің Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов Ерекеңмен жас айырмашылығы отыз жыл болса да, жасы кіші демей, қасында Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, Смағұл Елеубай сынды марқасқа жазушылар жүрсе де, өзінің «Қан мен терінің» жаңа басылымының алғы сөзін осы Ерболға жаздырды. Әбіш ағамыз айтпақшы, Ә.Нұрпейісов өте бір кірпияз адам еді ғой. Сол кісінің таңдауы неліктен Ерболға түскеніне әлі күнге таңым бар. Ал Ерекең әйгілі романның алғы сөзін құнттай етіп, шығарманың бар болмысын ашып, жазушының бүкіл шығармашылығын әйгілеп жазып берді», дейді жазушы.
Е.Шаймерденов туралы жақсы лебіз білдіріп, ол кісіні сағынышпен еске алатындардың қатары аз емес, әрине. Себебі ақындығы бір төбе болса, азаттықты енді алған еліміздің мемлекеттік тілін дамыту қызметінде де тынбай еңбек еткендердің бірі осы кейіпкеріміз еді. Ал сол кезде Ербол Шаймерденұлымен қызмет еткендердің бірі, Сенаттың бұрынғы депутаты, қоғам қайраткері Ләззат Сүлеймен тіл мәселесін жүйелеу оңайға соқпағанын жеткізді.
«Астананы, жалпы, орталық және Солтүстік Қазақстанды қазақтандыру көбіміз сияқты Ерекеңнің де өмірлік арманы, миссиясы болған. Ол кезде ономастикалық комиссиядағы, Тілдерді дамыту департаментіндегі жұмысымыз мәдени майдан сияқты еді. Таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп жататынбыз. Тіпті Алматы мен қазіргі елорданың арасында шапқылап жүріп, астананың атын Астана етіп бекітіп, арасында «Арман қала» әнін де шығарып үлгерді. Сол кездерде Ербол Шаймерденұлы қырық бес пен елудің арасындағы нағыз ердің жасына жетіп, кемеліне келген, жүзінен нұр тамған кісі еді. Сондықтан да ол кісінің еңбегін көрдік, бағаладық және жанында жүргенімізді ерекше мақтан етеміз. Мені маман ретінде бағалап, Астананың көшелерін аралап, әр дүкенге, дүңгіршекке шұқшиып, жазылу заңдылығын қарап, тілді түзеуге барынша жанын салды. Ол кісінің астананы қазақтандыруға үлкен еңбек сіңіргенінің куәсі болдым», дейді Л.Сүлеймен.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешовтің айтуынша, Е.Шаймерденұлы – өз әлемін өзі жасаған тұлға.
«Ербол аға – өмірде ерекше жан. Ол мұндай абыройға өзіндік терең әлемімен келіп отыр. Оның өз ішінде бір ғажап, бірегей әлемі бар. Маған салсаңыз, Ербол Шаймерденұлын болмысы бөлек әлем деуші едім. Бір-ақ рет келетін ғұмырында көп адам өзінше бір әлем жасап бағуға ұмтылады. Сол әлемді түрлендіруге тырысады. Алайда кейде сол әлемнен адасып, шығып кетеміз. Қайта таппай қалатын кездер болады, не кешігіп барып, сағынып табамыз. Кейде сол үшін сан соғып қаламыз. Ал Ербол аға – өзінің сол ішкі әлемін әуел бастан-ақ тапқан адам деп ойлаймын. Ол әлемнің ішінде оның нәзік жырлары бар, әдемі әндері бар. Сол әлемде Күләш апай бар, ұрпағы бар. Жан-жағын қаумалаған, бүгінде сағынышпен еске алатын жора-жолдастары, достары да – бәрі сол Ерекеңнің әлеміне кіреді. Оған деген бүгінгі құрмет – оның ақындығы мен журналистігі ғана емес, оның рәмізтанушы тұлғалығы мен мәдениетке сіңірген адалдығының көрінісі», деген Е.Тілешов оның әлемі кеңейе беретінін, ұрпағы арқылы, рухани ізбасарлары арқылы жалғаса беретінін жеткізді.
Әсілінде, бұл – адалдықтың, үлкен мәдениеттіліктің әлемі. Ал мұндай руханият біздің халқымызға әрқашанда керек.