Форум • Кеше

Серіктестікке серпін беру – бірегей міндет

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астана халықаралық форумы аясында Қазақстан – Италия жеткізу тізбегі бизнес-форумы болды. Оған екі елдің жоғары лауазымды тұлғалары қатысты. Ауқымды іс-шараға «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз», «Eni», «Maire Tecnimont», «Ansaldo Energia» сияқты жетекші ұйымдар және басқа да салалардағы ірі қауымдастықтар мен компаниялардың өкілдері қатысып, Шығыстан Батысқа тартылған жеткізу тізбегін кеңінен талқылады. Бұл екі ел арасындағы әріптестіктің стратегиялық маңыздылығы мен саяси өзектілігін одан әрі айқындай түседі.

Серіктестікке серпін беру –  бірегей міндет

Фото: primeminister.kz

Форум екіжақты қарым-қатынас­тардағы маңызды кезең – инновация­лар, өнеркәсіптік өсу мен тұрақты трансшекаралық ынтымақтастықтың катализаторы болуды мақсат етеді. Осы­лайша, Қазақстан мен Италия ара­сын­дағы логистика, сауда, өнеркә­сіптік жобалар мен жеткізу тізбегін дамыту мәселесін талқылау үшін негізгі алаңға айналады. Бұл – былтыр Миланда басталған және биыл күзде Миланда өтетін келесі кездесуде аяқталатын кең стратегиялық бас­та­маның маңызды қадамы. Форум жа­һан­дық жеткізу тізбегінің негізгі сек­тор­ларында Италия мен Қазақстан арасындағы ұзақмерзімді ынтымақ­тастықты құруға бағытталған өршіл жол картасының орталық кезеңі болады деп күтіледі.

Іс-шара екіжақты ынтымақ­тастық­тың перспективаларын талқылау, іскерлік байланыстарды нығайту және қосылған құн тізбегі бойынша – логистика мен өнеркәсіптік кооперациядан бастап жоғары технологиялар мен «жасыл» энергетикаға дейінгі бірлескен жобаларды іске қосу үшін маңызды алаңға айналды. Нәтижесінде, форум аясында жалпы сомасы 180 млн еуроны құрай­тын 10 меморандумға қол қойылды. Жобалар стратегиялық салаларды қамтиды – машина жасау, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығын қайта өңдеу, металлургия, логистикалық үдерістерді цифрландыру, сондай-ақ Қазақстанда бірлескен өндірістер құру арқылы Еуропа, Орталық Азия мен Қытай нарығына шығу.

«Форум сауда-экономикалық әріп­тестікті нығайтудың негізгі алаңы­на және жаһандық өзгерістер жағдайындағы стратегиялық диалогке ұмтылыстың символына айналды. Қазақстан Италиямен жан-жақты, прагматикалық және ұзақмерзімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. Біз тек сауданы кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар жаһандық логистика қайта құрылып, протекционизм мен әлемдік экономиканың цифрлануы күшейіп жатқан кезде халықаралық жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге қабілетті тұрақты әрі инновациялық экожүйе қалыптастырып жатырмыз», деген Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев форум Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық қатынастардың жаңа кезеңі басталғанын білдіретінін айтты.

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің» басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов форум аясында CDP Cassa Depositi Көпжақты институттар мен мемлекеттік даму банктерін қаржыландыру бөлімінің басшысы Дэвид Петранжелимен кездесті. Қос тарап Италияның «SACE» экспорттық-кредиттік агенттігімен («SACE» CDP компаниялар тобына кіреді) ынтымақтастықты одан әрі күшейту мәселесін алға тартты.

«Қазақстан мен Италияға бірлескен кәсіпорындар құру үшін бар мүмкіндік жасалған. Бұл – жан-жақты дамып, жаһан­дық нарықтарды бағындыратын жол. Одан бәріміз де ұтамыз. Біздің елге бұл технологиялар мен еуропалық жет­кізу тізбектеріне шығу болса, Ита­лияға – шикізатқа тікелей әрі тұрақ­ты түрде қол жеткізу арқылы өндіріс құнын төмендету мүмкіндігі. Біз Қазақ­станда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті италиялық компа­ния­ларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», дейді «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің» басқарма төрағасының орынбасары Аян Бектібаева.

Өткен жылы «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» мен Италия­ның экспорттық-кредиттік агент­тігі «SACE» өзара түсіністік туралы ме­морандумға қол қойған еді. Құжат Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-экономика­лық ынтымақ­тас­тықты кеңейтуге, Орталық Азияда бизнес жүргізуге ниетті италиялық компанияларды қолдауға, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорын­дардың Италия нарығына шығуын және онда тұрақты түрде сау­дамен айналысуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы, форум аясында келелі келіссөздер өтіп, бірқатар маңыз­ды бастамалардың алғышарты да қалыптасып жатты. Халықаралық спикерлердің сөзіне қарасақ, әлем дәл қазір бейбіт жолмен қалыптаса­тын даму моделіне, тығыз әрі адал экономикалық қарым-қатынасқа аса мұқтаж. Бұл орайда Қазақстан­ның тиімді талқы алаңын ұсынып, арағайындық танытуын сарапшылар өте жоғары бағалайды. Форум аясында жаңа коллаборациялар құрылып, бірлескен жобаларды жүзеге асырудың егжей-тегжейі пысықталды. Талқы алаңына жиылған спикерлер негізінен технология мен тауар алмасу мәселелеріне айырық­ша назар аударды. Франциялық кәсіп­кер Пьер Мореннің айтуынша, Фран­ция Қазақстанмен экономика­лық ынтымақ­тастықты өрістетуге құлшынып отыр.

«Біз әсіресе атом энергетикасы, сирек жер металдарын өңдеу, фармацевтика бағыттарында үлкен әлеует бар деп есептейміз. «Servier», «Sanofi» компанияларымен келісімдерге қол қойылды, сондай-ақ зерттеу саласында «Paris-Saclay» университетімен мәміле орнады. Сонымен қатар цифрлы технологиялар, бұлтты шешімдер және жасанды интеллект бағыттарында да әріптестікті дамытып жатырмыз», дейді кәсіпкер.

Италиялық қаржы комиссиясының төрағасы Марко Оснатоның айтуынша, Қазақстан мен Италия қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді деп айтуға толық негіз бар.

«Біз италиялық тауарлар үшін Қазақстанның да маңызды нарыққа айналғанын қалаймыз. Қазір Италия – Қазақстанның бесінші сауда серіктесі. Негізінен агроөнімдер, дизайн, жо­ғары технологиялар мен логистика­лық құралдар экспортталады. Бүгін инфрақұрылым және энергетика салаларындағы стратегиялық жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды», дейді.

Сыртқы саясат пен қауіпсіздік мәселесі де талқыдан тысқары қалған жоқ. Сан алуан тақырыпты жалау еткен сессиялардың қорытындысы ортақ тұжырымға келіп тіре­леді, ол – әлемді бейбітшілікке бастайтын және қауіпсіз келешекті қалыптастыратын жалғыз жүйе демократия екені ғана.

«Президент айтып өткендей, қазір әлемде елу шақты ел қарулы қақ­тығыстарға ұшырап отыр. Сәйкесінше, ол осындай қақтығыстардың 19 трлн доллар көлемінде шығын келтіргендігін бекер айтқан жоқ. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері кез келген келіспеушілікті бейбіт ұстаныммен шешу керек деген тұжырымды қалқан етіп келеді. Тіпті қан-қасап соғыстардың өзін дипломатия жолымен шешу керек деген ұстанымда», деп пікір білдірді Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.

БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Стивен О’Малли 2023 жылдан бері БҰҰ-ның халықаралық форумның стратегиялық серіктесі екенін айтып өтті.

«Бүгінде біз Қазақстан шын мәнін­де, халықаралық диалог алаңын құра алды деп нық сеніммен айта аламыз. Мұн­да тек келісімдерге қол қойылмайды, мұнда әлемдік ынты­мақтастықтың алдағы уақыттағы векторы анықталып, пікірлер қалып­тасып, ұсыныстар жасалады», деп ойын қорытты.