
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
АҚШ-тың Кенеди әуежайында Джон Смит есімді кісі, кезіккен адамға «Дүниедегі ең жаман нәрсе не?» деген сұрақ қояды. Кенет бір монахтың алдына келіп:
– Дүниедегі ең жаман нәрсе не? – дейді сұрағын қайталап.
Сонда монах:
– Сен кімсің?– дейді.
– Мен – Джон Смитпін!
– Ол жай ғана есімің ғой, сен кімсің?
– Мен журналиспін! – дейді Джон.
– Ол сенің атқаратын қызметің ғой, сен кімсің?
– Адаммын!
– Бұл сенің биологиялық атауың ғой, сен кімсің?
Джон үнсіз қалады.
– Міне, дүниедегі ең жаман нәрсе – өзіңнің кім екеніңді білмеу, – дейді монах.
Расында, данышпандарды ойға қалдырған бірегей сауал осы. «Мен кіммін? Не істеп жүрмін? Қайдан келдім? Қайда барамын?»
«Шынды бiлмек ойласаң сен,
Алдыменен жанды бiл.
Ең керектi үш сұрақпен,
Жан құлағын қой бұрап:
«Келдiм қайдан? Қайтсе пайдам?
Өлгеннен соң не болам?
«Мен» деген – жан, ақыл – айнам,
Жоғала ма сол шын-ақ»,
дейді Ш.Құдайбердіұлы.
Расында, Толстой айтқандай, «жан үшін сүрген өмір рахат сыйлайды да, тән үшін сүрген ғұмыр азап тартқызады». Имам Раббани «Мактубат» кітабында білімді атақ пен мақтанға жету үшін ізденген ғалымның тәкаппарлығы артып, мінезі бұзылатынын, ал ақиқат мақсатпен ізденген ғалымның адамдығы көркейетінін жазады. Өзін тану, өзіңнің кім екеніңді білу адамдық мұрат десек, осы мұрат жолында күрескен жандардың іргелі тұлғаға айналғанын көреміз. Демек әл-Фарабидің пікірі растыққа жақын. «Кемелдікке ұмтылу – өмірдің мәнін құрайды».