
Суреттерді түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ
Қазақстанның аса маңызды халықаралық форумға шақырғанына ризашылығын білдірген Италия Премьер-министрі Орталық Азия-Италия серіктестігі жөнінде айтты. Сондай-ақ біздің елдің үкіметімен арадағы стратегиялық ынтымақтастықтың мән-маңызына тоқталды.
«Бүгін менің Италия Республикасы Министрлер Кеңесінің төрағасы ретіндегі Қазақстанға алғашқы ресми сапарым басталады. Мен мұны хаттамалық сапар ғана деп есептемеймін. Біз осы сапарды Қазақстан Үкіметімен арадағы стратегиялық ынтымақтастықты қаржыландыру тұрғысынан, қалыптасып жатқан байланыстарды нығайту тұрғысынан бекіткіміз келеді», деді Италия Үкіметінің басшысы.
Сонымен қатар мәртебелі қонақ Орталық Азия – Италия серіктестігінің негізгі секторларын атады. Сөйтіп, энергетика, технология, сирек шикізат қоры туралы да ойын білдірді.
«Сіздер Азиядан Еуропаға дейін, Жерорта теңізінен Тынық мұхит аймағына дейін тұтастық тұрғысынан көз саласыздар. Егер осы форумға ұран етіп алынған келешекті қалыптастырғымыз келсе, батылдық танытып, географиялық шекарадан шығып, жаңа жолға түсуіміз керек», деді ол.
Оған қоса Джорджа Мелони Италияның аймақтағы ықпалдастық байланысына негіз болып отырған салаларды атап көрсетті.
«Біз мұны өзара қарым-қатынасымызды бекем ететін, бәрімізді біріктіріп үлгерген бағыттардан бастадық. Мен бұл жерде ынтымақтастықтың дәстүрлі сегментіне айналған энергетика секторын айтып отырмын. Технологиядағы бейтараптылық қағидатынсыз орнықты экономиканың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаймыз. Мен сондай-ақ аса маңызды сирек шикізаттарды негізге алып отырмын. Бұл саладағы ынтымақтастығымыз ортақ табыс пен өзара мүмкіндіктерге бағытталған», деді Италияның Премьер-министрі.
Ол Орталық Азияны Еуропа мен Азия арасындағы байланыс бекеті деп есептейтінін де мәлімдеді.
«Қазіргі ахуалды бағамдап отырмын және бұл аймақ әрдайым Шығыс пен Батыс арасындағы жолайрық болып келгенін, жаһандық сценарийде оның стратегиялық маңызы артып келе жатқанын көріп отырмын. Қазіргідей ауыр кезеңде Орталық Азия әрдайым жер шары ғасырлар бойы бастан өткеріп келе жатқан трансформация мен өзгеріс орталықтарының арасында көпір болып тұрды. Бұл аймақ – екі құрлық арасындағы көпір, Еуропа мен Азия арасындағы байланыс бекеті және қақтығыстар арасындағы байланыс айлағы», деді.
Джорджа Мелони Орталық Азиядағы күрделі экологиялық мәселелерге де тоқталды.
«Экологиялық сын-қатерлер ойымда. Өйткені қазір Аралды құтқару мәселесіне, Арал мұрасына деген күш-жігерімізді жаңартып жатырмыз. Бұл – біздің парызымыз және оны қорғау біздің міндетіміз. Италияның Климаттық қорын осындай жобаларды жүзеге асыруда пайдалануға болады», деді.