
«AlphaEvolve»-тың басты ерекшелігі – үлкен тілдік модельдердің (LLM) шығармашылық қабілеті мен автоматты бағалау алгоритмдерін біріктіру арқылы үздік шешімдерді іріктеп, жетілдіріп отыруында тұр. Пайдаланушы белгілі бір есепті шешу үшін бастапқы алгоритм мен нақты бағалау шарттарын енгізгеннен кейін, AlphaEvolve жүйесі жүздеген, тіпті мыңдаған түрлі шешімдерді ұсынып, олардың ішінен ең тиімдісін таңдап алады. Осылайша жүйе уақыт өте келе біртіндеп ең үздік әрі тиімді алгоритмдер жиынтығын қалыптастырады.
Технология қазірдің өзінде тәжірибеде қолданылып үлгерді. Мәселен «AlphaEvolve» жүйесі «Google» компаниясының жасанды интеллектіге арналған тензорлық өңдеу блоктарының (TPU) дизайнын жетілдіруге көмектесіп, есептеуіш ресурстарды 0,7 пайызға үнемдеуге мүмкіндік берген. Сондай-ақ, инновациялық жүйе матрица көбейтудің бұрыннан танымал, неміс математигі Фолькер Штрассен 1969 жылы ашқан әдісінен жылдамырақ есептейтін жаңа алгоритм жасап шықты. Бұл есептеулер бүгінде нейрондық желілерді оқытуда кеңінен қолданылады. Сарапшылар «AlphaEvolve»-тың басқа да белгілі арнайы мақсаттағы алгоритмдерден, мысалы, бұрын ұсынылған «AlphaTensor»-дан асып түскенін айтып отыр. Халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдері жүйені жоғары бағалап, оның ғылымның көптеген саласында қолдануға болатынын айтады.
«DeepMind» өкілдері алдағы уақытта «AlphaEvolve» жүйесін ғылыми қоғамдастық үшін қолжетімді етуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл жасанды интеллектінің адамзат алдында тұрған күрделі міндеттерді шешуде маңызды серіктеске айналатынының тағы бір дәлелі болмақ.