Шараға қатысқан бүлдіршіндер үшін мазмұнды әрі қызықты бағдарлама ұсынылды. Атап айтқанда, жедел мақсаттағы бригаданың кинологтары жаттықтырған «Самурай» атты қызметтік иттің арнайы қойылымы көрермендер көңілінен шықты.
Іс-шара барысында бүлдіршіндер тас жолға сурет салып, ән мен би сайыстарында өнер көрсетті. Балалар Ан-74, Ан-26, Y8 ұшақтарын, сондай-ақ Ми-8 және Ми-171 тікұшақтарын өз көздерімен көріп қана қоймай, олардың кабиналарына кіріп, отырып көрді. Сонымен қатар әскери бронды және патруль машиналарының ішіне де еніп, өздерін нағыз сарбаздардай сезінді. Бұл техника түрлерінің арасында тек әскери мақсатта ғана емес, сонымен қатар арнайы операциялар барысында қолданылатын техникалар да болды.
Сонымен қатар Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен сахналық көріністер ұсынып, балаларға ерекше әсер сыйлады. Аниматорлар дайындаған қойылымдар мен би флешмобы да балалардың белсенді қатысуымен өтті.
— Ұлттық ұлан қолбасшылығы әскери қызметшілердің отбасына үнемі көңіл бөліп отырады. Бүгін балаларымыз түрлі қызыққа кеңелді. Ата-ана ретінде айтар алғысымыз зор, — деді іс-шараға қатысушы Гаухар Багашарова.
Ойындар мен байқауларда белсенділік танытқан балаларға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтің атынан алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Кішкентай қонақтар Ұлттық ұланның әскери қызметшілері дайындаған бұл мерекелік шарадан көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Айта кетейік, балалар назарына ұсынылған «Барыс» 6 × 6, «Алан-2», сондай-ақ жауынгерлік қорғаныс деңгейі жоғары «Cobra II» броньды машиналары биылғы елордада өткен әскери парадқа қатысқан болатын.