Форум • 30 Мамыр, 2025

Қасым-Жомарт Тоқаев: Экономикалық өсім игілігі әр азаматқа әділ бөлінуге тиіс

50 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Экономика, энергетика, геосаяси байланыс, халық­ара­лық сауда, технология, мемлекет­ара­лық қатынастар бағытын­да ха­лық­аралық ынтымақтас­тықты ны­ғай­туды көздеген Астана халық­аралық форумы (АХФ) өз жұ­мысын бас­тады. Форум­ға әлем­нің бірқатар елі мен жетек­ші ха­лық­аралық ұйым­дар аты­нан 160-тан астам спикер қаты­сып жатыр. Олар екі күн бойы мем­лекетаралық қарым-қатынас моделін, жаңа жаһан­дық әріп­тестік құрудың келешегін қа­рас­тырады. Форумды ашқан Мем­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынның әлемде белгісіздік белең алған кезеңде өтіп отырғанын, мұндай сын сағат­та лайықты жауап бере білудің маңызды екенін айтты. Президент форум аясында жаһандық экономика, өңірлік ынтымақтастық және халықаралық күн тәртібін­дегі басқа да мәселелер жөнінде нәтижелі пікір алмасудан үмітті екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Экономикалық өсім игілігі әр азаматқа әділ бөлінуге тиіс

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Өрелі өзгеріс – жайлы келешектің кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дүниежүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жай­лап бара жатқанына тоқталды. Былтырғы мәліметке сәй­кес, 52 мем­ле­кет қарулы қақтығыс жа­ғда­йын­да тұрған. Соның салдарынан экономи­калық шы­ғын 19 трлн долларға жетті. Бұл – әлемдік ІЖӨ-нің шамамен 13,5 пайызы.

«Дегенмен осы сандардың арғы жағындағы ахуал одан да қорқынышты: қазіргі қақтығыстар анағұрлым ұзақ әрі күрделі сипатқа ие. Оған көптеген «ойыншылар», тіпті, ешқандай мемлекетке қатысы жоқ топтар араласады. Бұдан бөлек, мұндай қақтығыстардың тамырында түрлі қайшылықтар жатыр. Аталған факторлар бейбітшіліктің берік орнауына кедергі келтіруде. Айрықша алаңдаушылық туғызатын тағы бір дүние бар. Ол – әлемдегі осы тектес шиеленістердің жаһанға мүлдем жаңа түсінік пен құндылықтар ұсынып, адамзат­ты түбегейлі түлеген, бірақ әзірге бей­мәлім келешекке бастап бара жатқан жасанды интеллектінің даму трендімен еш үйлеспеуі. Бұл орайда тарихи тұжырымдар мен саяси араздыққа негізделген әскери қақтығыстар мен соғыстар мүлдем орынсыз, тіпті ақылға қонбайды. Біз халқымызды, әсіресе жас­тарымызды соғысқа емес, саналы әрі өркениетті қоғам құруға үндеуіміз керек. Әрине, қақтығыстардың қай-қайсысы да жіті назар аударуды қажет етеді. Әйтсе де, ядролық қаруды иеленген мемлекеттер арасындағы шиеленіске айрықша мән бергеніміз жөн», деді Мемлекет басшысы.

Бүгінде 9 елдің арсеналында жалпы саны 13 мың ядролық оқтұмсық бар. Сарап­­­шы­лар оны қолдану ықтималды­лығы артып келе жатқанын ескертеді. Тіпті бұған жаза­тайым қателік, оқыс оқиға немесе эска­лация себеп болуы мүмкін деген Қасым-Жомарт Тоқаев, бір ғана жарылыстың салдары жойқын болатынын айтты.

«Ғалымдар атом бомбасы түскен жерін күл-талқан етіп қана қоймай, жаһандық ауқым­дағы климат апатына әкеліп соғуы, егіс­­тік атаулыны жойып жіберуі мүмкін еке­­нін айтады. Оның қасіретін Қазақстан жа­қ­сы біледі. Жерімізде жасалған 450 ядро­­лық сынақтың зардабымен еліміз әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отыр. Біз бей­біт­­ші­лік үшін Кеңес өкіметінен мұраға қал­­ған ядролық арсеналдан өз еркімізбен бас тарт­тық. Бүгінде жаппай қырып-жоя­тын ядро­лық және биологиялық қару­ды тарат­пау ұстанымын жақтайтын елміз. Жаһан­дық қауіпсіздікке төнген қатер­ге тек гео­­саяси сипат тұрғысынан қара­мау керек. Мұны мойындаған жөн. Әлем­дегі қазіргі ахуал өзгеріп жатыр. Мульти­лате­ра­лизмнің үні құмыққанда, протек­цио­низм өршиді. Осынау бейбере­кет кезең­дегі біздің міндетіміз – ынты­мақ­ты қа­таң сақтау, ыдыраған тұсын қайта қал­пы­­на келтіру. Қазақстан қазіргі­дей алмаға­йып за­ман­­ды сындарлы ықпал­дас­тық тұрғы­сы­­нан қа­растырады. Сыртқы сая­сатта жік­ке бө­лін­бей диалогке келуді, кез кел­ген ел­дің еге­­мендігін құрметтеуді басшы­лық­қа ала­мыз», деді Мемлекет басшысы.

в

 

Берік саяси жүйе – өркениетті қоғам құруға негіз

Президент өзге халықтардың тарихы мен мәдени дәстүрін менсінбеуге жол берілмеуге тиіс екеніне, сол себепті «Бірлігіміз – әралуандықта» қағида­тын қатаң ұстанып отырғанымызға да айрықша тоқталды.

«Мақсатымыз айқын – барынша әртараптандырылған, инклюзивті және келешекке бағдарланған экономика құру. Экономикалық өсім орнықты болумен қатар, оның игілігі әр азаматқа әділ бөлінуге тиіс. Елімізді түбегейлі жаңғыртып, Әділетті Қазақстанның негізін қалау үшін мемлекеттілікті нығайтуға көп күш-жігер жұмсап жатырмыз», деген Президент жалпыұлттық референдум арқылы Конституциямызға өзгеріс енгізіліп, басты билік институттарына реформа жасалғанын тілге тиек етті.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағи­дасын басшылыққа алып, тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бар президенттік республика жолын таңдады.

«Президент өкілеттілігі бір реттік 7 жыл­­­дық мерзіммен шектелді. Қазақстан­да ғана емес, біздің аймақта мұндай шешім бұ­­рын-соңды қабылданбаған. Менің ойым­ша, бұл қадам еліміздің саяси жүйесін нығайтуға, экономикасын дамытуға және өркениетті қоғам құруға негіз болады. Президент – халықтың белгілі бір мерзім­ге, біздің жағдайымызда жеті жылға жал­даған менеджері», деді Президент.

Сонымен қатар елдегі іргелі рефор­ма­лардың геосаяси ахуал тұрақсыз ке­зең­де қолға алынғанын, соған қарамас­­тан ре­фор­маларды тоқтатпайтыны­мыз­­­ды, бағ­дардан айнымайтынымызды да атап айт­ты. Былтыр ел экономикасы­­ның 5,1 па­йызға өскенін, шетелдік тікелей ин­вес­тиция көлемі рекордтық көрсет­кіш­ке жет­кенін, Транскаспий халықара­лық көлік бағытымен тасымалданған жүк 62 па­йызға артқанын да мәлім етті.

 

Көпжақты дамуға қосылған елеулі үлес

Мемлекет басшысының айтуынша, стратегиялық мұрат цифрмен ғана өлшенбейді. Реформалар аясында адам капиталына инвестиция салынып, жас мамандардың қалыптасуына жағдай жасалуы керек. Басты міндет – аймақтар арасындағы алшақтықты азайту мен орта тапты нығайту.

Президент: «Сол себепті цифрлық технология мен жасанды интеллектіден бастап жасыл энергетика мен қосымша құны жоғары өндіріске дейінгі негізгі секторлардағы әлеуетімізді күшейте береміз. Қазір цифрлық трансформацияда елеулі табысқа қол жеткіздік. Мақсатымыз – Еуразиядағы жетекші IT хабқа айналу. Әсіресе жасанды интел­лектіні дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Бірқатар шетелдік универ­си­тетт­ің филиалы бар, зерттеу мен әзірлеу саласындағы серіктестік жолға қойылған академиялық және инновациялық хабқа айналғымыз келеді. Қазақстан ең қуатты суперкомпьютерді іске қосуға кірісті. Қазірдің өзінде бұл жұмыс басталып кетті. Бұдан бөлек, еліміз «СryptoCity» деп аталатын жаңа қанатқақты жобаны жүзеге асыруды жоспарлаған. Мұнда криптовалютаны азық-түлік сатып алуға, қызмет төлеміне және басқа да мақсаттарда пайдалануға жағдай жасалады», дей келе,  атом энергетикасы мәселесіне де тоқталды. Мемлекет бас­шы­сының пікірінше, әлемдегі уран қоры­ның 40 пайызы бізде болғандықтан, атом энер­гетикасын дамытуды ұлттық страте­гияның басым бағыты ретінде қарастырып отырмыз. Әйткенмен климат дағдарысын шешпей тұрып орнықты дамуға жол ашу оңай емес. Оның үстіне, Орталық Азия – планетадағы климат өзге­ріс­теріне осал өңірлердің бірі. Мұнда ғалам­дық жылыну деңгейі әлемдегі орташа көр­сеткішпен салыстырғанда екі есе жоғары.

«Аталған қиындықтарды еңсеру үшін өңірлік тұрғыдан үйлестірілген, прагматикалық бағыттағы климат күн тәртібін ілгерілетуге бейілміз. Оның ая­сында еліміз бірқатар халықара­лық ұйымға мүше болып, келісімдер­ге қо­сылды. Келесі жылы Қазақстан БҰҰ-мен бірге Өңірлік экологиялық саммитін өткізеді. Бұл алаң Орталық Азия елдерінің стратегиясын жаһандық мақсатпен ұштастыруды көздейді. Қазақстан өзара құрмет пен аймақтық ықпалдастықты арқау еткен Орталық Азияның тұрақ­тылығы берік, ынтымағы бекем, болашағы айқын болғанын қалайды. Екі ай бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақ­тық орталығын құру туралы қарар­ды ресми түрде қабылдады. Бұл – біздің Қазақстанның көпжақты дамуға үлес қосқан маңызды жетістігі. Аталған орта­лық бірлескен жобаларға қолдау көр­сетіп, техникалық сараптамаларды қамта­масыз етеді және халықаралық ынтымақ­тастықты үйлестіреді», деді Президент.

 

Маңызды шешімде көптің пікірі ескерілуге тиіс

Қасым-Жомарт Тоқаев бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлер трансұлттық сипат­қа ие, алайда оған қарсы әрекетте біріз­ділік жоқ деп мәлімдеді. Бұл ретте ол Қазақ­станның орта державалар әділетті әрі инк­л­юзивті әлемдік тәртіптің орнауына мүдделі болуы керек деп санайтынын жеткізді.

«Жыл соңына таман Нью-Йоркте БҰҰ-ның 80 жылдығын атап өтеміз. 1945 жылы, яғни дүниежүзіндегі сұрапыл соғыстан кейін 51 мемлекет бірге құрған бұл Ұйым бейбіт әрі қауіпсіз әлемді құрудың батыл жолын ұсынды. Бүгінде Ұйымға 193 ел мүше. Осылайша, ол әлемдегі құрамы әралуан, күрделі әрі өзара тығыз байланысқан қоғамдастыққа айналды. Әйтсе де БҰҰ-ның негізгі тармақтары, әсіресе, Қауіпсіздік Кеңесі мүлдем өзгерген жоқ. 80 жыл бұрын жасалған институционалды құрылым мен қазіргі заман арасында алшақтық көп. Бұл Ұйымға және оның тиімділігіне деген сенімге селкеу түсіреді. Миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды», деп мемлекет ұстанымын хабарлады.

р

Президенттің айтуынша, алпа­уыт елдер бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бейіл екенін анық білдіруі керек. Әрі барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын қорғау туралы ең басты қағидаттан айнымауға тиіс. «Барлық ел БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтауы қажет. Оның негізгі принциптеріне үстірт немесе немқұрайлы қараудан аулақ болуы шарт. Сонда ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделіне деген сенімді қалпына келтіруге болады» деді.

 

Мазмұнды диалогке бастайтын жол

Форумның мәні интеллектуалдық әралуандықта жатқанын жеткізген Мем­лекет басшысы әлемнің түкпір-түкпірі­нен келген мәртебелі мейман­дардың әрқайсысы өмірлік тәжірибесін, өзіндік дүниетанымын, сондай-ақ құндылықтар ықпалымен қалыптасқан көзқарастарын ортаға салатынына сенім білдірді.

«Алдымызда келешектің түрлі сценарийі күтіп тұр. Бірі үміт ұялатады, бірі қауіп-қатерге толы. Бәріне ортақ өркениет жолын таңдаймыз ба, әлде жікке бөлініп құрдымға кетеміз бе? Оны үркердей топтың мәлімдемесі емес, көптің ауызбіршілігі шешуі қажет. Астана халықаралық форумы осы ынтымақтастыққа қолдау білдіру үшін құрылды. Аталған алаң өзара құрметке негізделген және ашық пікірталас мүмкіндігін ұсынады. Биылғы форум тақырыбы – «Ақыл-ой қосу арқылы келешекті бағдарлау» (Connecting Minds, Shaping the Future). Бұл – біздің үндеуіміз әрі қалтқысыз сеніміміз. Жаһандық сын-қатерді жалғыз еңсеру мүмкін емес. Дипломатия ресми протоколдың тар шеңберінен шығып, анағұрлым терең әрі адами қалыптағы қарым-қатынасқа төр ұсынуға тиіс», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, дүниежүзілік дамудың жаңа кезеңінде адамдар арасындағы сенім, білім-тәжірибемен бөлісу және азаматтық қоғамның ынтымақтастығы халықаралық қатынастардың жаңа іргетасы қаланады.

«Сондықтан ықпалдастықтың аясын кеңейте беруіміз керек. Қазақстан идеяның кені, араағайындық шешімдердің архитекторы және түрлі өңір мен мәдениет­тер­дің серіктесі ретінде осы өзгерістерге үлес қосуға дайын. Бұл форум тың ойлар айтылатын ғана емес, батыл қадамдар жасалатын алаңға айналсын. Баршаңызды мазмұнды диалог орнатуға шақырамын. Алдағы пікірталастар қызықты, форум жұмысы нәтижелі болуына тілектестік білдіремін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Астана халықаралық форумы тек пікір алмасу алаңы емес, бүкіл әлем елдері үшін жаңа бағыт пен шешімдерді ұсынатын прагматикалық әріптестік орталығы ретінде қалыптасты. Форумның пленарлық отырысында Руанда Президенті Поль Кагаме, Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкова, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Цюй Дунъюй, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсе, Жаһандық жасыл даму институтының төрағасы Пан Ги Мун сөз сөйледі.

Пленарлық сессияда CNN телеарна­сының бұрынғы жүргізушісі, журналист Джулия Чаттерлей модератор болды.

Модератор сұрағына жауап берген Руанда Президенті Поль Кагаме өз елінің тарихи жолына тоқталып, Қазақстандағы даму моделін Орталық Азия мен Африка арасындағы өзара тәжірибе алмасудың жақсы үлгісі ретінде атады.

«Біз әуелде өз тарихымызға арқа сүйейміз. Елімізде болған геноцидті еске алыңыз. Өзге елдер бізде болып жатқан жағдайға назар аудармай басқа жаққа көз тігіп жатты. Бірақ бұл бізге өзге елдермен ынтымақтастық орнатуға кедергі болған жоқ. Дос пейілді елдер мен серіктестерімізден көп қолдау алдық. Бірақ бұл әрқайсымыз өз міндетімізді орындамасақ, соншалықты ықпал етіп, пайдалы дүние болмаушы еді. Біз өткен тәжірибемізден сабақ алдық. Басқа елдерде болып жатқан оқиғалардан кез келген мемлекеттің дамуы үшін қауіпсіздік аса маңызды элемент екенін аңғарып отырмыз. Қазақстандағы бақуаттылық – мемлекеттің күшті басшылығынан әрі тұрақты дамудан көрініс табады. Бұл форум диалог үшін ғана емес, жаһандық прагматикалық ынтымақтастықтың өмірлік маңызды алаңына айналды», деді Поль Кагаме.

Сөз соңында Руанда басшысы елімізге АХФ алаңы арқылы әр тарап әлемдік ықпалдастыққа жеке үлесін қосатындай мүмкіндік ұсынғанына алғыс айтты.

Еліміз су ресурстарын басқару бағытында жоғары әлеуетке ие. Бұл пікірді Астана халықаралық форумында сөйлеген сөзінде БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюй білдірді. Оның айтуынша, бұл сала елдің экологиялық тұрақтылығы мен аграрлық дамуында маңызды орын алады.

«45 жылдық жұмыс тәжірибеме сүйене отырып, Қазақстанның жете бағаланбайтынын айтқым келеді. Жалпы, әлемнің екі түрлі картасы бар. Біріншісі – Еуропаға орталықтандырылған. Өйткені Италия, Еуропа үшін Қазақстан, тіпті Қытайдың өзі – кішкентай мемлекет. Мұнан бөлек латынамерикалық карта бар. Онда да жер шарындағы біздің бөлік ескерілмейді. Ал Қазақстанда миллион шаршы шақырым аумақ бар. Қазақстан заманауи технологиялар мен саясаттың арқасында үлкен жетістіктерге жете алады. Егер біз жеткілікті инвестиция, инновациямен қамтамасыз ете отырып бірлесе жұмыс істесек, үлкен жетістікке қол жеткізуге болады. Тіпті, су ресурстарын басқаруда да үлкен әлеует бар», деді.

Сондай-ақ ол FAO тарапынан ұйымға мүше мемлекеттерге тұрақты қолдау көрсетуге баса мән берілетінін айтып өтті.

«2019 жылы ұйымда алғашқы реформаларды жүргізе бастадық әрі барлық қолдау шарасының тиімділігін арттыруға баса назар аудардық. Біз әрбір доллар нақты бір әсер бергенін қалаймыз. АҚШ, Қытай, Жапония, Германия, Ұлыбритания, Италия, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сынды барлық 20 мүше жан-жақты қолдау көрсетіп, белсенді жұмыс істеп жатыр», деді FAO басшысы.

 

Демократия қолдауға зәру

Еуропа Кеңесінің бас хатшысы Ален Берсе Астанадағы халықаралық форумда жаңа демократияның үш негізін атады.

«Демократия қаншалықты ұзақ өмір сүре алады? Алты ай ма, бір жыл ма, екі жыл ма? Біз Астанада, Батыс пен Шығыс­тың, Оңтүстік пен Солтүстіктің тоғысқан жерінде қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, экономика мәселелерін талқылауға жиналдық. Шынымызды айтайықшы, осының бәрін демократиясыз қамтамасыз ете алмаймыз. Егер демократия күйресе, бәзбіреу саяси мүддесі үшін жазасыздықты қалыпты дүниеге айналдырса, есептілік мүмкін емес дүниеге айналса, демократия күйрейді. Ондай жағдайда жалған ақпарат үстемдік құрып, шындық төтеп беру құралы болудан қалады. Сондықтан демократияны қорғауымыз керек», деді ол.

Форумның мәртебелі мейманы демократияны барымызды салып қорғауға шақырды.

«Терроризм, көші-қон, сыбайлас жемқорлық, киберқылмыс сияқты факторлар күннен-күнге өзекті болып барады. Олармен күресу керек. Стандарттарды теріске шығару керек. Қосарлы стандарттан қоғам сенімі сетінейді. Бізге демократияға төніп тұрған қауіп бар екенін түйсіну керек. Бәлкім оның қатерін толықтай сезініп жатпаған шығармыз. Сондықтан егемендік мүддесі үшін кейбір тыйым ережелері жұмыс істеп тұрған шығар. Кей адамдарды тым қатты кетуге мәжбүрлейтін заңдар қабылданып жатады. Сондықтан қазір жаңа демократиялық пактілер әзірлеп жатырмыз. Бұл пакт үш негізгі басымдыққа негізделген. Біріншісі – білім беру, екіншісі – қорғаныс, үшіншісі – инновация. Бұл жай ғана кезекті бір дағдарыс емес. Ешбір ел, ешбір институт бұл дағдарысты жалғыз еңсере алмайды. Осындай кезеңдерде демократия сияқты құндылықтарды кейінге ысыра тұруға болатын шығар деген ойлар туындап жатады. Бірақ бізге әлемдегі қозғалыстардың беталысын түсіну қажет», деді Еуропа Кеңесенің Бас хатшысы.

 

БҰҰ-ға елеулі реформа қажет

Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкова Қазақстан Президентінің БҰҰ Жарғысын мүлтік­сіз сақтауға қатысты айтқан пікірін қолдай­тынын жеткізді. Оның айтуынша, БҰҰ құрамынан біраз елдің шығу қаупі бар.

«Әлемдік қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, цифрлық трансформация, сон­дай-ақ теңсіздік жағдайымен күрес мәселелеріне ерекше мән беру керек. Жаһандық күш-жігерді жұмылдырудың орнына біз кері қарай жылжып бара жатқан сияқтымыз. Яғни ескі дүние­­жүзі­лік тәртіпке түсіп кететін сыңайлы­мыз. Қазір біз тәртіп пен ережелер үстем бол­ған кезеңнен билік күші салтанат құрған деңгейге ауысып бара жатқанын байқап отырмыз», деді Гордана Силяновска-Давкова Астана халықаралық форумында.

Сонымен қатар ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жүйесіне қатысты пікірін қолдайтынын мәлімдеді.

«Еуропалық елдің президенті ретінде шағын мемлекеттер орта державалармен бірге БҰҰ-дағы тиімді мульти­латера­лизмді қолдауға тиіс деп санаймын, яғни БҰҰ осы үдерістің орталығында болуы керек. Ол үшін елеулі реформа қажет. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы кеңейтіліп, осы реформалардан өтуге тиіс», деді Солтүстік Македония Президенті.

Оның сөзіне қарағанда, БҰҰ-ның бас хатшысы лауазымына әйел адамды тағайындайтын уақыт жеткен секілді. Жалпы, осы Астана халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлем елдері БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтауы қажет екеніне баса назар аударған еді. Президенттің бағдарынша, миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны мүлдем дұрыс емес. Сондықтан еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды.

Келелі кеңесте БҰҰ-ның 8-Бас хатшысы, Жаһандық жасыл даму институты (GGGI) Ассамблеясының президенті Пан Ги Мун еліміздің орнықты даму мәселесіне қосқан үлесі туралы пікір айтты.

«БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы ретінде климатқа қатысты Париж келісімі мен орнықты даму күн тәртібінің ерекше маңызды екенін атап өтемін. Осы орайда Қазақстанның орнықты даму мен климаттың өзгеруі мәселелеріне қосқан үлесіне ерекше қолдау білдіргім келеді. Климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның нашарлауы және таза энергетикаға көшу іс-қимылдарының негізгі мәселелерін бір ел өзі ғана шеше алмайды. Қаншалықты қуатты немесе ресурстарға бай мемлекет болса да осы ауқымды міндетті жалғыз еңсеруге қауқарсыз. Өйткені мұндай сын-қатерлер саяси идеологиялардың шекарасынан тыс», деді Пан Ги Мун.

Оның ойынша, осындай күрделі мәселелердің түйінін тарқатуда өңірлер­дің бірлескен күш-жігері керек.

«Орталық Азия елдерінің «жасыл» дамуға, осы саладағы ынтымақтастыққа баса назар аударып отырғанына өте қуаныштымын. Қазақстанның энергетиканы дамыту және орнықты даму үшін үлкен әлеуеті бар. Бұл тұрғыда Қазақстан таза энергия көздеріне инвестиция салу арқылы өте жақсы үлгі көрсетіп келеді. Мұның бәрі табысты және жарқын болашақ үшін жақсы негіз бола алады», деді Жаһандық жасыл даму институты (GGGI) Ассамблеясының президенті.

Айта кету керек, бұған дейін Орнықты даму мақсаттарына сәйкес жаңартылған ұлттық индикаторлар тізімі бекітілген еді. Орнықты даму мақсаттары 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қабылданған. Бұл бастама – кедейлік пен теңсіздікті азайту, қоршаған ортаны сақтау мен жаһандық деңгейде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды әрекет жоспары.

 

Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan»