
фото: ашық дереккөз
Қала әкімі алдымен Сайран шағын ауданында болды. Бұл ауданда көркейту жұмыстары 10 мамырда басталған. Жоба шеңберінде 14 аула жаңғыртылып, көлге апаратын жол салынады. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жолы мен спорт алаңдары жаңартылып, көше шамдары, бейнебақылау құрылғылары орнатылады. Дархан Сатыбалды мұндағы тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныстарына құлақ асты.
Қала басшысы аяқ тіреген келесі маңызды нысан «Тигрохауд» сауда орны. Онда қайта жаңарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Жақында аумақ көлемі 7000 шаршы метрге дейін ұлғайтылады. Соның нәтижесінде шамамен 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Әуезов ауданындағы маңызды мәдени орындардың бірі - Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театры. Театрда жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жаңарту барысында жаңа сахна, заманауи техникалық құралдар орнатылып, театр аумағы көркейтіледі.
Сондай-ақ, Әуезов ауданындағы қалалық емханада да күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір 58 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсететін медициналық мекеме жоғары жүктемемен жұмыс істейді. Жөндеуден соң емхана қызметін пайдалану тұрғындар үшін әлдеқайда оңтайлы болмақ.
Дархан Сатыбалды жауапты мамандарға барлық жоба уақытылы орындалуын, жұмыстардың сапалы жүргізілуін, сондай-ақ нысандардың барлық санаттағы азаматтар үшін қауіпсіз әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Дамира ТӨЛЕГЕН
ЕҰУ студенті