Оқиға • 30 Мамыр, 2025

Астана форумында зияткерлік меншіктің болашағы талқыланды

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана халықаралық форумының аясында «Жасанды интеллект дәуіріндегі зияткерлік меншік» тақырыбында панельдік сессия өтті. Жиын барысында жетекші сарапшылар, саясаткерлер және цифрлық экономиканың өкілдері цифрлық трансформация дәуіріндегі зияткерлік меншікті қорғау мен реттеудің өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz

Астана форумында зияткерлік меншіктің болашағы талқыланды

Фото: Әділет министрлігі

Іс-шараны Әділет министрі Ерлан Сарсембаев ашып, Қазақстанның зияткерлік меншікті орнықты даму, инвестициялық ахуалды жақсарту және әділ ойын ережелерін қалыптастыру үшін стратегиялық ресурс ретінде қарайтынын атап өтті. Министр жасанды интеллекттің жедел дамуы аясында авторлар, әзірлеушілер мен қоғам мүдделерінің тепе-теңдігін сақтау мәселесінің маңызын ерекше атап өтті.

Панельдік сессияда Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Бас директоры Дарен Танг Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен келгенін айтты. Ол Қазақстанның осы саладағы болашаққа бағдарланған және теңгерімді саясат жүргізіп отырғанын, сонымен қатар жасанды интеллект пен цифрлық экономика жағдайында зияткерлік меншік жүйелерін трансформациялау бойынша жаһандық пікірталастарға белсенді қатысып отырғанын жоғары бағалады.

Пікір алмасуға Франция мен Солтүстік Македонияның министрлері, Малайзия мен Қытайдың делегациялары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері – Еуразиялық патент ведомствосының Президенті және Еуразиялық экономикалық комиссияның министрі қатысты. Үкіметтік емес сектор атынан Meta компаниясының өкілі алгоритмдік шығармашылық пен генеративті контентке байланысты авторлық құқықтарды қорғау тетіктерінің жаңа бағыттарын ұсынды.

Сессия зияткерлік меншіктің болашағы туралы стратегиялық көзқарастарды ортаға салған мазмұнды пікірталас алаңына айналды. Онда авторлық құқық ұғымдарын қайта қарау, құқықтарды қорғау мен инновацияларды ынталандыруға арналған икемді реттеу тетіктерін әзірлеудің өзектілігі атап өтілді.

Қазақстан әділ әрі тиімді зияткерлік меншік жүйесін қалыптастыру жолында ашық халықаралық диалог жүргізу арқылы өзінің белсенді ұстанымын тағы да дәлелдеді.