
Мәселен, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі подполковник Камилхан Исмаилов дәріс оқып, қаржылық қауіпсіздік, дроп ұғымы, алаяқтық түрлері мен қаржы пирамидаларынан сақтану жолдары жайында кеңінен ақпарат берді.
Спикерлер «XXI ғасырдағы сандық тұзақтар», «Дроптар деген кімдер?», «Қаржылық пирамидаға қалай алданбауға болады?», «Онлайн несие және оның қаупі» тақырыптарында дәрістер оқыды. Мұны студенттерге қарапайым мысалдар, бейнеролик, сұрақ-жауап ойындары мен интерактивті тренингтер арқылы түсіндіріп берді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми деректеріне сүйенсек, былтыр елімізде 29 қаржылық пирамида анықталып, 327 алаяқтық чат бұғатталған. Бұл чаттарға қатысушылар саны 1,5 миллионнан асса, олардың көпшілігі жастар екені мәлім болды. Ал Шымкентте алаяқтыққа қатысты істер өзге өңірмен салыстырғанда айтарлықтай көбейген.
Шымкент қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Мұхамедқасым Оспановтың айтуынша, Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен еліміздің барлық өңірінде кең ауқымда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде жастар арасында интернет-алаяқтықтың, оның ішінде дропперлік пен қаржы пирамидаларының кең таралуына жол берілмейді деген үміт бар. Мемлекет осылайша қаржылық қауіпсіздікке мән беріп отыр.
Өз кезегінде алаяқтықтан қорғану бағытында шаһарда белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Айталық, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен 6 жоғары оқу орны мен 39 арнаулы білім беру мекемесінде студенттермен кездесулер өткізілді. Онда алаяқтар қолданатын айла-тәсілдер, қаржы пирамидаларының негізгі белгілері, сондай-ақ оларға қалай қарсы тұру керектігі жайында жан-жақты түсіндірілді.
«Өкінішке қарай, қазір Шымкент қаласы республикадағы қаржылық алаяқтыққа қатысты тіркелген істер саны жағынан алдыңғы орында тұр. Сондықтан осы мәселенің алдын алу, болдырмау мақсатында жастармен белсенді түрде ақпараттық жұмыс жүргізіп отырмыз. Бұл бастама студенттер үшін өте пайдалы болмақ әрі олардың тарапынан кері байланыс болады деп сенеміз», деді экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы.
Былтыр департамент 24 қаржы пирамидасын әшкерелеп, оларды жарнамалаған 300-ден аса интернет-ресурсты бұғаттаған. Сонымен қатар алаяқтардың қолына түспей сақталып қалған «фишинг» сипатында 1,5 млн шамасындағы хабарлама анықталды. Сондай-ақ алаяқтық бойынша қалада биыл үш қылмыстық іс қозғалды. Бұл істерде айналымда болған қаражаттың жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асып, оның 170 млн теңгеден көбі мемлекетке қайтарылды, ал қалған қаражат пен мүлікке тыйым салынды.
«Алаяқтардың басты нысанасы – жастар мен жұмыссыз азаматтар, сондай-ақ зейнеткерлер. Олар осы аталған топтағы кісілерді тез әрі оңай пайда табуға қызықтырады, жоғары пайызбен кіріске кенелуге уәде береді, сөйтіп, халықтың сеніміне әбден кіріп алады. Мұндай алаяқтық схемалармен күресу үшін біз әрбір азаматтың қаржылық сауатын арттырудан бастауды жөн көрдік», деді экономикалық қылмыстарды тергеу қызметінің өкілі М.Оспанов.
Мамандардың айтуынша, интернет алаяқтар көбіне шетелде отырып жұмыс істейді. Сондықтан олармен күресу, алдап алған ақшаларын иелеріне қайтарып беру – өте қиын. Бұдан құтылудың ең оңай жолы – алаяқтармен ешқандай жақын байланысқа шықпау. Кейбіреулер өтірік қоңырау шалады. Немесе әлеуметтік желіге сілтеме арқылы өтіп танысы қатысып жатқан бір байқауға қолдау білдіріп жібер деп те құрығына байлауға тырысады. Осының бәріне алданып қалмау керек. Сондықтан қаржы саласының мамандары азаматтарды өте мұқият болуға шақырады. Әсіресе бүгінгі цифрлық технология өрістеген заманда кез келген адамның бет-бейнесін жасап, дауысын ұқсатып, әлеуметтік желіге салып жіберу – оп-оңай. Оның үстіне компьютердің құлағында ойнайтын алаяқтар өздері құрбандыққа таңдаған кез келген адамның деректерін қажетті базалардан қиналмай тауып ала алады. Себебі ешкімге таңсық емес, бұл күнде азаматтар электронды цифрлық кілт арқылы барлық құжатты рәсімдейді. Банктен де несиені онлайн режімде алып жүр. Сол үшін осының барлығы – алаяқтар үшін таптырмас олжа.
Мамандар жастарды әр кез абай болуға шақырып отыр. Кейінгі жылдары «жұмыс ұсынамыз», «ақша табудың оңай жолы» деген жарнамамен жастардың сеніміне кіріп олардың жеке мәліметтерін бөгде адамдарға берген, артынша өздері де заңның алдында жауапты болған жағдайлар көбейіп барады. Қаржылық мониторинг агенттігі ұйымдастырған іс-шараға өнер саласындағы танымал тұлғалар да қолдау көрсетіп, алаяқтан қорғануға қатысты өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Айталық, жастардың ықыласына бөленген «Миллион» жайдарман командасы мен әнші Machenski сахна төрінде өздерінің алаяқтардан қалай қорғанатыны жөнінде құпияларын ақтарды. Олар жастарды әлеуметтік желілерде күн сайын таралып жатқан күмәнді сілтемелер мен ұсыныстардан сақ болуға шақырып, мұндай жағдайда адам өзін қалай ұстауы керектігі туралы нақты кеңестер берді.
ШЫМКЕНТ