Балалар • Кеше

Ұрпаққа қамқорлық – басты назарда

80 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұрпағына барын берген ұлтымыз баланы өмірдің мәні мен сәні, жалғасы көреді. Бұл мұрат мемлекет миссиясында көрініс та­уып отыр ма? Үкімет деңгейінде еліміздің ертеңі болар бүгінгі буынға қандай жағдай жасалып жатыр? Нәтижелер нені көрсетеді? Балалар күні қарсаңында шағын шолу арқылы жоғарыдағы сұрақтарға жауап табуға тырыстық.

Ұрпаққа қамқорлық –  басты назарда

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Құқық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен үш жыл бұрын Балалар әл-ауқатының индексі енгізілді.

«Қазақстан балалары» онкүндігі аясында Оқу-ағарту министрлігі 2024 жылға арнал­ған Балалар әл-ауқаты индексінің алдын ала қорытындыларын шығарды. Сол қорытын­ды­лар­ға қарасақ, биыл ерекше назар аударылған басты бағыттың бірі – балалардың құқықтық жағы­нан қорғалу деңгейі болды. Жинақталған деректерге сәйкес, бұл көрсеткіш 90%-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда тұрақты оң динамиканы көрсетіп отыр. Әлеу­­мет­тік зерттеулер нәтижесінде оқушылардың басым бөлігі өз құқықтарын біліп, олар бұзыл­ған жағдайда қайда жүгіну керегін жақсы түсі­не­тінін көрсеткен.

Оқу-ағарту министрлігінің мәлім­деуінше, көрсеткіштің өсуі алдын алу және ақпараттық түсіндіру шарала­рының көп­теп қолға алынуымен байланысты. Атап айтқанда, осы жыл­дың басынан еліміздің бар­лық мектебінде бала­лар­дың құқықтық сауаттын арттыру, құқық қорғау жүйесіне сенімін нығайту мақса­тында «Мен өз құқығымды білемін» ақпараттық айдары іске қосылды.

Биылғы оқу жылында ба­лалардың жағ­дайын жақ­­сар­туға, әсіресе әлеуметтік қолдау мен қауіп­сіздігін күшейтуге бағытталған үш негізгі заң қабылданды. Соның нәтиже­сін­де, Қа­зақстанда алғаш рет жетім және ата-анасының қа­рауын­сыз қалған балалар үшін тәлімгерлік институты құ­рыл­ды. Балалар қауіпсіздігін қам­та­масыз ету бағытында заңға 94 (тоқсан төрт) өзгеріс енді. Балаға қатысты жасалған зорлық-зомбылық үшін жауап­кер­шілік күшейтілді. «111» байланыс орталығының қызметі бекітілді. Бала құқы бойынша өңірлік уәкілдер институты пайда болды. Сонымен қатар  жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау жөнінде маңыз­ды қадамдар жасалды. Олар­дың отбасында өмір сүру және тәрбие алу жағ­­дай­ларын жақ­­сарту мақсатында кәсіби қа­был­­дау­шы отбасы енгізілді. Ал қам­­қор­шылық орган­дары мамандарының штат саны – 5 мың балаға кемінде бір маман болып бел­гіленді.

Қауіпсіздік. «Келешек мек­тептері» ұлттық жобасы аясында салынған білім ошақ­тарында қауіпсіздік жүйесі күшейтілген. Мектептер заманауи бейнебақылау және ғимаратқа кіріп-шыққандарды қадағалау жүйелерімен қам­тамасыз етілген. Бастауыш және жоғары сыныптар бөлек блоктарда оқиды.

2024–2025 оқу жылынан бастап, еліміздің барлық бала­бақша, мектеп және коллед­жінде 1 қыркүйектен бастап балаларға қорғану негіздері бойынша оқыту сабақтары ұйымдастырылады. Осыған орай Оқу-ағарту министрлігі «Жеке бас қауіпсіздігі» тақырыбында 130 сабақ әзірледі. Бұл сабақтың мақсаты – балалардың бойында жеке қауіпсіздігін қорғауға қатысты саналы және жауапты қарым-қатынас қалыптастыру, сондай-ақ төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындау. Осы сабақтарда балаларға олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті білім мен дағдылар ғана емес, сондай-ақ әлеу­меттік жауапкершілік пен құзыреттілік тура­лы түсіндіріледі. Сабақ апта сайын сынып сағаты аясында 10 минут шамасында өткізіледі. Бір тақырып жылына үш рет қайталанады. Сабақ барысында практикалық кеңестер, ойын­дар, оқытудың интерактивті әдістері, демонстрациялар, бейнероликтер, материалды барлық жастағы балалар үшін қолжетімді және түсінікті етуге көмектесетін практикалық оқы­тудың басқа да нысандарын қолдану ұсы­­нылады.

Осы қадамдарға қоса Оқу-ағар­ту министр­лігі мен Ден­саулық сақтау министр­лі­гінің бірлескен жұмысы нәти­жесінде білім беру ұйым­да­рын­дағы бала­лар­дың тамақтану стандарттары қайта әзірленді. Бұл да балалардың қауіп­сіз әрі жайлы ортада сапалы білім алуына бағыт­тал­ған.

Жайлы жағдай. Жоғарыда аталған ұлттық жоба балалар­дың тұрғылықты жеріне қара­мастан, заман талабына сай жағдайда сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағыт­­тал­ған. Бұл мектептердің жартысына жуығы ауылдық елді мекендерде салынып жатыр. Осылайша, 200 мыңнан астам ауыл баласын заман талабына сай жайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жоспарланған.  Мұндай білім ордасында көлемі типтік жобаларға қарағанда 15-20%-ға үлкен, ал техникалық жарақтануы жағынан 4 есеге артық. Мектептерде роботтехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары, 4 спорт залы бар, заманауи пәндік кабинеттер, алғашқы әскери дайындық үшін арнайы ашық алаңдар қарастырылған. Ұлт­тық жоба шеңберінде салынған барлық мектеп заманауи жи­һаздармен және оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталып, әрбір оқу кабинеті үшін қажетті техникалық құралдар жиынтығы қамтамасыз етілген. Бұның барлығы ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білім сапасын көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар онда интернет желісіне кемінде 100 мегабит жылдамдықпен қосылу мүмкіндігі қам­тамасыз етіледі. Мектептің әр қабатында кітап қоймасы, оқу залдары, медиатека, электронды кітапханалар және оқуға арналған коворкинг аймақтары жеке кітапханалық кеңістік орналастырылған. Оқушыларды еңбекке бау­лу және шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында мектептерде әмбебап шеберханалар мен студиялар, сондай-ақ бастапқы кәсіби білім беруге арналған арнайы жабдықталған кабинеттер қарастырылған. Атап айтқанда, тігін, аспаздық, ақпараттық технология (ІТ), ағаш шеберханасы және басқа да бағыттар бойынша оқу бөлмелері қажетті заманауи жабдықтармен толық қамтылған.

Сала министрлігінің дерегі бойынша, Білім саласындағы қолжетімділік пен теңдікті қамтамасыз ету Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарындағы «Сапалы білім беру» жалпыұлттық басым­дығының бірінші кезектегі міндеті ретінде айқындалған. Соған сай 2021 жылы балабақша, мектеп, колледждерге педагог-ассистент қызметіне арнайы штат енгізілді. Педагог-ассистент ПМПК ұсынымдары немесе білім беру ұйымының психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қыз­метінің шешімі негізінде баланың сыныпта (топта) өз бетінше оқу қабілетін қалыптастырғанға дейін жеке сүйемелдеу бойынша қызметтер көрсетеді. 2022 жылы ерекше білім беру қажеттілігін баға­лау ережесі, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу ережесі бекітілді. Елімізде мектепке дейінгі, орта, техникалық-кәсіптік білім беруді дамытудың 2023–2029 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасында даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту нысаналы индикаторы көз­делген. 2024 жылдың қоры­­тындысы бойынша қамту 85% құрады. Биылдан бастап мүге­дектігі бар балалар үшін колледжге түсу квотасы 1 пайыздан 10 пайыз­ға ұлғайтылды.