Балалар • Кеше

Әрбір бала қорғауда: Қазақстан балаларды қорғауды күшейтеді

90 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда балаларды зорлық-зомбылық пен құқық бұзушылықтан қорғаудың кешенді тәсілі іске асырылуда. Бірқатар ведомстволармен бірлесіп, ІІМ зорлық-зомбылыққа, қудалауға және кибербуллингке ұшыраған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету жөніндегі бірыңғай әдістемені бекітті, деп жазады Egemen.kz ақпарат агенттігі. 

Әрбір бала қорғауда: Қазақстан балаларды қорғауды күшейтеді

Әр мектепке полиция қызметкерлері бекітіліп, әр өңірде балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне бірлесіп ден қою бойынша ведомствоаралық мобильді топтар құрылды.

2025 жылы мектептер мен колледждерде әр түрлі әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық туралы 50 мыңнан астам дәрістер мен әңгімелер өткізілді. Республика бойынша «Жасөспірім» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді, оның шеңберінде 26 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін 4 мыңнан астам интернет-ресурстар бұғатталды.

Заңнаманы жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді. Осылайша, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған заң шеңберінде кәмелетке толмағандарды зорлағаны үшін тек қана өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылды, ал буллинг үшін жеке әкімшілік бап енгізілді. Сондай-ақ, балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы істер бойынша татуласу мүмкіндігі алынып тасталды, ұрып-соғу, азаптау және денсаулыққа зиян келтіргені үшін жазалар күшейтілді, 16 жасқа толмаған адамдарға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны және өз-өзіне қол жұмсауды насихаттағаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді.

Мемлекет түбегейлі ұстанымды көрсетеді: баланың қауіпсіздігі – ымыраласуға келмейтін сөзсіз басымдық.

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтылған тапсырмасы бойынша бала құқықтарын қорғау жөніндегі барлық шараларды біріктіретін 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы әзірленуде. Жұмысты Оқу-ағарту министрлігі бейінді ведомстволармен, Парламентпен және Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп жүргізеді.

Осы бағдарлама бойынша ұсыныстар әзірлеуге «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің мүшелері, сарапшылар, ҮЕҰ, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысатынын атап өткен жөн.

«Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы – бұл тең мүмкіндіктерге, әрбір баланы ерте қолдауға және қорғауға бағытталған балалардың мүддесі үшін тұрақты мемлекеттік саясаттың негізі.

Балалар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – ТЖМ жүйелі түрде жүзеге асыратын маңызды міндет. «Біртұтас тәрбие» жобасы аясында 870 мыңнан астам оқушы қамтылды, эвакуациялау бойынша тұрақты жаттығулар, кадет сыныптарымен сабақтар және бүкіл ел бойынша 2500-ден астам «Жас құтқарушы» үйірмелерінің жұмысы жүргізілуде.

Жазғы кезеңде су қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады: тек 2025 жылы ғана құтқару бөлімшелерінің қызметкерлері 5 мыңнан астам баланы жүзуге үйретті, сондай-ақ суда құтқару және суға батқандарға алғашқы көмек көрсету дағдылары бойынша 43 мыңнан астам оқушыны қамти отырып, 651 практикалық сабақ өткізді.

Сонымен қатар, балалар лагерьлерінің мұғалімдері мен қызметкерлерін төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға даярлау бағдарламалары іске асырылуда.

Мұндай тәсіл тәуекелдерге дайындық деңгейін арттырып қана қоймай, сонымен қатар балаларда жауапкершілік пен өзара көмек сезіміне тәрбиелейді.