
Мысалы, медициналық және әлеуметтік тәуекелдерді уақтылы анықтау үшін педиатриялық көмекті ұйымдастыру стандартына сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында ерте араласу және даму орталықтары құрылады. Аталған орталықтарда балаларда аутизмді ерте анықтау үшін модификацияланған «M-CHAT-R» скринингтік тесті жүргізіледі.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында еліміздің 12 өңірінде (Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары, сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкент қалаларында) ірі оңалту орталықтарын салу жоспарланды. Оның ішінде 2023 жылы төрт оңалту орталығы пайдалануға берілді: Семей және Тараз қалаларында (әрқайсысы 150 орындық), ал 2024 жылы – Кентау (200 орындық) және Орал қалаларында (150 орындық). Бұдан басқа, қазіргі уақытта Ақтөбе, Ақмола және Атырау облыстарында орталықтардың құрылысы жүргізілуде, оны 2025-2026 жылдары пайдалануға беру жоспарлануда. Қалған өңірлерде жер учаскелері анықталып, құрылыс бойынша ұйымдастырушылық іс-шаралар жүргізілуде.
Сонымен қатар, 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен, «Қамқорлық қоры», «Samruk-Kazyna Trust» қорларымен және әкімдіктермен бірлесіп, 7 қалада (Шымкент, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Тараз, Қостанай және Ақтөбе) аутизм спектрлі бұзылуы бар және өзге де ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған күндізгі орталықтар ашты.
Сондай-ақ, 2025 жылдың соңына дейін ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдауды реттейтін жаңа заң әзірлеу жоспарлануда.
Өмірінің алғашқы айларынан бастап даму қаупі бар және кемістігі бар балаларды кешенді қолдаудың негізгі құрамдастырының бірі даму скринингтерін, сондай-ақ балалардың дамуын мониторингтеу бойынша жаңа нұсқаулықты енгізу болып табылады. Қазір республикада «Алғашқы 1001 күн» жобасы іске асырылуда, оның шеңберінде жас балалардың тіркелімі әзірленіп, енгізілуде. Бұл құрал туындаған проблемаларға жауап беруден оларды ерте ескертуге көшуге мүмкіндік береді.
Осылайша, біздің елімізде даму ерекшеліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар үшін мемлекеттік қолдаудың әр түрлі нысандары іске асырылуда. Бұл шаралар отбасыларға осындай балаларды күту мен тәрбиелеудегі қиындықтарды жеңуге көмектесуге, сондай-ақ қажетті қызметтер мен төлемдерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған (мысалы, мүгедек балалардың ата-аналарына арналған ай сайынғы жәрдемақы, медициналық-әлеуметтік сараптама және т.б.).
Балаларды қорғау және қауіпсіздік мәселесі еліміздің мемлекеттік саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады. Ол үшін елімізде осы бағыттағы заңнамалық және институционалдық шаралар дәйекті түрде қабылдануда. Мысалы, Қазақстан балалардың құқықтарын қорғау саласындағы барлық негізгі халықаралық-құқықтық құжаттарды, оның ішінде 30 жыл бұрын қол қойылған Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады.
2024 жылдың сәуірінде Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауаптылықты күшейтетін әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігі туралы заңға қол қойды. Бұл жаңалықтар қазақстандық қоғамды жаңғыртуға, отбасы институтын және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Бұдан басқа, Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді, оған бірқатар маңызды бастамалар кірді. Төтенше жағдайларда балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа ден қою алгоритмдері бойынша ұсынымдар әзірленді. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың басында Президент «Қазақстан балалары» кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы бағдарламаға бастамашы болды.
Бұдан басқа, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында елімізде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жұмыс істейді. Еліміздің 20 өңірінде балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер тағайындалды. Оқу-ағарту министрлігінің жанынан Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Осыған ұқсас 235 комиссия жергілікті деңгейде де жұмыс істейді.
Сондай-ақ республика бойынша «111» тәуліктік желісі қолданылады, онда балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кешенді көмек көрсететін психологтар мен заңгерлер жұмыс істейді.
Осылайша, Қазақстанда заңнамалық шараларды, институционалдық тетіктерді және шұғыл психологиялық көмекті қамтитын балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғаудың кешенді жүйесі дәйекті түрде қалыптастырылуда.
Қазақстанда ана мен баланы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көп деңгейлі жүйесі жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта Қазақстанда балалары бар отбасыларға республикалық бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақылардың 5 түрі және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан, сондай-ақ жергілікті бюджеттен әлеуметтік төлемдердің 2 түрі төленеді.
2023 жылы қабылданған Әлеуметтік кодекс шеңберінде мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ұлғайтылды. Егер отбасының әрбір мүшесінің табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен болса, мемлекет отбасына қосымша атаулы әлеуметтік көмек көрсетеді. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға қосымша көмек көрсетіледі.
2025 жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 6,5%-ға ұлғайды. Ағымдағы жылы туылған бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК (149 416 теңге), төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК (247 716 теңге) төленеді. Бұдан басқа, мемлекет бала 1,5 жасқа толғанға дейін оған күтім жасау бойынша жәрдемақы бөледі (балалар санына байланысты 5,76-дан 8,90 АЕК-ке дейін). Бұдан басқа, МӘСҚ-дан жүктілігі және босануы бойынша демалыстың барлық күндеріне жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындалады.
Бұған қоса, көп балалы аналардың беделін арттыру үшін «Күміс алқа» және «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған әйелдерге табысына қарамастан төленетін өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы да тағайындалады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бастап еліміз бойынша қазақстандықтарға мемлекеттік қолдау шараларын барынша қарапайым, қолжетімді және қауіпсіз алуға арналған «Әлеуметтік әмиян» цифрлық жобасы қолданылады. Бұл құрал атаулы әлеуметтік көмек құралдарын азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алу немесе мектептерде ыстық тамақ алу сияқты қатаң белгіленген мақсаттарға пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай пакет әл-ауқаттың негізгі деңгейін қамтамасыз етеді және балалар кедейлігі қаупін азайтады.
Жыл сайын ТЖМ жылыту маусымы басталғанға дейін республикалық өрт қауіпсіздігі науқаны шеңберінде өтеусіз негізде орнату үшін халықтың әлеуметтік осал топтарының (оның ішінде көп балалы отбасылардың) жеке тұрғын үйлерін газ бен жану өнімдерінің қауіпті шоғырлануын айқындау датчиктерімен жарақтандыру деңгейіне мониторинг жүргізеді.