
Шалғай ауылдағы шаттық
Биылдан бастап 1000 ауыл мектебі «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасына қосылады. Жоба аясында мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, заманауи пәндік және цифрлық кабинеттермен жабдықталады, сондай-ақ жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі.
Шағын жинақты мектептердің дамуына осы күні жеке секторлар да өз үлесін қосып жатыр. Соның ішінде Еуразиялық Топ (ERG) жүзеге асырып жатқан бастамалар – оң өзгерістердің жарқын мысалы. Мәселен, 2023 жылы ERG компаниясы Павлодар облысының әкімдігімен өзара серіктестік туралы меморандум аясында жалпы сомасы 2 млрд теңгеге Қаражар және Сычевка ауылдарына екі мектеп салып берді. Заманауи архитектуралық әрі санитарлық нормаларға сай салынған мектептер су жаңа техника, жиһаздармен жабдықталған.
Қаражар жалпы негізгі білім беру мектебінің математика және информатика пәндерінің мұғалімі Амангелді Бақытұлының айтуынша, жаңа мектеп ауылға үлкен серпіліс әкелген.
«Ескі мектеп жыл сайын сырланып, әйтеуір уақытша жөндеумен күнелтіп келді. Бар болғаны алты-ақ кабинетті, шағын асхананы қамтыған ғимараттың материалдық-техникалық базасы тым әлсіз болатын. 6–7 ескі компьютер, әлсіз интернет, екі интерактивті тақта мен проектордан басқа ештеңе жоқ еді. Ең басты қиындық – кабинет тапшылығы мен заманауи жабдықтардың болмауы. Ал бүгінгі жаңа мектеп – бұл мүлдем басқа деңгей. Қазір бізде жоғары жылдамдықты интернет, оптикалық байланыс бар. Сонымен қатар барлық кабинетте интерактивті панельдер орнатылған. Мұғалімдер онлайн ресурстармен толық жұмыс істей алады. Материалдық-техникалық база толық жабдықталған, мемлекеттік стандарттағы оқу құралдарының бәрі бар», дейді ол.
Мұғалімнің айтуынша, жаңа мектеп оқушылардың сабаққа деген ынтасын айтарлықтай оятқан. Аз уақыттың ішінде білім алушылар түрлі сайыстарға қатысып, жоғары нәтиже көрсетіпті.
«Бұрын химия, физика пәндері тек дәптер мен оқулық арқылы ғана түсіндірілетін болса, қазір түрлі тәжірибе жасап көруге, құрылғыларды қолмен ұстап, көзбен көруге мүмкіндік бар. Бұған дейін ауыл балалары негізінен «мұғалім», «дәрігер», «заңгер» секілді мамандықтарға ғана талпынса, енді техникалық және инженерлік бағыттарға да қызығушылық танытып жатыр. Роботтехника кабинеті – бұл тұрғыда үлкен рөл атқарып тұр. Балалар инженер, механик, архитектор болуды армандай бастады. Кейінгі бір жарым жыл ішінде біз бірқатар байқауға қатысып, тіпті шетелге жолдама ұтып алдық. Мінеки, бұл – ауыл балаларына жағдай жасалса, олардың биік белестерді бағындыра алатындығына айқын мысал», деді А.Бақытұлы.
Расымен, қолайлы жағдай мұғалімдердің кәсіби жетістіктері мен оқушылардың үлгеріміне айрықша әсер еткені анық аңғарылады. Мәселен, Қаражар мектебінің оқушылары, атап айтсақ 6-сынып оқушысы Боранбай Асылжан, 4-сынып оқушылары Бақыт Алтайыр мен Серік Әділ биыл наурыз айында өткен «Fibonacci Robot Olimpiad Kazakhstan» атты республикалық байқауға қатысып, Түркияның Анталия қаласында өтетін халықаралық «Fibonacci Eurasia Robot Olimpiad» роботтехника жарысына жолдама жеңіп алды.
Бұл мектепте оқушыларды физикалық және шығармашылық тұрғыда дамыту да назардан тыс қалмаған. Спортзал заман талабына сай барлық жабдықтармен, тіпті электронды таблоға дейін жабдықталған. Акт залында алуан түрлі іс-шара мен концерт өткізуге қажеттінің бәрі бар. Несін айтасыз, мұнда тіпті алып LED-экран, заманауи дыбыс аппаратуралары мен музыкалық аспаптар да бар екен. Осы мектептің 9-сынып оқушысы Ботагөз Таңатарқызы мектеппен қатар оқыту әдістері де өзгергенін айтады. Яғни ескі мектепте сабақ барысы мұғалімнің түсіндіруімен және оқушылардың жаттап алуы арқылы жүргізілетін болса, қазір оқушылар түрлі жобалар жасап, мұғалімдер де сабақты жаңаша форматта өткізетін болған.
«Жаңа мектептің ең үлкен артықшылығы – технологияның кеңінен енгізілуі. Бұрын сабақ барысында тек тақта мен бор, дәптер мен оқулық қолданылса, қазір біз интерактивті тақталармен, компьютер, планшеттермен және интернет платформасымен білім аламыз. Онлайн ресурстар арқылы әртүрлі пәндерді тереңірек меңгеруге жағдай жасалған. Бұрынғы мектепте небәрі 5 кабинет қана болатын, тіпті кейде екі сынып бір кабинетте қатар оқитын. Ал қазіргі мектепте 11 жеке кабинет бар. Болашақта ағылшын тілінен сабақ берсем деймін. Бұрын мұндай үйірме де болған жоқ, ал қазір мектепте мүмкіндіктер мол», дейді Б.Таңатарқызы.
Мектептің ашылғанына ерекше қуанып жүрген жандардың бірі – ауыл тұрғыны, көпбалалы ана, қазіргі таңда немерелерінің тәрбиесімен айналысып жүрген Шолпан Тәуекелқызы.
«Ескі ғимаратты да, ондағы жағдайды да жақсы білеміз. Жыл сайын жөндеу жұмыстары жүріп, жамап-жасқап жататын әйтеуір. Қазір шүкір, заман өзгерді, мектеп жаңарды. Үйімізге жақын болғаны да көңіл қуантады. Ең бастысы, немерелерім сабаққа ерекше құлшыныспен барып жүр. Роботтехника дей ме, әйтеуір өздерінің баратын үйірмесі бар. Бірдеңені құрастырып, шашып-жинап жатады. Үйде де айтатындары сол. Бұл да бір үлкен жетістік қой. Осындай заманауи, жарық әрі кең мектепті салып берген азаматтарға алғысымыз шексіз», деп ағынан жарылды Ш.Тәуекелқызы.
Қаражар ауылындағы жағымды өзгерістерге ұқсас жаңару көріністері Сычевка ауылында да байқалады. Бұл елді мекенде де ERG компаниясының қолдауымен жаңа мектеп бой көтеріп, ауыл балаларына білім алудың жаңа мүмкіндіктері ашылды. Бүгінде мектепте 18 мұғалім жұмыс істейді. 1–9 сыныптарда – 64 оқушы, мектепалды даярлық тобында – 6 бала, «Еркетай» шағын орталығында – 11 тәрбиеленуші бар.
Сычевка негізгі жалпы білім беру мектебінің директоры Гүлмира Тасжанованың айтуынша, мектеп заманауи компьютерлік жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
«Мектебіміз Павлодар облысы әкімдігі мен Eurasian Resources Group (ERG) арасындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жөніндегі меморандум аясында салынды. Роботтехника мен биотехнология бағытындағы сабақтарды өткізуге арналған кабинеттер толығымен жабдықталған. STEM-зертхана, цифрлық микроскоптар, тіпті виртуалды-цифрлық зертхана да бар. Сонымен қатар ұлдар мен қыздарға арналған еңбек кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Бұрынғы мектепте еңбекке баулу кабинеттері де болмаған еді, – дейді Гүлмира Мырзатайқызы.
Осы мектептің 6-сынып оқушысы Мұхит Нұржан да риясыз қуанышын жасырмады:
«Біздің сыныпта 9 оқушы бар. Маған жаңа мектеп қатты ұнайды. Бұрынғы мектеппен салыстырғанда екі есе үлкен. Қазір сабақтан тыс уақытта анимация жасап үйреніп жүрмін. Мұндай шығармашылықпен айналысуға мектептің техникалық мүмкіндіктері үлкен көмегін тигізіп отыр. Болашақта режиссер болуды армандаймын. Фильмдер түсіріп, өнер мен технологияны ұштастырғым келеді. Осындай заманауи мектептің ашылуы сол арманға бір қадам жақындатқандай. Сондықтан мен үшін бұл мектеп – тек оқу орны ғана емес, болашаққа жол ашатын үлкен мүмкіндік», дейді жас жеткіншек.
Білімге деген шынайы ықылас, заманауи құрал-жабдық, ыңғайлы мектеп ортасы – мұның барлығы ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік. Қаражар мен Сычевкадағы білім ошақтары – ауыл мектептерін жаңа деңгейге бастайтын үлгілі жобалар екені сөзсіз.
Өркендеген орталық
ERG компаниясы тек ауылдық жерлермен ғана шектелмей, ірі өндірістік орталықтардағы заманауи білім кеңістігін қалыптастыруға да ерекше ден қойып отыр. Соның жарқын дәлелі – биыл Ақсу қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектеп күрделі жөндеу көріп, оның аумағы абаттандырылмақ. Бұл жобаға 1,5 млрд теңге қарастырылған.
Осы орайда Рудный қаласында бой көтеріп жатқан жаңа мектепті де айта кеткеніміз жөн. 2023 жылы Рудныйда
1 200 оқушыға арналған Қ.Сәтбаев атындағы жаңа «Келешек мектептерінің» құрылысы басталған еді. Бұл – оқыту үдерісін цифрлық трансформациялау мен инклюзивті білім беруді көздейтін «Келекшек мектеп» ұлттық бағдарламасының бір тармағы. Жобада қауіпсіздік, мобильділік және қолжетімділік талаптары ескеріліп, оқушылардың шығармашылық әрі ғылыми қабілеттерін дамытуға бағытталған кеңістіктер қарастырылған. Мұнда дәстүрлі пәндерден бөлек, гидропоника, дыбыс жазу, өнер, шахмат, book-crossing, сахналық дизайн сияқты бағыттар үшін де заманауи кабинеттер мен алаңдар жабдықталған.
Рудный қалалық білім бөлімі басшысы Темірхан Жайлыбаевтың айтуынша, бұл серіктестік – қаланың және өсіп келе жатқан ұрпақтың болашағына салынған шынайы инвестиция.
«Қазіргі заманда цифрлық құзыреттіліктер – артықшылық қана емес, бұл бірінші кезекте – қажеттілік. ERG компаниясы осы курстардың ұйымдастырылуы мен қаржыландырылуын өз мойнына алды. Нақтырақ айтсақ, аталған компания 2022 және 2023 жылдары педагогтеріміздің заманауи білім беру технологияларын қолдану бойынша курстарда оқуын қамтамасыз етті. Соның арқасында әрбір мектептен 60 мұғалім заманауи цифрлық құралдарды, қашықтан оқыту әдістерін меңгеріп, интерактивті жабдықтармен жұмыс істеуді үйренді. Бұдан бөлек, ERG компаниясы біздің мектептерімізді заманауи цифрлық панельдермен жабдықтауға үлес қосты. Бұл да оқыту тиімділігін айтарлықтай арттырды. Әрине, біз осы орайда Қ.Сәтбаев атындағы «Келешек мектептерінің» құрылысы жүріп жатқанын да айта кетуіміз керек. Мектеп биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Осы арқылы ERG компаниясы өңірлік білім беру жүйесін жаңа сатыға көтеріп, әлеуметтік жауапкершілікті нақты іспен дәлелдеп отыр», дейді Рудный қалалық білім бөлімі басшысы Темірхан Жайлыбаев.
Білім беру саласына бағытталған мұндай жүйелі қолдаулар ERG-дің тек шалғай ауылдарға ғана емес, өндірістік орталықтағы мектептерге де ерекше назар аударып отырғанын көрсетеді. Соның тағы бір айғағы – Ақтөбе облысының Хромтау қаласындағы №5 мектеп-гимназиясының жаңғыртылуы. 2024 жылы жүзеге асқан бұл жоба аясында жалпы 179,5 млн теңге инвестиция құйылып, мектеп күрделі жөндеуден өтті. Сынып кабинеттеріне интерактивті панельдер орнатылып, асхана блогі толықтай жаңартылды. Сондай-ақ спорт және акт залдары заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілді.
Аталған мектепте іске қосылған инновациялық «Codi Play» жобасы – бүгінгі білім беру технологиясының үздік үлгісі. Бұл бастама балалардың жасанды интеллект негіздерімен жұмыс істеу, бағдарлау, интернет заттары технологияларын (IoT) меңгеру, инженерлік ойлау мен логикалық шешім қабылдау қабілеттерін дамытуға бағытталған. Яғни балалар күрделі технологияларды ойын арқылы үйреніп, болашақ кәсіби дағдыларын қалыптастырып жатыр.
Сонымен қатар мектеп базасында STEM зертханалар мен шығармашылық алаңдар жасақталған. Атап айтқанда, роботтехника бағытындағы «Codi Play» кабинеті, қыз балаларға арналған «Creativity Studio» шеберханасы, ғылыми тәжірибелер жүргізуге арналған химия зертханасы – барлығы оқушының қызығушылығын оятып, ғылым мен техникаға ынтасын арттыруға арналған бірегей кеңістіктер.
Жалпы алғанда, соңғы бес жыл ішінде ERG компаниясы STEM зертханалары мен оқыту жабдықтарына, интерактивті панельдерге 333,9 млн теңге бағыттаған. Бұл – еліміздің болашағын ғылым мен технология арқылы өркендетуді көздейтін ауқымды қадамдардың бірі.
Мұнымен қоса, компания тарапынан іске асқан «ERG мектеп» бағдарламасын да ерекше атап өтуіміз қажет. 2021–2023 жылдар аралығында жүзеге асқан бұл бастама 200-ден астам мектепті, 60 мыңға жуық оқушы мен 8 900 мұғалімді қамтыды. Бағдарлама аясында педагогтер пәндік, цифрлық және функционалдық құзыреттерін дамытып, заманауи білім беру әдістерін меңгерді. Сонымен қатар оқушылар мен мұғалімдердің сапалы білім ресурстарына қолжетімділігі де айтарлықтай артты. Бұл бағдарламаның игілігін Ақтөбе, Қостанай және Павлодар облыстарының мектептері көріп отыр. Жобаға бағытталған қаражат көлемі – 611,7 млн теңгені құрайды.
Биылдан бастап бұл бастама жаңаша бағытта дамып, «ERG Mektep/School» бағдарламасы ретінде қайта құрылмақ. Мұндағы мақсат – баланы жан-жақты дамыту. 2025–2026 жылдары осы жобаға 302,6 млн теңге көлемінде қаржы бөліну жоспарланып отыр. Жаңа бағдарлама аясында білім алуға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру, баланың жан-жақты дамуына ықпал ететін экожүйе құру, физика, химия, биология, математика, IT, география және технология пәндерін кіріктіретін кешенді білім беру бағдарламаларын әзірлеу, зерттеу тәсілдері мен командалық оқыту сияқты заманауи әдістемелерді енгізу, сонымен қатар оқушыларды келешектегі кәсіби мүмкіндіктерге бейімдеу мақсатында қосымша білім беру жүйесін жолға қою секілді маңызды бағыттар қарастырылған.
ERG компаниясының бұл бастамалары – білім саласына жасалған жай қолдау ғана емес, елдің интеллектуалдық капиталына бағытталған ұзақмерзімді инвестиция. Өйткені кез келген қоғамның болашағы – бүгінгі балаға жасалған жағдаймен өлшенеді. Ал ауылдан қалаға дейінгі барлық өңірде бірдей мүмкіндік тудырып отырған бұл тәжірибе – басқа да ірі компанияларға үлгі боларлық іс.