
Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Нұрасыл Мұратовтың айтуынша, жобаға өңір кәсіпкерлерінен 29 өтінім түскен. Семей қаласын қоса есептегенде 40-тан астам кеңес беру шарасы, 20-дан астам қатысушы өз өнімдерін ұсынған жәрмеңке ұйымдастырылған. Жобаның маңызды кезеңдерінің бірі – брендтік комитет пен арнайы комиссияның жұмысы. Нәтижесінде, төрт кәсіпкер жеңімпаз болып танылған.
– Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік гранттар байқауының нәтижесінде екі қатысушы – Раушан Мұқажанова мен Гүлмира Айғожина 5 миллион теңгеден грант иегері атанды. Қомақты қаражат олардың өндірісін кеңейтіп, жаңа нарыққа шығуына мүмкіндік береді. Былтырғы жеңімпаздар Нұрзия Тәшімова мен Айзере Амангелдиева Кәсіпкерлер палатасы арқылы өнімді ілгерілету, патенттеу, маркетплейстерге шығу, бренд айдентика жасауға қатысты арнайы курстан өтті, – дейді Н.Мұратов.
Грант иегері Гүлмира Айғожина жобаның артықшылықтары туралы айта келіп:
– Біз өз идеямызды нақты жұмыс істейтін бизнеске айналдыруға мүмкіндік алдық. Жаңа білім мен технологияларды меңгеріп, серіктестер мен жеткізушілерді табу дағдыларын үйрендік, сапалы өнім шығара бастадық. Өнімді өткізуге, табысты арттыруға қол жеткіздік. Алдағы уақытта өнімімізді брендке айналдырып, оны кеңінен танымал еткіміз келеді. Бұл – өңірдегі жергілікті тауарлар мен қызметтердің өндірісін дамытуға, тек жергілікті шикізатты пайдаланатын өндірушілер бірлестіктерін құруға бағытталған жоба, – деді.
Абай облысы