
Алдау әдістері қандай?
- Телефон арқылы сан соқтыру. Ең кең таралған әдістердің бірі – «туысқаны» немесе «банк қызметкері» болып қоңырау шалу. Алаяқтар төтенше жағдайды сылтауратып, ақша аударуды сұрайды. Мұндай кезде телефон арқылы жеке мәліметтерді айтпаған жөн. Ақпаратты тексеру үшін туыстарға немесе банкке қайта қоңырау шалу қажет.
- Интернет арқылы арбау. Жалған сайттар, «ұтыстар» туралы хаттар – алаяқтардың жиі қолданатын әдісі. Бұл ретте қарттарға бейтаныс сілтемелерге өтпеу керектігін түсіндіру керек. Компьютерге немесе телефонға антивирус орнату, күмәнді сайттарды бұғаттауды да ескерту маңызды.
- Әлеуметтік инженерия. Алаяқтар өздерін әлеуметтік қызметкер, полиция қызметкері немесе сатушы ретінде таныстырып, түрлі ұсыныс жасайды. Мұндайдың алдын алу үшін үлкендерге бейтаныс адамдарды үйге кіргізбеуді, ресми тұлға екенін дәлелдейтін құжаттарын сұрауды ескертіңіз.
- Қаржы пирамидалары. Алаяқтар егде адамдарды аз инвестиция салып, мол пайда табуға шақырады. Осындай пысықайлардың қармағына түсіп, жиған-терген қаражатынан, мал-мүлкінен айырылған адамдар өте көп. Сол үшін аға буынға күмәнді схемаларға ақша салмау, ақшаға қатысты шешім қабылдамас бұрын туыстарымен ақылдасу абзал.
Қарттарды алаяқтардан қорғау – жақындарының жауапкершілігі. Тұрақты байланыс, қауіпті алдын ала түсіндіру және қарапайым қауіпсіздік шаралары олардың қаржысы мен тыныштығын сақтауға көмектеседі.