
Бес күнге созылған бәсекеде ел намысын қорғаған 30-дан астам спортшылардың арасынан Нора Джеруто 3 000 метрге кедергілер арқылы, 5 000 метрге жүгіруде алдына жан салмады. Дейзи Джепкемей 10 000 метрлік қашықтықта шашасына шаң жұқтырмады. Биіктікке секіруде Елизавета Матвеева күміспен күптелсе, 20 шақырымдық спорттық жүрісте Ясмина Тоқсанбаева үздік үштікті түйіндеді. Тағы бір қоланы Дейзи Джепкемей қоржынға салды. Бұл медальды ол кедергілер арқылы жүгіруде жеңіп алды.
2023 жылы Тай елінде өткен Азия чемпионатында отандастарымыз 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 11-орынды қанағат тұтқан еді. Оңтүстік Кореяда 3 алтын, 1 күміс, 2 қола олжалады. Бірақ бұл көрсеткішке көңіліміз толады деп айта алмасақ керек. Себебі ең көп жүлде жиынтығы сарапқа салынатын спорт түрінде небәрі алты жүлде алуымыз тым жақсы нәтиже емес. Және де үш алтынды да кениялық легионерлер алып берді.