
Бұл қалқымалы қоқыс жобасы – қоршаған ортаға пайдасын тигізеді. Әсіресе су бетінде жиналып қалған қоқыстарды тазартады. Құрылғының прототипі су айдындарын тазарту және экологиялық жағдайды жақсарту бойынша үлкен жобаға негіз бола алады.
Стартап жоба «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС және «The Ulytau educational foundation» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Туған жерге қамқорлық» атты байқауда жүлделі орын алып, 1 500 000 теңге сыйақы алды.
Сондай-ақ «TAU» командасы «экотазартқыш» жобасын облыс көлемінде қорғап, Астана қаласында өткен «Smart city» инновациялық жобалар байқауында сертификатқа ие болса, республикалық «Steam local change» байқауында жеңімпаз атанып, арнайы грантқа қол жеткізді.
Сонымен қатар балаларды ғылымға баулыған мұғалімдердің еңбегі де республика деңгейінде насихатталып отыр. Қазір жобаға авторлық патент алу жұмысы жүзеге асып, жоба жетекшісі Маржан Аханова Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұсынған «Ауыл мектептері педагогтерінің озық тәжірибелерін тарату бойынша әдістемелік ұсынымдар» әдістемелік жинағына енді.
Жақында Ұлытау облысы білім басқармасының дарынды балаларды анықтау және қолдау жөніндегі «Ұлытау дарыны» орталығының ұйымдастыруымен №8 гимназияда жалпы білім беретін пәндер бойынша 8-11 сынып оқушыларының республикалық ғылыми жобалар байқауы өтті. Осы байқаудың екінші кезеңінің қорытынды нәтижесінде Ұлытау ауданындағы №1 тірек мектебінің оқушысы Аида Еркеғұлова «Экономикалық және әлеуметтік үрдістерді математикалық модельдеу» бағыты бойынша «Экотазартушы» тақырыбында жобасын қорғап, жүлделі орын иеленді.
Ұлытау облысы