Өндіріс • 04 Маусым, 2025

Соколов-Сарыбайдың бүгінгі аяқ алысы

110 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Соколов-Cарыбай кен байыту өнді­рістік бірлестігі» (ССКӨБ) жылына 35 млн тонна кен, 9 млн тонна кон­центрат және 8 млн тонна шекем­тас өндіреді. Өнімдер ішкі нарық­қа, сосын Ресей мен Қытайға экспор­т­талады. Біз барған Соколов кенішінде (1954 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп тұр) өндіріс аралас әдіспен жүргізіледі. Мұндағы кен шамамен 170 метр тереңдікте орналасқан.

Соколов-Сарыбайдың бүгінгі аяқ алысы

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Терең өңдеуден соң темір үлесі артады

Тәулігіне 10 мың тонна кен өндіретін кеніш ішіне көз салғанымызда ауыр техникалар ноқаттай болып көзге шалынып, тынымсыз қозғалып жатты. 3 экскаватор, 5 «БелАЗ» бар екен.

Өндірілген темір кені алдымен қоймаға жеткізіліп, кейін арнайы техникамен фабрикаға апарылып, сол жерде бастапқы сепарация мен өңдеу үдерісіне түседі. Кен құрамындағы темірдің бастапқы мөлшері 34% болса, фабрикада бұл көрсеткіш 63%-ға дейін арттырылады. Содан кейін түйіршіктеліп, сатылымға жіберіледі. Кеннің бір бөлігі концентрат ретінде өңделіп, 66%-ға дейін темір үлесі жоғарылайды. Концентрат арнайы кептіргіш арқылы құрғатылады. Құр­ғақ концентрат химиялық байыту циклінен өтеді. Соңында 68%-дық сападағы таза концентрат алынады.

л

 

Айлық жоспар – 400–800 мың тонна аралығы

Зауыттың айлық өндірістік жос­пары 400 мың тоннадан 800 мың тоннаға дейін жетеді. Бұған жұмыс істеп тұрған машиналардың саны мен тұтынушы тарапынан сұраныс тікелей әсер етеді. Мұнда барлығы 12 күйдіру машинасы бар. Алайда қазір оның екеуі консервацияда, біреуі күрделі жөндеуде, сондықтан 9 машина ғана жұмыс істеп тұр.

 

Сұраныс азайды, жауапкершілік көбейді

ССКӨБ бас директоры Сергей Кузьменко геосаяси дағдарыстың компания қызметіне теріс әсер еткенін жасырмайды.

«Біз Ресейге бұрын 50%-дан астам өнімімізді жөнелтетінбіз. Алайда негізгі тұтынушымыз санкциялық шектеулерге ұшырағаннан кейін, шамамен 60% көлеміндегі өнім сұраныссыз қалды. Бізге дереу балама нарық табу, логистиканы бейімдеу және өнім сапасын жаңа талапқа сәйкестендіру қажет болды. Бұдан бөлек, байыту учаскесінде екі секцияны жаңғырту арқылы өнім құрамындағы темір үлесі 66%-дан 68%-ға дейін көтерілді. Бұл сапа­лық өзгеріс алыс нарықтарға жет­кізуге мүмкіндік берді. Жалпы, геосаяси қысым өндірісті жаңғыртуға итермеледі. Қызметкерлердің де кәсіби біліктілігі, ұйымшылдығы артты. Қазір кәсіпорын толық қуатта жұмыс істемегенімен, шамамен 56–60% деңгейінде тұрақты жұмыс істеп тұр», дейді бас директор.

л

Кәсіпорынның тарихи рекорды – жылына 17 млн тонна концентрат. 2021 жылы бұл көрсеткіш 15 млн тоннадан асқан. Қазір жоспарлы өндіріс көлемі – 12,4 млн тонна. Дегенмен сату қарқыны бұрынғы деңгейде болмағандықтан өнімнің бір бөлігі қоймаларда сақтаулы.

Ал нарықтық бағыт үшке бөлін­ген: Қытай – экспорттың 50%-ын енші­лейді. Ресейге 25%-ы жіберіледі және ішкі нарыққа 25%-ы жөнелтіледі.

 

Жаңғырту жаңа белеске жол ашады

Кузьменконың айтуынша, кәсіп­орын­­ның басты шикізат көзі саналатын «Қашар» кен орнында 800 млн тонна­дан астам кен қоры бар. Қазір бұл аймақта ауқымды «Қашар кенішін қайта жаңарту» жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Кен орнына «Хитачи ЕH4000» жүк көліктері мен «EX5600» экскаваторлары жеткізілген. Бұл – еліміздегі ең ірі техникалық парк. Экскаватор шөміші – 29 текше метр, жылдық өндірістік қуаты – 15–16 млн тонна. Болашақта бұл көрсеткішті 26 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланған.

Зауыттағы фабрикалық кешен де жаңғыртылып жатыр. Қазірдің өзінде №11 секция толық жаңғыртудан өткен. №14 секцияның жұмыстары мамырда тәмамдалады деп жоспарланған. Бұл өзгерістер темір концентратының құрамын 2%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, ыстық брикеттелген темір жобасы үшін қажет сапалы шикізат пайда болды.

Айтпақшы, қазір басшылық қытай­лық өндірушілер тәжірибесіне сүйене отырып өнімділігі жоғары, шығыны аз құрылғыны өндіріске енгізуді ойластырып отыр. Машинаның жаңа түрлері өндірісте жұмыс істей бастаса, жылына 5 млн тонна өнім алу мүмкін болмақ. Бұл қазіргі көрсеткіштен 5 есе артық.