Саясат • Кеше

Экспорт әлеуеті сараланды

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Астана халықаралық форумы аясында Ауғанстан сауда және өнеркәсіп министрінің міндетін атқарушы Нуриддин Азизимен кездесу өткізді. Онда сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Экспорт әлеуеті сараланды

Көлік-логистика, геологиялық барлау, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, денсаулық сақтау, білім беру және тағы басқа салалардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге назар аударылды.

Қазақстан Ауғанстанның негізгі сауда серіктестерінің ондығына кіреді. Өткен жылы тауар айналымы 545,2 млн долларды құрады, оның ішінде қазақстандық өнімнің экспорты – 527,7 млн доллар.

Тургунди-Герат трансауған темір жолын салу мәселелері талқы­ланды. Жобаны іске асыру өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Ауғанстан Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көпір болып саналады және «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқара алады. Ауғанстан аумағында қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлау, өндіру және өңдеу бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға отандық компаниялардың қатысу жоспарлары қаралды.

«Қазақстан өңірдің орнықты дамуы үшін халықаралық қоғам­дас­тықтың күш-жігерін шоғырлан­дыруға ұмтылады. Бүгінде еліміз Ауғанстанның негізгі сауда серік­тес­терінің ондығына кіреді және Ауғанстандағы азық-түлік дағдарысын еңсеру бойынша халықаралық серіктестермен және ұйымдармен белсенді ынтымақтасады. Қазақстан Ауғанстан нарығына астық пен ұн­ның сенімді жеткізушісі болып қала береді. Астықтың басқа түр­лерін, мал шаруашылығы өнімдерін, конди­терлік және ұн өнімдерін жеткізуді бастауға дайынбыз. Жалпы, біз тауарлар номенклатурасын кеңейтуге мүдде­­лі­­міз. Сол үшін Гератта да «Қазақ­станның сауда үйін» аштық және Кабу­лда да қазақстандық сауда үйін ашуға ниеттіміз», деді О.Бектенов.

Нуриддин Азизи Ауғанстанның Қазақстанмен бірлескен жобаларды іске асыру саласындағы өзара іс-қи­мылды кеңейтуге мүдделілігін жет­кізді. Кездесуге қатысушылар отан­дық ауыл шаруашылығы техникасын Ауғанстан нарығына экспорттау келешегін ерекше атап өтті.

Бұдан бөлек, жақында Алматыда ашылған БҰҰ Өңірлік орталығының Орталық Азия және Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі қыз­­ме­тіне назар аударылды, ол өңір­дің тұ­рақтылығын нығайтуға және қар­­қынды дамуына елеулі үлес қосады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық бағыттар бойын­ша жан-жақты өзара тиімді ынтымақ­тастықты нығайту ниеттерін жеткізді.