Тұлға • 04 Маусым, 2025

Әдебиеттанудың хас таланты

50 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

«Қазақ даласын желмаядай кезген жанкешті халық мұрасын жинаушылар» (М.Әлімбай) сапында әйгілі ғалым Қажым Жұмалиев те бар. Келешегін ойлаған мемлекет таланттардан ештеңесін де аяп қалмайды, оның ­хиуазы он, жүз еселеп қайтады. Алайда құйқылжыған кеңестік зұлым саясат қатарынан озып туған Қажымды да айналып өтпеді.

Әдебиеттанудың хас таланты

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

1950 жылдың желтоқсанында «Правда» газетінде «Тарихты маркстік көз­­қараспен жазайық» атты үрейлі мақала жарқ ете қалды. Күллі қазақ та­ри­хына топырақ шашқан осы алапес мақалада: «Едіге, Кенесары сияқты кері­тартпа хандарды уағыздаушылардың басында академиктер Қ.Сәтбаев пен М.Әуезов тұр және олардың сыбайластары Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев сияқтылар кеңес халқының қас-дұшпандарын ел­­дің азаттығы үшін күрескен қаһар­ман­дар дәрежесіне көтеріпті», деген сол заман­ның бесенеден белгілі идеологиялық ғай­баттаулары кел­ті­рілген.

Сол-ақ екен, Қазақстан Компартиясы да әрекетсіз қалмай, жазалауды бастап жіберді. Осы аттары аталған тұлғалардың бәрі де жазықсыз жапа шекті.

Сөйтіп, 1950 жылдарда Қажекеңнің басына ойрани зұлматтар орнады, партиядан шығарды, «халық жауы» ретінде талқандап, түрмеге тықты. Тергеу кезінде оның ұлтшылдық бағыттағы еңбектері 1940 жылдан бастау алған деп көрсетті. Ақыры 1953 жылы әйгілі ғалым 25 жылға сотталды. 1955 жылы өз қолымен жазылған 13 беттік арызы ҚР Жоғарғы сотында қайта қаралып, Қажекең 1956 жылы толық ақталып шығады. Құдауанда, 73 беттік жала қорытындысын оқып отыр­саңыз, ғалымның атылып кетпей, қалай аман-есен қалғанына таңғаласың. Бір жағынан жастай жетім қалып, жанын жалдап жетілгендігіне, көрген көразап қиындығына орай Құдайтағала тура келген ажалдан қаққан шығар, алайда басты себеп – Сталин өлгеннен кейін тиран-диктаторды қаралау мақсатында қапастағыларға бостандық берілді.

Ол теңдікке көнсе де, кемдікке көн­бейтін қайсар, үйіңде жатып түк бітірмей аштан өлгеннен, руханият майданында арпалысып оқтан өлген артық деген қағиданы ұстанып өткен жан.

Жұмалиев жайшылықта жібектей есілгенімен, әдебиет үшін текетіресте бұлтаң-сұлтаңыңды, діңкеңді құртар сілбірең дипломатияңды белден бір-ақ басатын. Ойындағысын өтің жарылып кетсе де омырып айтпай тынбайтын. Қажекеңмен көзі тірісінде ашық айқасқа бара алмай, қайтыс болғаннан кейін айызы қана ғайбаттап жүргендерге мүсіркей қарайсың да қоясың. Талай қан-қасапты бастан кешкен Қажым мақпалға оралып, қобдишада сақталған болат қанжардай қылпып тұратын. Жаратқан ие мұның өмірінің жартысын қызыққа, жартысын шыжыққа жазғаны несі екен?

50-жылдары «ұлтшыл» деген жалған жаламен белгілі абайтанушы, профессор Қайым Мұхамедханов та талай жылға сотталады. Тағдырдың жазуымен Қайым Қарлагта Қажекеңмен бірге болады. Сталин өлгеннен кейін, жылымық жылдары Қайым да түрмеден босап елге келеді. Кейін мұқалмас Мұхамедханов Қажым Жұмалиевтің  абақтыдағы адам сенбес ерлігін айтып кеткеніне шүкір дейміз...

Қажекең жеті атасынан бері жілік майы үзілмеген жуан тұқымнан емес, басынан бәтеңкесіне дейінгі бек­заттық, дегдарлықты ол жүре бара өзі қалыптастырды. Қажым да сонау арып-ашып жүрген, жетімдік көрген бала шағында құшағына алып, қаратүнектен қайырлы сапарына жол ашып берген Сейітқали Меңдешев пен Хамит Жәнібековті пір тұтып өтті десе де болады. Бала Қажымның оқуға түсе алмай екі ай босқа сандалып, елге қайтқан ауылдас балаларға ілеспей, бейтаныс Орынбор қаласында жал­ғыз қалуы, ақыры өмірден түңіліп, өзеннің жарқабағынан секіріп өлуге бекініп отырған, жалаңаяқ, жалаңбас, алба-жұлба жүдеу сәті қандай аянышты! Сол мезетте ғайыптан – тайып кеңес қызметінде әбден шыңдалған жас қайраткер Хамит Жәнібеков кездесіп, қиқар баланы райынан қайтарып, ақылын айтып, жуындырып-шайындырып, Қазақ автономиялық республикасы Атқару комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешевке жіберуін Қажекең бертінде «Жайсаң жандар» деген кітабында көңілі елжіреп, көз жасы мөлдіреп отырып төгілдіре суреттейді.

Жоғары лауазымды ұлық Сейтақаң Қажымды мейірлене қабылдап, қонақ етіп, киіндіріп, әкесіндей қамқорлап, оқуға қабылдаттырады. Оқу іздеп тал­пынған «Қара баланы» екі ай қаңғытып, зәбір берген, ересек балаларды оқуға қабылдау бөлімінің қызметкері Ерғали Шоқановты Сейітақаң жай сөзімен-ақ сілейте соғып, аяусыз тұқыртқанына айызың қанады.

Сол қиын кезеңде С.Меңдешев пен Х.Жәнібековтің жолығуы бала Қа­жымға қапияда ұшырасқан Қызыр­ғалайссаламнан кем болған жоқ. Сейіт­қали Меңдешевтің: «Жалғыз-ақ ақылым – адал бол, алған біліміңді халқың үшін жұмса», – деген өсиет-сөзін Қажекең өмір бойы иманшарттай жаттап, бой­тұмардай сақтап өткені ақиқат.

«Бұл дүние – істегенің өзіңе дәл солай жаңғырығып жауап беретін тау сияқты» деген ғой Ж.Руми. Сонау С.Мең­дешевтерден қамқорлық көрген, кешегі С.Сейфуллин, С.Асфендияровтардан дәріс алған Қажым да осы ұстаздарына қарыз боп қалмай, талай дарынның бағын ашты. Ол Алаш алыптары сияқты, балалығын жетімдік-жоқшылықта, боз­балалық шағын тапшылық – тар­шылықта, орда бұзар кемел шағын түр­ме-қапаста өткізіп, әбден көк болаттай суарылып шықты.

Қайсар баланы көрген бір сыншы: «Тентек болса, теріс кетпес. Адам болатын баланың алды жағы көкшіл келеді» деуші еді бұрынғылар. Көзінің оты тәуір екен», деген екен.

Есік шандулы, сөз аңдулы кездердің өзінде Қажым бастаған ісімді абыроймен аяқтап жеңіп шығамын, не кеудедегі шыбын жанды беріп тынамын деп әрекет еткен қайсар ғалым, қуатты эрудицияның иесі еді. Ол өмірінің отыз бес жылын оқы­тушылық қызметке арнады, бір ғажабы шә­кірттерінің барлығы да әдеби білімді Қа­жым­ның өз оқулығы арқылы алып шықты.

Жұмалиевтің шәкірті, дауылпаз ақын Хамит Ерғалиев бір естелігінде былай дейді: «Оралдың рабфагында оқып жүрген кезімде, осындағы өзім шығаратын «Жас қалам» деген қа­бырға газетіне өлеңдерімді жариялап жүрдім. Жоғарғы кластарға сабақ беру үшін келіп-кетіп жүретін Орал педин­с­титутының мұғалімі Қажым Жұмалиев бірде кластарды аралап жүріп, менің өлеңімді көріпті. Бір күні сабақ үстінде мені директор шақырды. Директор бөлмесіндегі қара диванда сұлуша қоңыр жүзді, өткір көзді бір жігіт сырт киіммен отыр екен. Құлақшыны, венгеркасы, тіпті етігінің қонышы да өңкей бір қара жалды торы құлынның терісінен тігіліпті. Мен «Ассалау...» дей бергенімде, ол сәлемімді аяқтатпады, құдды менімен та­лайғы таныстай, «Кел, Хамит!» деп, қасынан орын ұсынды. Сөйтті де: «Өзің ақын екенсің ғой!», деп мені көктен бір-ақ шығарды. Одан соңғы әңгіме ұзаққа бармады. Сөйтіп, мен институттың әдеби үйірмесіне де қатысатын болдым. Біздің көркем сөз дүниесіне етене енуіміз Қажекеңнің арқасында осылай басталып кетті...» Міне, әйгілі Хамаң, Хамит Ерғалиев алғашқы ұстазы туралы осылай сыр ақтарды.

Жұмалиев Орал педагогика инс­титутында сабақ бере жүріп, батыс ай­ма­ғындағы жас ақын-жазушыларды шоқтай үйіріп алып, қаламдарын ұш­­тайды. Сондай-ақ ол осы өңірде бел­сенді шығармашылық орта қалып­тас­тырып, өзі Оралдағы Жазушылар одағы филиалының төрағасы болып сайланады. Кейіннен қазақ поэзиясы мен прозасының парқы мен нарқын көтерген пәрменді ақын-жазушылар: Қасым Аманжолов, Жәрдем Тілеков, Сағынғали Сейітов, Хамит Ерғалиев, Абдолла Жұмағалиев, тағы да басқа өнер өрендері Қажекең­нің арқасында сол Орал топырағынан түлеп ұшқан темірқанат таланттар болатын.

Осы Оралдағы әдеби үйірме туралы айта келіп, Қажекең: «Абдолла қай өлеңін болсын жанын сала жазатын да және беріле оқитын да. Кейбір өлеңдерін көзінен жасын тамыза оқып, «Қаже-ау, енді қайт дейсің, осы поэзия емес пе?», – деп жылап та жіберетін», деп, жаһандық соғыста жастай опат болған, жалынды ақын Абдолла Жұмағалиевті де еске ала кетеді.

Асқан шешендік, ұшан-теңіз білім­паздық, темірдей логика, мызғымас принцип, өз бағыт-бағдарынан өлсе де айрылмау – Жұмалиевті талай қауіпті аран, өткелектерден әупірімдеп аман алып өтті. Ердің ері, егеудің сынығы, алды дауыл, арты құйын аруақты би­лердің сарқыты Қажекең әдеби мұра – ұлттың рухани матрицасы екенін алғаш байқағандардың бірі. Идея жолындағы адамның сырт әрекеті заман түріне қарай өзгергені­мен, ішкі мүддесі сол күйінде қала бермек. Әйгілі ғалым да осылай әрекет етті, ке­ңес­тік идеологияны мойындағандай бола тұра, бай әдеби мұрамыздың бойына қан құйып, оларды тірнектеп жүріп тауып, сапқа тізіп, әдебиет теориясының тұтас бір жүйесін жасап кетті.

Әсіресе махамбеттанушы ғалым Жұмалиев бунтарь ақынның өлеңде­рін ел ішінен жаяу-жалпылап жүріп жинап, оны текстологиялық қалыпқа түсіріп, оқырман қолына ұстатып кетуі ерлікке пара-пар еді. Абай атын­дағы ҚазПИ-де дәрісін тыңдаған шәкірт­терінің айтуынша, профессор Қажым Жұмалиев Махамбет поэзиясын жатқа айтып, сорғалата, нөсерлете төге келіп: «Көрдіңдер ме, Махамбет өлеңдерінен қан иісі аңқып тұр ғой!», дейтін көрінеді.

Қажекең тағы бір сөз орайында былайша шешіледі: «Біз Махамбеттің қабірін ғана табу үшін ұзақ жылдар бойы іздестіру жұмыстарын жүргіздік, сол өңірде кейде айлап жүріп, талай адамдарға сұрау да салдық. Оның бір жеңілдігі – ақынның өлген жері де, бейіті де бұрыннан белгілі болатын. Бірақ сол бейіттің ішінде қайсысы Махамбеттің қабірі екендігін айқындау қиын болды. Махамбеттің моласын дәл білетін, оның өлген жерінде туып-өскен Бектұрған қарт туралы хабарды біз 1951 жылы алсақ та, оның өзін табу оңайлыққа соқпады. Бектұрған өз елінен көшіп кетіп, қайда жүргені белгісіз болды. Тек 1958 жылы оның баласы Құрақ Бектұрғанов арқылы ғана ақынның қабірін тауып, 1959 жылы басына ескерткіш қойғыздық».

«Ұлық болсаң – кішік бол!», деген осы-ау, өзінің сол саладағы құмырсқа бейнетін айбарақ қылмай, елеусіздеу сөз ете кетеді.

Әйтпесе, халық мұрасын жинап, зерттеуде қатаң тыйымға тайсалмай, теперіш атаулыны судай сімірген сабаздың бірі – тағы да Қажекең еді-ау!

Академик Жұмалиев елімізде әдеби кадрларды даярлауда өлшеусіз еңбек сіңірді. Оның жетекшілігімен 32 адам ғылым кандидаты, 8 адам ғылым докторы дәрежесін алды. Сондай-ақ Қажекең Орталық Азия әдебиетшілерінен докторлар даярлау ісіне де зор қолғабыс етіп, өзбек, қырғыз, башқұрт, қарақалпақ әдебиетшілері де әлгіндей жоғары ғы­лыми дәрежелерге ие болады.

Қажекеңнің тағы бір талантты шә­кірті – марқұм кешегі абайтанушы Мекемтас Мыр­захметұлы. Мекең кейін: «Қажым Жұмалиевтің қасқая қайрат көрсетуінің арқасында мен ғылым кандидаты атағына ие болып, ең бастысы, тақырыбымды одан әрі жалғастырып әкетуге жолым ашылды», деп еске алғаны бар.

1941 жылы соғыс түтеп тұрған уа­қытта «Қырымның қырық батырын» алты ай бойы жырлайтын атақты Мұрын жырауды Алматыға алдырып, кейде кілтің етіп жырламай қоятын жыр дариясы­ның көңілін тауып, алпыс-жетпіс мың жол­дық ғаламат дүниені жазып алуда да, жар­қын жүзді, өткір тілді, жас­ты да, жасамыс­ты да өз әуенімен алып кететін Қажым Жұмалиевтің рөлі зор.

Сондай-ақ Қажекең 1963 жылы 18 қазанда «Қазақ әдебиеті» газетінде «Исатайдың бейіті жайында» деген ма­қала жариялап, батырдың бейітін тауып,­ басына ескерткіш орнату мәселесін кө­терді. Жұмалиевтің құс жолындай ша­ңытып жатқан ғылыми даңғылына көз салсақ, «Қазақ эпосы мен әдебиеті тари­хының мәселелері», «Әдебиет теориясы», «XVI–ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті», «Махамбет», «Абайға дейінгі қазақ поэ­зиясы және Абай поэзиясының тілі», т.б. іргелі еңбектері айшықты, дара көрінеді.

1940 жылы Қажекең қазақ топы­­ра­ғында тұңғыш рет XVIII–XIX ға­сыр­­да­ғы әдебиет тарихынан диссерта­ция қор­ғады. Бүкіл екі ғасырдағы әдеби мұра­лар­дың кез келген тұсынан – толғаулар мен ­жырлардан, батырлық эпостары мен махаббат дастандарынан ұзақ-ұзақ үзінділерді жатқа оқып талдағанда, таң­данбаған жан қалмапты.

1946 жылы тағы да топ жарып, Абай поэзиясының тілінен докторлық диссертациясын Ленинградта қорғайды. Бұл қазақ әдебиеттану ғылымында бетбұрыс жасаған ғажап жаңалық болды. Күллі түркітілдес халықтар ішінен Қажекең тұңғыш рет омбыласа да, ойсырата тұрып әдебиеттану ғылымы даңғылын салып берді.

Ғалымды Қазақстанның бар өңірі, жоғары мектеп пен орта мектеп ұстаз­дары қадірлеп, сыйлады. 1968 жылы әдебиеттанудың хас таланты, өртеңнен қалған өр тұлға Қажым Жұмалиев дүние салды. Беу, дүние-ай, Ғылым акаде­мия­сының, Қазақ педагогика инсти­тутының, Жазушылар одағының самала залдарында академик, ғұлама ұстаз, жазушы һәм ақын, әдеби мұраны іздеудің жиһангері әрі руханият сардары аяулы Қажекеңнің, Қажым Жұмалиевтің ақ батасы, кәусар тілегі, үлгісі мен өсиеті, тәлім-тәрбиесі, шешендікпен нөсер­леткен дәрісі «ұлт тұрғанда мен ұмытылмаймын!» деген даналықты сездіріп тұрды.

 

Жұмабай ҚҰЛИЕВ,

журналист