
Кездесуде Мәулен Әшімбаев Еуропа Кеңесі бүкіл әлемде адам құқықтарын, демократия және заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында маңызды рөл атқарып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ палата спикері Қазақстан Парламенті мен ЕКПА арасында ынтымақтастық орнағалы бері өткен 20 жылда көптеген бағыт бойынша тығыз және тиімді өзара іс-қимыл жолға қойылғанын тілге тиек етті.
Сұхбат кезінде тараптар демократиялық жаңғыру және Әділетті Қазақстан қалыптастыру барысында Қазақстан мен Еуропа Кеңесінің бірлескен жұмысындағы өзекті мәселелерді де талқылады. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан реформалардың маңызына және палатаның оларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жолындағы қызметіне тоқталды. Бұл ретте елдің саяси жүйесін демократияландыру және адам құқықтарын қорғау, гендерлік теңдік жүйесін нығайту, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, билік тармақтары арасындағы, сондай-ақ орталық пен өңірлер арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің тепе-теңдігін қамтамасыз ету бағыттарында жүргізіліп жатқан жұмыстар кеңінен сөз болды.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстан құру тұжырымдамасын іске асыру аясында ауқымды және жан-жақты реформалар жүргізіліп жатыр. Олардың мақсаты – заң үстемдігін нығайту, адам құқықтарын қорғау, билік тармақтары арасында өкілеттіктердің теңгерімді бөлінуін қамтамасыз ету және орталық пен аймақтық билік органдары арасындағы үйлестіруді күшейту. 2022 жылы суперпрезиденттік жүйеден күшті Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға көшуге арналған конституциялық түзетулер қабылданды. Оны қазақстандықтар жалпыұлттық референдумда қолдады. Осы саяси және экономикалық реформалардың іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Парламент қызметінің негізгі басымдығы екенін атап өткен жөн», деді Сенат төрағасы.
Сонымен қатар кездесуде қазіргі сын-қатерлер жағдайында рухани дипломатияны ілгерілетудің маңызына баса мән берілді. Осыған байланысты Еуропа Кеңесінің Бас хатшысына биыл қыркүйекте өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының
VIII съезіне дайындық барысы және бұл бағыттағы басқа да жобалар туралы мәліметтер берілді.
Өз кезегінде Ален Берсе Қазақстанның Еуропа Кеңесімен ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға және маңызды бастамаларды бірлесіп іске асыруға мүдделі екенін жеткізді.