Қазақстан • 04 Маусым, 2025

Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні

130 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекеттік рәміздер – елдің ұлттық болмысын, дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын белгі. Қазақстан да өз егемендігін жария­лаған кезде оны ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәртібінде мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды. Еліміз­дің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілді. Биыл осы рәміздерге 33 жыл толды. Рәміздердің мемлекеттік және этникалық бірегейлікті білдіретін түрлі мән-мазмұны бар, деп жазады Egemen.kz.

Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні

Фото: aqtobegazeti.kz

Мемлекеттік Ту

Мемлекеттік тудың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Тудың негізгі түсі – аспан көк, ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Туда тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн және оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.

Геральдика дәстүрінде аспан көк түс – адалдық, сенім және мінсіздікті білдіреді. Қазақстанның мемлекеттік туында ол ашық аспан, бейбітшілік пен береке, ал бір түсті фон еліміздің бірлігін бейнелейді.

Геральдикалық қағидаларға сүйенсек, күн өмір мен энергияны және молшылықты бейнелейді. Сондықтан ел туындағы күн сәулелері астық түрінде бейнеленген, ол – байлық пен өркендеудің символы. Күннің бейнеленуі еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін дәлелдейді және жас мемлекеттің жасампаздық күш-қуаты мен ынтымақтастық үшін әлемнің барлық еліне ашық екенін айғақтайды.

Бүркіт бейнесі – көшпелілердің дүниетанымында бостандық, өрлік, ерлік тәрізді ұғымдармен ұштасқан. Күн астында қалықтаған қыран мемлекетіміздің қуаттылығын, тәуелсіздігін, биік мақсаттар мен тұрақты болашаққа ұмтылысын бейнелейді. Алтын бүркіттің айшықты бейнесі жас мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмтылысын көрсетеді.

Мемлекеттік тудың маңызды элементі – оның тұғырында ұлттық ою-өрнек салынған тік жолақ. Қазақ ою-өрнегі – түрлі формалар мен сызықтардың үндестігін білдіре отырып, халықтың ішкі жан дүниесін танытады әрі Қазақстан халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін бейнелейді.

Мемлекеттік Елтаңба

Мемлекеттік Елтаңба авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. 

Елтаңба шеңбер тәріздес және шаңырақтың бейнесі түрінде жасалған, одан тараған уықтар күн сәулесі іспетті жан-жаққа шуақ шашып тұр. Шаңырақтың оң және сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнелері орналасқан. Жоғарғы бөлігінде бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыз, шаңырақ, уықтар, аңыздардағы  пырақтар бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» жазуы – алтын түсті.

Шеңбер (дөңгелек) – Ұлы дала көшпелілері арасында ерекше құрметке ие болған өмір мен мәңгіліктің символы. Елтаңбаның орталық геральдикалық элементі шаңырақ бейнесі – киіз үйдің үстіңгі күмбезді бөлігі, одан уықтар (тіреулер) жан-жақты күн сәулесі түрінде сәуле шашады. Шаңырақ – киіз үйдің негізгі жүйе құраушы бөлігі, пішіні жағынан аспан күмбезіне ұқсайды және көшпелілердің дәстүрлі мәдениетіндегі тіршілік қарекетінің негізгі элементтерінің бірі. Шаңырақ бейнесі – елімізде тұратын барлық халықтың ортақ үйі мен біртұтас Отанының символы. Шаңырақтың беріктігі мен тұрақтылығы оның барлық уығының (тіректерінің) сенімділігіне байланысты болатыны сияқты, Қазақстанның тұрақты дамуы әрбір азаматтың әл-ауқатына байланысты.

Қанатты мифтік тұлпарлар – негізгі геральдикалық элемент. Ежелден бері жылқы бейнесі ерлік, күш сияқты ұғымдарды бейнелейді. Тұлпарлар көпұлтты Қазақстан халқының қуатты және гүлденген мемлекет құру жөніндегі сан ғасырлық арманын білдіреді. Сондай-ақ арғымақтардың алтын қанаттары да жүгерінің алтын масақтарына ұқсайды және Қазақстан халқының еңбексүйгіштігін және елдің материалдық әл-ауқатын білдіреді.

Республиканың Мемлекеттік Елтаңбасындағы тағы бір ерекшелігі – ол бес бұрышты жұлдыз. Бұл нышанды адамзат ерте заманнан бері қолданып келеді және адамдардың ақиқат нұрына, барлық ұлы және мәңгілікке деген тұрақты ұмтылысын бейнелейді, жұлдыз бейнесі – Қазақстан халқының әлемнің барлық халқымен ынтымақтастық пен әріптестікке ашық ел құруға деген ұмтылысын көрсетеді. 

Мемлекеттік Әнұран

Әнұран – ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады.

Төл тарихымызда Әнұран екі рет қабылданды (1992 жылы және 2006 жылы). Алғашқы Әнұранның сөзін Т.Молдағалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Дәрібаева жазғаны мәлім, ал әуені М.Төлебаев, Е.Брусиловский Л.Хамиди жазған нұсқа.

2006 жылы қаңтарда «Менің Қазақстаным» Әнұран ретінде ресми бекітілді. Оның әуенін жазған Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов. Аталған әннің тарихы 1956 жылдан басталады. Тың игеру жылдарында марш сарынында дүниеге келген бұл ән қазақтың рухын көтеру, намысын ояту мақсатында жазылған. «Менің Қазақстаным» 1986 жылдың желтоқсанында да жаңғырды.

Мемлекеттік Гимннің мәртебесіне сәйкес өзгертулер енгізілді. Қазақстан Республикасы Әнұранының мәтінін жазғандар Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол алғаш рет 2006 жылы 11 қаңтарда Президенттің салтанатты түрде ұлықтау рәсімінде тыңдалды.

Сонымен қатар 2006 жылы Гимнді тыңдау ережелері өзгертілді. Ресми рәсімдерде орындалғанда, жиналғандар тұрып, оң қолының алақанын кеудесінің сол жағына қоюы керек.

Бұл күндері қазақ қоғамында әнұранның үшінші авторы мен өзгеріске ұшыраған сөзіне қарсы түрлі пікір алуандығы бар. Десе де оны қайтадан өзгерту немесе орнында қалдыру заң тәртібімен ғана жүзеге асады.

Қызықты деректер

Тәуелсіздігін енді жариялаған еліміз үшін мемлекеттік рәміз­дер­ді қабылдау  жеңіл болмаған. Тиісті мемле­кеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізде­ніс­пен, мұқият дайындықпен қолға алды. Әуелі 1992 жыл­дың бас кезінде Жоғарғы Кеңестің төрал­қасы мемлекеттік символи­каны дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабыл­дап,  арнайы шығармашылық комиссия құрылды, оған бел­гілі заңгерлер мен қоғам қайрат­керлері мүше болды. Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланып, оған қатысушыларға күрделі әрі жауапты міндеттер қойылды. Өйткені Мемлекеттік рәміздердің тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес болуы көзделді. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1200-ді құраған. Сондай-ақ конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.

Елтаңба көрінісі Қазақстан азаматының кез келген құжатында болады. Туу туралы куәліктен бастап зейнетақы кітапшасына дейін Елтаңбаның белгісі қолданылады.

Мемлекеттік мекеме маңдайшаларында Ту міндетті түрде болуы керек.

Қазақстан Республикасының заңнамалар жинағында рәміздерге арнайы 3 бап берілген.

Қазақстандағы ең үлкен ту елордадағы «Атамекен» этномемориалдық кешеніндегі Мемлекеттік рәміздер алаңында орналасқан. Биіктігі – 111 метр. Кешен 2009 жылы салынған.

1994 жылы 1 шілдеде Талғат Мұсабаев тұңғыш рет қазақтың Туын ғарышқа апарды.

Монблан шыңында (4 810 м), Памир тауының Ленин шыңында (7 134 м) және Эверест шыңында (8 800 м) еліміздің Туы желбіреп, Әнұранымыз шырқалды.

2011 жылы альпинистер Мақсұт Жұмаев пен Василий Левцов Қазақстанның Туын Азияның ең күрделі тау шыңы — биіктігі 8 611 метр «Қарақорым Чогориге» тікті.

2011 жылдың 14 желтоқсанында Оңтүстік Полюске шығудың 100 жылдық мерейтойында Қазақстан Республикасының Туы Антарктидада тігілді.

2012 жылдың 23 ақпанында отандасымыз Андрей Гундарев Оңтүстік Африканың ең биік нүктесі – «Охос-дель-Саладоны» бағындырып, ҚР Туы  әлемдегі ең биік жанартауға тігілген.

2014 жылы альпинист Мақсұт Жұмаев Солтүстік Американың ең биік тауы — «Мак-Кинли» шыңына шығып, онда Қазақстанның туын желбіретті.

2015 жылдың 14 сәуірінде Қазақстанның шаңғы экспедициясы ҚР-ның Туын Солтүстік полюс – Арктикада тікті.

2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы Жер шарын 150 рет айналып ұшты.

Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі

Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Әнұраны мәтінін білмейтін жан кемде-кем, ол – насихаттың жемісі.

Рәміздер балабақшаларда да, мектептерде де, жоғары оқу орындарында да, мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында да көрнекті орындарға орналастырылған. Балабақша бүлдіршіндері оң қолының алақанын жүрек тұсына қойып «Менің Қазақстанымды» шырқағанда ерекше бір сезімге бөленіп әрі жігерленіп қанаттанатыны рас. Бұл ел болашағы – жастардың өз Отанын, өз жерін, өз елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтатыны анық.

Баршамызға мәлім, кейде мемлекеттік рәміздерді құрметтемеу сияқты келеңсіз жайлар болып жатады. Бір жақсысы, ондай оқиғаларды ұлтжанды азаматтарымыз дер кезінде байқап, оған тиісті мекемелердің назарын аудартып, әлгілерге заңнамаға сәйкес шара қолданылып келеді.

Мемлекеттік рәміздеріміз бүгінде шартарапқа кеңінен танылды. Қазақ елін әлем жұртшылығы мойындады. Біздің көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимараты алдында тұр, Қазақстан Республикасының шетелдердегі Елшіліктері ғимаратының маңдайшаларына тігілген. Әлемдік спорт додаларында еліміздің олимпиада жеңімпаздары Әнұранымызбен бірге көк Туымызды биікке көтерді.