Туризм • 04 Маусым, 2025

Тарихы терең киелі мекен

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент халыққа арнаған Жолдауында «Абай облысын құруды ұсынамын» дегенде, семейліктердің төбесі көкке жетті. Өйткені тарихи тамыры терең көне өңір көбеңсіп бара жатқан. Әлеуметтік ахуалы да соншалықты жақсы емес еді. Облыс болып оңалып кетуіне күмәнмен қарағандар да табылды. Дегенмен бүгінде Абай облысы қоғам өмірінің барлық саласында қалыпты дамып келе жатыр.

Тарихы терең киелі мекен

Өңірлердің өркенін тек өндіріспен байланыстыру қазіргі кезде қисынсыздау. Себебі қазір туризмен бір өңірді ғана емес, бүтін бір елді қамтамасыз етуге болатынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың биылғы отырысында да айтып, туризм аймақтық дамуға серпін беретін сала екенін айтты.

Мысалы, Абай облысы десе ең алдымен еске түсетін тарихи нысандар мол. Бұл өңір – Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғалардың ізі қалған, Алаш ту тіккен тарихи мекен. Семей полигоны – ядролық сынақтар өткен қасіретті аймақ, Қоңыр әулие үңгірі – емдік қасиеті бар орын, Ертіс өзені – өңірдің негізгі су артериясы, әсем Тарбағатай таулары – табиғатың нағыз тал бесігі. Бұған қоса Семей қаласындағы тарихи ғимараттар мен мемориал-музейлердің орны мүлде бөлек. Бұл ретте Семей қаласының өзі үлкен бір туристік жобаға сұранып-ақ тұр. Елімізде мұндай тарих пен табиғаттың үйлесімі Орал мен Семейде ғана бар деуге болады.

Өңірдің осындай артықшы­лығын кеңінен зерттеген жергілікті билік жуырда Абай облысында тағы бір жағымды жаңалықты жария етті. Облыс әкімі Берік Уәли аймақта Туризм басқармасы құрылатынын мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, бұл шешім өңірдің туристік инфра­құрылымын жүйелі түрде дамытуға, ішкі және сыртқы туризмнің өркендеуіне серпін бермек. Өйткені қазір өңірдің ең басты туристік нысандарының бірі – Алакөлге деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Бұл үрдіс облыс үшін үлкен мүм­кіндіктерге жол ашады.

Осы орайда Абай облысының әкімі Мақаншы ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Алакөлдің жағдайымен танысып, туристік маусымға дайындықты пысықтады. Алакөлдің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында заманауи қоқыс жәшіктерін көбейту, қоғамдық әжетханалар санын арттыру, жағалауды абаттандыру, емдік балшық аймағын ретке келтіру, балаларға ар­налған ойын алаңдарын салу, өрт қа­уіпсіздігін күшейту секілді маңызды істер қолға алынып жатыр. Бұл бастамалар де­малушылар мен ем алушыларға қолай­лы жағдай жасап, туристердің санын одан әрі арттыруға мүмкіндік бере­тіні сөзсіз.

Бұған қоса Абай облысының біре­гей табиғи және тарихи-мәдени мұ­раларын қамтитын бірнеше туристік бағыт­тары қалыптасып үлгерді. Айта­лық, Бесқарағайдағы Шошқалы көлі, Абай ауданындағы Құнанбай әуле­тінің қорымы, Қоңыр әулие үңгірі, Жи­дебайдағы «Абай-Шәкәрім» кесенесі, Бөрілідегі Мұхтар Әуезов музей-үйі, Үр­жар ауданындағы «Тарбағатай» ұлттық паркі, Аягөз ауданындағы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мазары, Мақаншыдағы «Барлық Арасан» шипажайы, Шүлбі су қоймасы, тағысын-тағылар. Бұл ту­ристік нысандар тек ішкі ғана емес, ха­лықаралық деңгейдегі туристердің де қызығушылығын тудырып отыр.

Туризмді дамыту үшін білікті мамандар даярлап, қызмет сапасын жақ­сарту керек. Облыстағы туристік кәсіп­керлікті қолдау, инфрақұрылымды ны­ғай­ту, экотуризмді дамыту өңірдің эко­но­микалық әрі әлеуметтік өрлеуіне ық­пал етеді.

Қорыта айтқанда, Абай облысының туризм саласындағы әлеуеті зор. Бұл саланың аясын кеңейте түссе өңірдің дамуына септігі мол тиеді. Осы ретте туристік нысандарды дамытуға мем­лекеттік қолдау көрсетілсе, жергілікті билік бағдарлы, белсенді қызметі ар­қылы өлкені еліміздің сындарлы саяхат орталықтарының біріне айналдыруға бар күш-жігерін жұмсауға дайын.

 

Абай облысы