Сұхбат • Кеше

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, академик: Көптомдық Алаш идеясының жалпыұлттық ұстанымға айналғанын көрсетеді

220 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

«Алашорда ісі» деп аталатын он екі томдық құжат­тар жинағын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қара­ша­дағы Жарлы­ғына сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау ісі арнасында атқарылған көпсалалы қызметтің маңызды нәтижесі ретінде қарастырған орын­ды. Осынау мәні зор еңбекке ғылыми жетекшілік еткен тарих ғылымда­ры­ның докторы, профессор, ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдімен әңгімелескен едік.

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, академик: Көптомдық Алаш идеясының жалпыұлттық ұстанымға айналғанын көрсетеді

– Мәмбет Құлжабайұлы, сіздің ғы­лыми жетекшілігіңізбен жарық көр­ген он екі томдық «Алашорда ісі» қо­ғамда ерекше толғаныс тудырды. Атал­ған жинақ қоғамда толғаныс тудырар­лықтай қандай өзекті мәселе­лер­ді қам­тыды? Әңгімені осыдан бастасақ.

– Бұл тақырыпқа байланысты мынадай жағдайды ескерген жөн. Өткен ХХ ғасырда бар болғаны он жыл аралығын­да (1928–1938) қазақ ұлты екі мәрте саяси басшылықсыз қалды. Алғаш рет 1928–1932 жылдары Қызылорда мен Алма­тыда басталып, Мәскеуде аяқталған сот процестері нәтижесінде алаштық буын (100-ге жуық) саяси күрес кеңістігінен күресінге ығыстырылып, жойылды.

1925 жылы басталған екінші буын ұлттық саяси бас­шылықты жою үде­рісі 1937–1938 жылдары жаппай реп­рессиялық шаралармен аяқталды. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, ұлттық саяси басшылыққа бай­ланысты жүргізілген қуғын-сүргін қо­ғам­ның басқа да әлеуметтік бөліктерін қам­тыды.

Кеңестік кезеңде Алаш қозғалысы тарихын ғасыр басындағы Ресей империя­сындағы саяси-әлеуметтік өзгеріс арнасында қарастырумен шектелуге тура келді. Бұл мәселенің табиғи болмысын неғұр­лым терең және тура түсінуге мүмкіндік бермейтін әдіс еді. Өйткені Алаш қоз­ғалысы мақсат-мүддесі тұрғысынан метрополиядағы саяси-әлеуметтік маз­мұндағы қозғалыстардан мүлдем бөлек, яғни ұлт-азаттық ұстанымдағы қозға­лыс болатын. Сондықтан да оның мақ­сат-мүддесі өзінің антиколониалдық мазмұ­нына сәйкес Азия, Латын Америкасы және басқа құрлықтардағы ұлт-азаттық қозға­лыстар контексінде қарастырылғаны жөн. Большевизм мен Алаш қозғалысы арасындағы қарулы қақтығысқа ұласқан қайшылық, міне, осы ерекшеліктерден бастау алғандығын елеусіз қалдыру әді­летсіздік болар еді.

– Алаш қозғалысының өкілдері мен больше­вик­тік билік ара­сын­дағы көз­қарас айыр­машылығына тоқтал­саңыз.

– ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамын­да қалыптасқан жағдай ұлттық жаңғыру­ға деген ұмтылыс сипатын алып, күн тәрті­біне ең өзекті мәселе ретінде екі нәрсені шығарды. Олар, біріншіден, қазақ қоға­мы алдында Ресей өкіметі тарапынан қарқынды түрде жүргізілген қазақ жерін отарлау ісіне шек қойып, тоқтату міндеті. Екіншіден, ұлттың ішкі өміріне қатысты мәселелерін өзіне шешуге мүмкіндік беретін мемлекеттілік түрін қалыптастыру міндеті тұрды.

ар

Бұл екі доминантты мәселе жалпы­империялық саяси күшке айналған боль­шевиктер партиясы мен қазақ азат­­тық қозғалысы арасындағы бітіспес қай­шы­лыққа айналды. Олардың мұндай кедергіге жолығуы толық табиғи нәрсе-тін. Өйткені марксизм – тапаралық күрес. Ол пролета­риат диктатурасының орнауына соқтырмай қоймайды. Про­лета­риат диктатурасы тапаралық тең­сіздікті жоюға алғышарт түзбек деген ұстанымды басшылыққа алып, би­лікке келген бетте бұл қағиданы им­пе­рия құ­рамындағы барлық халықтың өміріне ультиматумдық тұрғыдан енгізу жолына түсті.

Ал Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ азаттық қозғалысының басшылығы ұлт ішінде тапаралық күрес отын жағу идеясын қазақ қоғамы үшін зиян­ды ұстаным есебінде қарастырды. Яғни оны антиколониалдық күрес арнасында тұрған елдердің күшін әлсіретуге соқ­тыра­тын арандатушылық әрекет есебін­де қабылдады.

Большевиктер көздеген мақса­тына жұмысшы табын және басқа таптық қанаудағы бұқараны азат етуді пролетариат диктатурасы аталатын билік жүйесін орнату арқылы жетуді көздеген бол­са, алаштықтар өз мақсатына жалпы қазақ ұлтын отарлық тәуелділіктен азат ету және жаңа сұра­нысқа жауап бере алатын ұлттық мемлекеттілік құру арқылы жеткізуді көздеді.

Жалпыимпериялық сипат алған большевизм қозғалысы мен алаш-қазақ ұлт-азаттық қозғалысы арасындағы принциптік айырмашылық олардың осы көздеген мақсат-мұраттарынан, соған сәйкес қолда­нысқа түскен әдіс-құралдарынан бастау алды. Біздің түсінігімізде бұл екі қоғамдық ағым арасындағы іргелі айырмашылық ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының жүріп өткен азапты жолын тура түсінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол кеңес өкіметі тарапынан жүргізілген экспериментке жақын әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың себеп-салдарын талдағанда есепке алынуға тиісті.

– Егер большевиктер партиясы билікке келмегенде қазақ қоғамының өз бетінше жол таңдау мүмкіндігі қандай дәрежеде еді? Осы мәселені ұлт өміріне қатысты тарихи фактілерге сүйене отырып аша түссеңіз.

– Большевиктер партиясы мен кеңес өкіметі қазақ ұлты үшін баламасыз билік түрі еді деген ойды орнық­тыруға көп күш жұмсалды. Осы орайда мына­дай жағдай­ға тоқталу маңызды. ХХ ғасырдың алғаш­қы 20 жылында пат­шалық әкімшілік­тің жүр­гізген отар­лық саясатына ұлт та­рапы­нан көрсетілген қарсылық бары­сында заман сұранысына жауап ретінде оның саяси басшылығы қалыптасты. Бұл өмір­лік қажеттіліктен туындаған табиғи құ­былыс еді. Ахмет Байтұрсынұлы бұл әлеуметтік-саяси топты «ұлттық бас­шы­лық» деп атады. Ол туралы ОГПУ тергеу­шіле­­­ріне берген жауабында таратып айтты.

Бұл саяси басшылықтың ұлт өміріне бағыт-бағдар беруші күш ретінде танылуы күрделі де арпалысты 1916–1920 жылдармен тұспа-тұс келді. 1917 жылғы ре­волюциялық өзгерістер тұсында қа­зақ қоғамында өмірге келген Қазақ коми­теттері, оларды өмірге әкелген жетпіске жуық қазақ съездері, Алаш партиясы, Алаш­орда автономиясының үкіметі ре­тінде құрылған Алашорда – Халық ке­ңесі үкіметі осы саяси басшылықтың шығар­машылық ізденісі мен мақсатты қыз­метінің нақты көрінісі болды. Сондай-ақ бұл аталған құрылымдар коммунистік партия мен кеңес өкіметіне балама ұлттық-саяси құрылымдар еді. Ал олардың өмір­ге келуі, біріншіден, қазақ жеріндегі ресей­лік отар­лаушы әкімшілік қызметінің терең дағда­рысқа келіп тірелгендігінің көрінісі бол­са, екіншіден, азаттық қозғалыс басшы­лы­­ғының қазақ елінің заман талабына ла­­­йық өсуі мен өзгеруін қамтамасыз ете ал­­маған отарлаушы жүйеге берген жауа­бы еді.

Қазақ халқының өзінің саяси бас­шылы­ғымен бірлікте бұл жолғы мемлекет құру әрекеті сәтсіз аяқталды. Оның екі себе­бін бөліп атаған жөн. Бірін­­­шіден, қазақ этносының соңғы бір­неше ғасыр көлемінде мемлекеттілік дер­бестігінен айырылып, басқа елге кіріп­тарлыққа ұшырауы оған заман сұра­ны­сына лайық дербес эконо­микалық өм­ірін қалыптастыруға мүм­кіндік бер­меді. Ал заман сұранысына лайық дербес ұлт­тық экономикасы жоқ халық тәуел­сіз­дігін қорғай алмайды. Екін­ші­ден, әлгін­де ғана қалыптасқан ұлттық саяси бас­шылық орыс демократиялық күш­те­ріне сүйеніп, ұлттық мемлекеттілікті жаң­­ғырту мүмкіндігінен үміттенді, бірақ бұл үміт ақталған жоқ. Өйткені орыс қоға­­мындағы барлық саяси партия ұста­ны­мында ұлыдержавалық көзқарастың басым­дық алуы қазақ елінің мемлекеттік дер­­бес­тікке қол жеткізуіне мүмкіндік бермеді.

Адамзат тарихындағы соңғы жүзжыл­дықтар әрбір ұлтқа өз бірегейлігін ұлт­тық мемлекеттілік құру арқылы ғана сақтай алатындығын көрсетті. Ұлттық мемле­кеттілігіне сүйенген халық өзін еркін және қауіпсіз сезінеді, азаттығы мен тәуел­сіздігін қорғауға әзір тұрады. Ке­рісін­ше, мемлекеттілігі жоқ халық, Ә.Бөкейхан айтқандай, жалтақ, өзгеге ергіш, өз мүмкіндігіне сенбейтін, өз байлығына өзі ие емес тобырға айналмақ.

– Cіз бір сұхбатыңызда ең маңыз­ды деп үш құндылықты атайсыз. Ол – ұлт, жер, мемлекет. Қысқаша осыған тоқталып өтсеңіз.

– Көптомдықтың жетінші томында «Жер мәселесі – қазақ «ұлтшылдары» үшін басты мәселе» деген тақырыппен біраз құжат берілді. Отандық тарихнамада алғаш рет қазақ жері үшін күрес барысында қалыптасқан оппозициялық қызметті құжаттық материалдар негізінде көрсету жинақтың осы жетінші кітабында біршама қарастырылды.

Мәскеулік орталық өкіметтің қазақ же­ріне байланысты құбылмалы-қитұрқы, ал түптеп келгенде, ұлыдержавалық сая­са­тына ашық қарсылық танытқан егін­ші­лік министрлерінің (Ә.Әлібеков, Ж.Сұл­танбеков), қазақ «ұлтшылдарының» қар­сы­лығын сындыруға жіберілген Ф.Голо­щекинді саяси басшылықтан кетіруге күш салған қазақ оппозиционерлері­­нің (С.Садуа­қасұлы, Ы.Мұстамбаев, т.б) риза­шылық туғызатын жігерлі қызме­тіне қатысты құжаттық материалдар көп­том­дықтың 7 және 8-томдарында берілді.

Соңғы тақырыпқа байланысты сая­си сауатты алғашқы буын қазақ офи­цер­ле­рінің де мүдделілік танытқанын айт­қан жөн. Жинақ­тың 4-томында, мәселен, бір топ қазақ әскерилерінің Алматыға жер аударыла келген Л.Троцкиймен арнайы кез­десіп, революция көсемдерінің бірі­не өздері маңызды санаған сұраулар қойып, бұл әрекеттері олар үшін трагедиялы аяқтал­ғанын куәландыратын материалдар берілді.

Кеңестік идеологияның ықпалымен ғылымда «байлар» атанған дәулетті отбасы­лармен ишан, имам сияқты дін қызметкерлеріне байланысты біржақты жағымсыз көзқарас қалыптасып, бұл әлеу­меттік құрылымдардың қоғамның көпқырлы күрделі өмірінде атқарған қызметі мен үлесін айтуға тыйым салынды. Тура осы тыйым салуды, мәселен, бұл әлеуметтік құрылымдардың қоғамның ауыр күндерінде, ұлт-азаттық қозалыстың өрлеу жылдарында оған жасаған аса маңызды қолдауларына байланысты да айтқан жөн. Прогрессивті ұстанымдағы байлар мен дінбасыларының халық қарсылығына байланысты ұстанымын байқаған ОГПУ органдары оларды сая­си репрессияға алуымен жауап берді. Көптомдықтың 9 және 10-томдарында ­осы тақырыпқа қатысты құжаттық мате­риалдар орналастырылды.

Көптомдықтың 11-томында 1929–1931 жылдарғы халық көтерілістері мен толқуларына қатысты құжаттық материалдар берілді. Халық наразылығының қарулы көтерілістер түрінде көрінуіне себепші болған мынадай жағдай еді. 20-жылдардың соңына қарай елдің ауыр күйін білдіріп, оны қорғай алатын алаш­тық буын абақтыға жабылып, ал осы ұстанымдағы мемлекеттік басшылықта жүргендері биліктен кетіріліп, іс жүзінде халық өз мүддесін қорғай алатын саяси басқарушы күшсіз қалған еді. Міне, осы жағдайда, өкіметтің апатты әлеуметтік-экономикалық курсына қарсы қолына қару алып, халықтың өзі шығуға мәжбүр болды. 11-томда берілген құжаттық материалдар – кеңестік реформалардың қа­рапайым халық өміріне қарсы маз­мұнда жүргізілгендігінің құжаттық көрінісі.

Ондағы мақсат осы арпалысты қар­сыласу барысында Смағұл Садуақасұлы бастаған екінші буын қайраткерлердің нақты әрекеті мысалында қалыптасқан оппо­зициялық қызмет туралы мынадай мазмұндағы мәліметті беру болды. Бі­ріншіден, осы буын ұлттық саяси қайраткерлерге тән өр мінез, ерік-жігер­дің биіктігін, мұндай қасиеттердің олар­дың ұмтылысынан анық байқалға­нын, екіншіден, осы мазмұндағы қызмет­тің мәскеулік эмиссар Ф.Голощекинді Қа­зақ­­стандағы басшылықтан кетіру әре­кеті­нен нақты байқалғанын көрсету еді. Өз қыз­метінде мұндай мінезді анық та­ныт­қан С.Садуақасұлы Мәскеудегі бас­шы­лыққа жолдаған хатында «коммунизм құру жолына түскен елдің проле­тариаты мақ­сатына қанаудағы ұлттың мүд­десін құр­бан­дыққа шала отырып жете алады деген тұжырым қандай марк­сис­тік еңбекте жазылыпты?» деген мәселе қойды.

Мұндай әрекет немен аяқталды? Орта­лықтың жерге байланысты ұстанымына қарсылық көрсеткені үшін екі бірдей егіншілік министрлері, яғни Әлиасқар Меңдиярұлы Әлібеков (1924–1926) және Жағыпар Сұлтанбекұлы Сұлтанбе­ков (1926–1927) қызметтерінен алынып, репрессияға ұшырады. Ә.Әлібе­ков Ташкентке қызметке ығыстырылып, сонда жүріп құсадан қайтыс болды. Ж.Сұлтанбеков 1937 жылы атылды. Мәс­кеудегі басшылық Қазақстандағы қыз­меттен Ф.Голощекинді емес, алдымен С.Садуақасұлы мен оның «ұлтшылдық» ұс­та­нымындағы серіктерін (Ы.Мұстам­баев, Н.Кодаленко, т.б.) елдегі жоғарғы биліктен кетірді, сондай-ақ Мәскеулік ор­талық тарапынан «өз елінде қызметте қал­дыру қауіпті» деп танылған Т.Рысқұлов, Н.Нұр­мақов, С.Қожанов сияқты т.б. осы қатардағы қайраткер-тұлғалар Мәскеуге қызметке ауыстырылды.

– Қоғам осы уақытқа дейін Алаш та­қырыбына байланысты құпиялықтың себебіне енді ғана жауап ала бастаған делік. Соншалықты құпия ұс­тайтын­дай Алаш қайраткерлері қандай қыл­мыс жасап қойған еді?

– Егер ашығын айтсақ, ол «қылмыс» Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысы өкілдерінің саяси партия құрып, Алашорда үкі­ме­тін сайлап, әскер жасақтап, ұлтты тө­ніп ке­ле жатқан анархиядан, тонаушылық­тан азып-тозудан сақтауы еді. Сонымен қа­тар қазақ қоғамын революциялық аласапыраннан, қиянаттан қорғау мәселесі де күн тәртібінде тұрды. Соған байланысты келесі туындайтын сұрақ: алаштық саяси буын бастаған қазақ халқының империялық биліктің зорлығына қарсы көтерілуіне құқы бар ма еді? Біз бұл сауалға құқықтану ғылымынан іздеп, мынадай мазмұндағы жауапқа кезіктік: Ресейлік құқықтанушы ғалым С.Алек­сеев «Философия право» атты еңбегінде адамзат қоғамында құқық маз­мұн­дық тұрғыдан табиғи құқық және жа­ғымды (позитивті) құқық болып екіге бөлі­нетінін жазады. Яғни өмірге келген жеке тұлғаның, қоғамның Алладан алған та­би­ғи құқы бар. Еркін өмір сүру, еңбек ету, білім алу және басқалары. Ол табиғи құқық аталады.

Сонымен қатар өркениет жолында­ғы қоғамда қоғамдық қатынастарды рет­теп отыру мақсатында қажеттіліктен туын­дап, қоғамда қабылданған ережелер бар. Ол позитивті, яғни жағымды құқық аталады. Жеке адамның, халықтың өз тағдырына өзі ие болуы, ал халықтың мем­лекет құрып өмірлік мәселелерін өзі­нің шеше алу құқы бұл табиғи құқыққа жатады.

Міне, осы ақылға қонымды, қарапайым ғылыми тұжырымға сүйенсек, ХХ ғасыр басындағы Алаш-Қазақ халқының мемле­кеттілік үшін жүргізген күресі оның толық заң­ды табиғи ұлттық құқы болатын. Бұл ақи­қатты түсінуге көмектесетін құжаттық мате­­риал­дар кеңестік тарихымызда жа­бық ұс­талды. Со­лардың бірінен үзінді келті­рейін.

Мұстафа Шоқай «Советская власть и киргизы» ата­латын еңбегінде «Верхов­ный пра­витель» жариялаған Александр Колчак пен Алаш­орда үкі­метінің төрағасы Әлихан Бөкейхан ара­сын­дағы диалогтен үзінді келтіреді:

«Колчактың сұрауы: Алашорданы кім сайлады, қашан және қандай ресейлік билік арқылы оның осы құқығы бекітілді?

Алашорда үкіметі төрағасының жауа­бы: Алашорданы өкілетті жалпықазақ съезі сайлады және ол сырттан ешқандай бекітілуге мұқтаж емес!».

Қазақ елінің атынан берілген бұл жауап қазақ ұлты өз жерінде аман-есен тұр­ғанда еш уақытта өзектілігін жоймақ емес.

– Он екі томдық «Алашорда ісі» жина­ғына енген тағы басқа қандай маңызды та­қы­рыптарды бөліп атаған болар едіңіз?

– Бұл тақырыппен 35 жылдан аса уақыт тұрақты түрде айналысып келе­мін. Бас­қаша айтқанда, жинақты құрас­тыруға дайындық аз болған жоқ. Бұл тақырыптың ауқымдылығы сондай, оны толық игеріп кетуге бір адамның ғұмыры жетпейді.

Мәселен, алғаш рет Алаш қозғалысы басшыларының неге Семей қаласы мен оның өңірін, Ертіс және Есіл бойындағы елді мекенді өзінің тірегі есебі ретінде таңдағандығына, қазақ елінің алаштық басшы­лыққа сеніп, оның соңынан ерген­дігіне, азаттық үшін күреске қазақ қоға­мын­дағы дәстүрлі әулет өкілдерінің бел­сенді атсалысқандығына, қазақ қоға­мын­­да тоталитарлық режімге оппо­зиция­лық күштердің болғандығына (әскер адамдары, зиялылар, мамандар, қарапайым қоғам мүшелері және олардың, мәселен, Ф.Голо­щекинді биліктен кетіруге күш салған­дығына) құжаттық негізде жауап берілді. Бұл аталған мәселелерге байланысты жи­нақта ОГПУ-НКВД мекемелері жүргізген «Операция Парламент-2», «Жігіт» операциясы», «Сопы» опера­циясы», «Қарақұм» операциясы» сияқ­ты істердің құжаттық материалдары айналымға тартылды.

Мәселен, орта дәулетті Абайдың ұлы Тұрағұл Құнанбаев 1928 жылы 19 қара­шада тәркілеу ісіне байланысты құрыл­ған округ­тік комиссияға тапсырған арызын­да есімінің ел арасында танымал бола бас­тауын азаттық қозғалысқа қызмет жасауы­мен байланыстырып, «Алашордаға бір мен емес, Николайдың темір бұғауында жаншылған қазақ ұлының бәрі қызмет етіп, бәрі де еліктегендігін» ақиқатты қабылдай алған адамға бұл тарихи ақиқат екендігіне куәлік беріп, ал большевиктер билігіне қатысты «ол кезде кеңес өкіметінің жолы не екенін, халыққа пайда-залалы қандай екенін оқыған азаматтар болмаса, мен секілді оқымаған қара қазақтың бірі де білмей адасқан», деп көрсетті.

Алаштанушы Берік Әбдіғалиұлы кіта­­бында Алашорда үкіметінің Семей, Павлодар, Көкшетау, Ақмола қалаларын орталық ретінде алып, төрт полк және бір салт атты артиллериялық дивизион жа­сақтап, дивизия құру жоспарын­да бол­ғандығын жазады. Алғашқы 750 салт атты жігіттен, 28 офицерден тұрған әскер полкі Семей қаласында жасақ­талған. Мұн­дай әрекетті жергілікті халықтың, өңір­дегі ықпалды әулет және отбасылары­ның қолдауынсыз іске асыру, әрине, мүмкін емес-тін.

Көптомдықтың бірінші және тоғы­зыншы кітаптарында бұл іске Семей өңі­­рінен Ике Әділев, Қаражан Үкібаев, Құл­мырза, Ермұрза және Маты Қазанға­повтар, Солтүстік Қазақстан өңірінен Қафез Ай­басов, Мұхаметжан, Қайыржан және Қайролла Мәкеновтар, Арыс­тан Есенов, Байғазы Ахметов және басқа дәулетті отағасыларының қаржылай қол­дау жасағаны туралы құжаттық материал­дар арқылы баяндалды.

Шығыс Қазақстандағы азаттық қозға­лыс тарихында ұмытылмастай терең із қалдырған Райымжан Марсеков, Ахметжан Қозы­бағаров, Мәннан Тұрғанбаев, Шәкә­рім Құдайбердиев және басқа тарихи тұлғалардың қызметі көптомдықта құжат­тық материалдар түрінде өз орнын алды.

Осы тұрғыда көптомдықта берілген фактілер жиынтығы кем дегенде мынадай екі тұжырымға жетелейді: Біріншіден, патшалық, оның ізімен қазақ жерінде күшке сүйеніп орныққан кеңестік-мем­лекеттік жүйелер қазақ қоғамының үде­мелі дамуын қамтамасыз ете алмаған билік түрле­рі болды. Екіншіден, 1917 жылы қазақ елі аумағында уездік, облыстық (қай­сы­бір өңірлерде болыстық) деңгейде құ­рылған Қазақ комитеттері, жыл соңы­на қарай Алаш­орда өкіметінің өмірге ке­луі Ә.Бөкейхан бастаған азаттық қозғалыс басшылығының патшалық биліктің отар­­лау саясатына, сондай-ақ В.Ленин бас­та­ған большевиктер партиясының өктем ұстанымына берген жауабы-тын.

Ал ұлт тарихының аса жауапты сәтінде өмірге келген Алашорда өкіметі заңдық негізі айқын билік түрі болатын, ал оның биліктегі ұлыдержавалық саяси күштер тарапынан жойылуы антигумандық қиянат актісі есебінде мойындалуға лайық.

Міне, осы тұрғыдан көптомдықтың алғашқы алты томында берілген азаттық қозғалыс басшылығы мен осы ұстаным­дағы тұлғаларға қатысты жүргізілген тер­­геу материалдары мен ОГПУ жанын­да­ғы «үштік­тің» шығарған сот үкімде­рін, бірін­шіден, Алаш-Қазақ ұлт-азат­тық қоз­ға­лысын ұлттың тарихы жолындағы жағымсыз, реак­циялық құбылыс ретінде қара­лау әрекеті, екіншіден, қазақ халқы­ның мемлекеттік тәуелсіздігі идеясы ұста­нымындағы тұлғаларды саяси күрес кеңіс­тігінен біржола кетіріп жою ісі, үшіншіден, алаштық буын жүргізген азат­тық күресті ұлт жадынан өшіруді көзде­ген шараның көрінісі есебінде бағалануға тиіс.

Қазіргі таңда алашордалықтар ісіне бай­ланысты Қазақстандағы ОГПУ өкілі жанындағы «үштіктердің» шешімдері Қа­зақстан Республикасы Жоғарғы соты та­ра­пынан қайта қаралып сотқа тартылған тұл­ға­лардың ісінде қылмыс құрамы бол­ма­ғандықтан олар түгелдей ақталған (12-том).

Дегенмен осы уақытқа дейін бірін­ші тергеу ісі нәтижесінде атылған ­Ж.Ай­ма­уы­­тов­қа, Х.Ғаббасовқа, Д.Әділев­ке, ­А.Жү­сіп­овке және Ә.Байділдинге бай­ла­ныс­ты шығарылған үкімнің саяси астары белгі­сіз күйде қалып келеді. Ендігі жағдайда бұл тақырып шешімін таппаған жұмбақ күйінде қала бергені дұрыс емес. Біздің түсінігімізде аталған тұлғаларға байланысты қабылданған шешім қазақ азаттық қозғалысының бетін қайтару, оны сындыру, қозғалысты бастаушы күштерге, оның қолдаушыларына жасалған ескерту ретінде қабылданғаны орынды болмақ. Мұндай шешімге негіз боларлық басқа себеп жоқ-тын. Яғни ОГПУ органдары қазақ жерін­де күш алған ұлт-азаттық қозғалыс отын сөн­діру ісімен тікелей айналысты және оны өзі де іштей түсінді.

Әңгімеміздің соңында осы 12 ­том­дықты даярлау ісінде атсалысқан та­рих­шы әріп­­тестерімнің, Президент архи­вінің ұжы­мының еңбегін ерекше айту маңызды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ