Спорт • Кеше

Жарыс күнделігі

80 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бангкокта «Таиланд Оупен 2025» турнирінің ширек финалында көпшілік күткен жекпе-жек 65 кг салмақта өтті. Бұл бәсекеде әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов Париж Олимпиа­дасының қола жүлдегері Қырғыз Мұнарбек Сейітбекұлын ұтты. Нұрсұлтан Алтынбек (55 кг) жа­пониялық Сейджуро Мидзогутиді жеңді. Нұрзат Оңғаровтың (50 кг) оң­түстікореялық Таегюн Юннан, Диас Молжігітовтің (80 кг) индонезиялық Майхел Роберд Мускитен мысы басым түсті. Гүлназ Бөрібаева (48 кг) украиналық Ольга Шалимоваға есе жіберді. Жартылай финалдың алғашқы күні жерлестеріміз сәтсіз өнер көрсетті. Н.Алтынбек пен Д.Бекбауов ринг қо­жайындарынан ұтылды. Данияр Ра­қымбердинов (90 кг) қытайлық Хан Сю­женьге жол берді. Виктория Гра­феева (60 кг) мен Гүлсая Ержан (80 кг) өз қарсыластарын қапы қалдырды.

Жарыс күнделігі
  • Бакуде шағын футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатының топтық турнирінің соңғы матчында еліміздің құрамасы АҚШ-тан 5:3 есебімен басым түсті. Бірақ осы жеңістің өзі аяқдоп шеберлерімізге плей-офф сайысына жолдама алуға жеткіліксіз болды. Өз тобында Босния мен Герцеговина, Польшаны алға жіберген жерлестеріміз үшінші орын алып, аталған жарысты аяқтады.
  • Астанада әйелдер күресінен ел кубогі жолындағы жарыс аяқталды. Жарыста мына бұрымдылар алтыннан алқа тақты: 50 кг – Светлана Ан­кичева (Астана), 53 кг – Ирина Жәні­бекова (Қарағанды), 55 кг – Зүлфия Яхьярова (Қарағанды), 57 кг – Лаура Әлмағамбетова (Қостанай), 59 кг – Вик­тория Хусаинова (Ақмола), 62 кг – Тыныс Дубек (Алматы облысы), 65 кг – Елена Шалыгина (Астана), 68 кг – Бей­­біт Сейдуалы (Шымкент), 72 кг – Әл­­бина Қайыргелдинова (Ақмола), 76 кг – Елмира Сыздықова (Қарағанды). 
  • Астанада көркем гимнастикадан еліміздің чемпионаты өз мәресіне жетті. Жекелеген көпсайыста Айым Мейіржанова (Астана) алтыннан алқа тақса, Эрика Жайлауова (Астана) мен Милана Парфилова (Шымкент) екінші, үшінші орындарды еншіледі. Топтық жаттығуда елордалық арулар алдарына жан салмады. Олар жалпыкомандалық есепте де жеке-дара көш бастады.
  • Ресейлік Софья Лансеремен жұп құрған Сандуғаш Кен­жебаева Қытайдың Маньшан қаласында ұйымдастырылған ITF турнирінде топ жарды. Финалда олар Мэйки Го (Қытай)/Пеангтарн Плипуечті (Таиланд) 6:3, 3:6, 10:8 есебімен ұтты. Бұл – Сандуғаштың биылғы мау­сымдағы төртінші титулы. Бұған дейін қазақ теннисшісі Түркияның Ан­тальясында өткен үш турнирде бас жүлдені олжалады.
  • Маусым айының алғашқы он­күндігінде Германияда тректегі велоспорттан төрт бірдей дүбірлі дода өтеді. Олар – «Bahnen-Tournee» (1 мау­сым), «Oberhausener Nachtrennen» (6 маусым), «Bahnen-Tournee Darmstadt» (7-8 маусым), «Dudenhofen» (9 маусым). Неміс жеріндегі жарыста ел намысын Рамис Дінмұхамедов, Әлішер Жұмақан, Илья Карабутов, Андрей Чугай, Кирилл Курдиди, Рамазан Мұхтар, Данияр Шаяхметов сынды велошабандоздар қорғайды.