Президент • Кеше

Қасым-Жомарт Тоқаев Джорджа Мелонимен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

70 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Жиынға екі ел делегациялары қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Джорджа Мелонимен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Италия стратегиялық серіктес екенін атап өтті. Қос елдің қарым-қатынасы өзара құрметке, сенім мен ортақ мүддеге негізделген.

Президент мемлекеттер арасында тығыз саяси диалог орнап, берік экономикалық ынтымақтастық дамып келе жатқанын жеткізді. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыс беки түскеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Италияның Орталық Азиядағы жетекші серіктесі, ал Италия еліміздің сауда әріптестерінің үштігіне енетін және ірі инвесторларының бірі екенін айтты. Елдер арасындағы тауар айналымы 24 пайызға артып, өткен жылы 20 миллиард долларға жетті.

«Сіздің басшылығыңызбен Италия Үкіметінің Қазақстанмен арадағы тығыз қарым-қатынастарды сауда және инвестиция салаларында ғана емес, парламентаралық ықпалдастық бағытында дамытуға ұмтылысын жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ екіжақты гуманитарлық ықпалдастыққа да шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Сіздің бұл сапарыңыздың екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан маңызы зор. Халықаралық аренада Қазақстан мен Италияның байланыстары сенімді әрі стратегиялық серіктес сипатында жалғаса береді деп сенемін»,  деді Мемлекет басшысы.

Президент соңғы жиырма жылда Италия Қазақстан экономикасына 7,6 миллиард долларға дейін инвестиция құйғанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанда ENI, SDF Group, PetroValves, Maire Tecnimont және Ballestra секілді ірі инвесторлар бастаған 270-ке жуық италиялық компания табысты жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Джорджа Мелони екі ел арасындағы ықпалдастықты жоғары бағалап, оның стратегиялық серіктестік рухына сай келетінін айтты.

«Сізді көреген көшбасшылардың бірі санаймын. Қазіргі сын-қатерлерді терең түсінетін адаммен әңгімелесу мен үшін өте құнды. Осынау қиын кезеңде жақсы жаңалықтар да бар. Соның бірі – Италия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас. Біздің байланыстарымыздың деңгейі жоғары. Мұны бұған дейін бірнеше рет атап өттік. Дегенмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік жеткілікті. Менің сапарымның мақсаты да осы. Сіздің еліңіздің Батыс пен Шығысты байланыстырып жатқан алтын көпір ретіндегі тарихи мәнін жақсы білеміз», деді Италия Премьер-министрі.

Келіссөз барысында екіжақты күн тәртібінің негізгі бағыттарын қамтитын көптеген мәселе талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелони Қазақстан мен Италияның қарым-қатынасын қарқынды дамытуға ықпал ететін серіктестікті одан әр жандандырып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екендерін растады.