Саясат • 30 Мамыр, 2025

Орнықты даму – негізгі міндет

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Астана халықаралық форумына қатысу үшін келген БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Даму бағдарламасы Әкімшісінің орынбасары Хаолян Шумен кездесті. Онда Орталық Азия аймағындағы экология және климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыру саласындағы ынтымақтастық және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Орнықты даму – негізгі міндет

Сурет: primeminister.kz

Премьер-министр БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу Қазақстанның басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оны іске асыру жөніндегі міндеттер бірқатар стратегиялық құжаттарға кіріктірілген. Жалпы, БҰҰ-мен әріптестік орнатқан жылдар ішінде елімізде түрлі салада 200 жоба жүзеге асырылған. Соның ішінде қазір Қазақстанда 35 жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, олар – денсаулық сақтау саласын цифрлық трансформациялаудың кешенді тәсілдері, әлеуметтік қорғау бағдарламаларының тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру, энергия тиім­ділігі саласына инвесторларды тарту үшін жағдай жасау, ауыл шаруашы­лығы өндірісінің тұрақты жүйесін ілгерілету, адам құқықтарын қор­ғау­дың ұлттық тетіктерінің тиімділігін кү­шейту және тағы да басқалар.

Кездесуде Алматыда БҰҰ ДБ-ның су­б­өңірлік кеңсесін ашу келешегіне назар аударылды. Ол Орталық Азия­ның сыртқы сын-қатер­лерге төзім­ділігін нығайту саласын­дағы бірлескен күш-жігерді үйлестіру бағытында жұмыс істейді. Орта­лық Азия аймағы жаһандық сауда мен энергетикада негізгі ойыншы­лардың біріне айналып келеді. Әйтседе, зор әлеуеті бола тұра, мұнда климаттың өзгеруінің салдары, су тапшылығы, сыртқы экономикалық сілкіністер сынды тағы да басқа сын-қатерлер туындап отыр.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымымен әріптестікті нығайтуға үлкен мән береді. Мемлекет басшысы мен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш арасындағы өзара конструктивті қатынас бірлескен бастамаларды ілгерілетуге қосымша серпін беріп отыр. Қазақстан климат­тың өзгеруі проблемаларын шешуді толықтай қолдайды. Біз климат­қа қатысты мәселелерді даму жоспар­ларымызға кеңінен енгізіп, халықаралық серіктестермен тығыз жұмыс істеудеміз. Біздің көміртегі бейтараптығы туралы стратегиямыз төмен көміртекті экономикаға көшу жөніндегі нақты да ұзақмерзімді перспективаларды қамтиды, әрі барлық сектор бо­йынша қажетті негізгі өзгерістерді айқындайды», деді О.Бектенов.

Өз кезегінде Хаолян Шу БҰҰ ДБ-ның аймақтағы әлеуметтік және экологиялық бастамаларын жүзеге асыру жолындағы Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықтың маңыз­дылығын атап өтті. Кездесу қоры­тындысында тараптар барлық келешек­тегі бағыт бойынша серіктестікті дамытуға ықпал ету ниеттерін растады.