Заң мен Тәртіп • Кеше

Түзелуге ниетті адам қолдаусыз қалмайды

70 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір өз ортасына оралып, өмірін қайта бастағысы келетіндер үшін мүмкіндік мол, яғни түзелуге кедергі жоқ. Осы орайда Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) №55 түзеу мекемесі жұмысын мысал ретінде айта кетсек. Бұл мекеменің ерекшелігі – бірінші рет бас бостандығынан айыру жазасына кесілген, тиісінше қылмыстық субмәдениеттің ықпалына азырақ ұшыраған адамдар жазасын өтейді.

Түзелуге ниетті адам қолдаусыз қалмайды

Облыс прокуратурасы ҚАЖК-нің Шым­кент қаласы мен Түркістан облысы бойын­ша департаментімен бірлесіп және жергілікті атқарушы ор­гандардың қолдауымен сот­талғандардың жазасын өтеуіне тиісті жағдайды қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың қайта дұрыс жолға түсу тәрбиесіне жәрдемдесу жөнінде кешенді шаралар қабылдап келеді. Облыс әкімдігінің қолдауымен барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіл­ген медициналық бөлімшеге толық жөндеу жұмысы жүр­гізілді. Сондай-ақ жұқпалы аурулармен, тіс дәрігерінің, терапевтің кабинеттері, флюо­рография, FGDS, ультрадыбыстық диаг­ностика, процедуралық, таңу бөлмелері қызмет көрсе­тіп отыр. Көрсетілетін ме­дициналық қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында телемедицина белгіленіп, тиісті бағдарламалар жүргізілді. Сотталғандарды то­лық меди­циналық қарап-тексеруден өткізу тұрақты негіз­де жүргізіледі, ал ауыр ауру­лар анықталған кезде, адам­дар диспансерлік есепке қойы­лады, білікті дәрігерлерді тарта отырып, оларды неғұрлым те­реңдетіп зерттеп-қарап, емдеу жүргізіледі.

Сотталғандарды қайта қа­лыпты өмірге тәрбиелеуде олардың еңбекпен қамтылуы ерекше рөл атқарады. Қазіргі таңда мекемеде жұмыс атқарып жатқан 4 жеке кәсіпкер 320 сотталушыны жұмыспен қамтыды. Жуырда іске қосылған тігін шеберханасында 50 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сотталғандардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру негізінде облыс прокуратурасының бастамасымен спорт алаңының құрылысы басталып, бүгінде футбол, волейбол, баскетбол секциялары ұйымдастырылып жатыр. Сондай-ақ облыс әкім­дігінің қолдауымен 500 кітаптан тұратын кітапхана қоры жаңар­тылып, бейнелеу өнері мен музыка секцияларын ашу қолға алынды. Мекеме аумағында Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық №8 колледжі (жылыжай шаруашылығы және агрономия, электрик, токарь, ағаш ұстасы, газ-электр дәнекерлеуші, автомеханик) жұмыс істейді.

Сонымен қатар біздің баста­мамыз­бен өткен пробация­лық қызметтің проблемалық мәселелері бойынша ведом­ствоаралық кеңесте «Жол картасы» бекітілді. Онда барлық ауданның пробациялық қызмет­терін автокөлікпен, кеңсе техникасымен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікке есеп беретін адамдарды тарту, сотталғандарды әлеуметтендіруге жан-жақты көмек көрсету секілді бірқатар негізгі міндет бекітілді. Мүдделі тұлғалар мен олардың отбасыларына әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөнінде өзара іс-қимыл туралы қабылданған меморандумды іске асыру шеңберінде барлық мүдделі органның, отбасын қолдау орталықтары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, пробация, полиция, мансап орталықтары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері қыз­меткерлерінен тұратын мобильді топ құрылды. Жалпы, мобильді топ 9 аудан­да болып, 642 сотталған отбасының тұрмыс жағдайын тексеру барысында азаматтардың өте қиын өмірлік жағ­дайға тап болғаны туралы көптеген деректі анықтады. Атап айтқанда, өрттен кейін шаруашылық құрылыстарында уақытша тұру, баспананың және тиісті өмір сүру жағдайларының болмауы, атаулы әлеуметтік көмек алу қажеттілігі және тегін медициналық көмектің ке­пілдік берілген көлемі жайлы мәселелер. Қазіргі уақытта оларға тұрғын үй кезегіне тұруға көмектесу, жалдау ақысы мен ком­муналдық қызметтерді өтеу бойын­ша бірлескен шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар 152 көмекші тұлға бизнес ашуға мемлекеттік қолдау шараларын алуға ниет білдірді, соның ішінде 73-і – жеңілдетілген несие, 79-ы – қайтарымсыз гранттар. Атқарылған жұмыстар нәти­жесінде осы жылдың 1-тоқ­санының қорытындысында бойынша облыста қылмыстың қай­талану көрсеткіші 30%-ға немесе 20-дан 14-ке дейін төмендеді.

Көріп отырғанымыздай, соттал­ғандардың барлығы бірдей мемлекеттің оларды дұрыс жолға түсуге, қайтадан қылмыстық жолға түспеуіне жасаған мүмкіндіктерін түсіне бермейді. Сот­талғандардың бұл санатына тиісті кері шаралар қолданылады, атап айтқанда, қойылған шектеулерді бірнеше рет бұзған жағдайда оларды жаза мерзімін одан әрі өтеу үшін бас бостандығынан айыру орындарына жіберу мәселесі көтеріледі. Мәселен, былтыр және осы жылдың өткен мерзімінде прокуратураның қолдауымен пробация қызметінің ұсынуымен бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларды өтеу тәртібін бұзғаны үшін 212 адам түзеу мекемелеріне қайтарылды. Сонымен қатар профилактикалық ық­пал ету мақсатында сотталғандардың да, олардың отбасы мүшелерінің де қаты­суымен ашық сот процестері жүйелі түрде жүргізіледі.

Бұл жерде мемлекеттік орган­дардың  ғана емес, сотталғандардың отбасы мен қоршаған ортасының, жалпы қоғамның оларға әсер ететін маңызды рөлін атап өткім келеді. Сотталғандардың қоғамнан тыс қалғанына жол бермей, керісінше өз мемлекетінің толыққанды азаматы деген сезімге ие болуы өте маңызды.

 

Данияр СЫЗДЫҚОВ,

Түркістан облысы прокурорының бірінші орынбасары