
Білікті де іскер басшы
Жұртшылыққа есімі белгілі, қоғамда өзіндік орны бар Шағангүл Жанаева бүгінде М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің біліктілігі бірінші санатты басшысы, қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің жоғары білікті оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты. 1992 жылдан қазірге дейін 33 жыл табан аудармай Алаштың алғашқы білім ордасы – патша заманында мұғалімдер семинариясы болған ғасырдан астам тарихы бар білім ошағында еңбек етіп келе жатқан зияткер тұлға. Еңбек адамының ең бір ерекше мысалы да осы Шағангүл апай. Ол колледжде әуелі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін 18 жыл атқарып, 2010 жылы директор лауазымына тағайындалғаннан кейін оқу ордасы заманауи талапқа сай жабдықталып, жаңа типті білім мекемесіне айналуына зор үлес қосқанын Семей жұрты жақсы біледі.
Ол әуелі Әуезов колледжінің қазақ тарихындағы орны ерекше екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп қана қоймай, тарихи ғимараттың әр кірпішіне дейін көзінің қарашығындай қорғап, Алаш аманатын ұрпаққа саф күйінде жеткізді. Шағангүл Алдамжарқызы колледжді көркейтуде кәсіпкер-меценат азаматтарды менеджерлікпен тарта білді. Соның нәтижесінде оқу орнының материалдық базасы жақсарды. Былтыр «Қаражыра» АҚ компаниясының демеушілігімен екіқабатты зәулім сарай – рухани орталық ғимараты бой көтерді. Бұл «Ес-Аймақ» деп аталады. Олай аталуы да тегін емес, тарихтан тамыр тартып жатыр. Міне, мұның бәрі Шағангүл Алдамжарқызы ның іскер басшы ғана емес, қазақтың білім-ғылымын қызғыштай қорыған жанашыр жан екенін көрсетеді. Қазір барып көрсеңіз, көнеден жеткен колледждің айналасы құдды бір кинодағы Гарвард қалашығы іспетті. Бұрынғы мен бүгінгінің әсем үйлесімділігін байқаймыз.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласында болып, Алаштың тұңғыш білім ордасы болған оқу орнына арнайы барды. Колледжді көріп, ұжымының еңбегіне жоғары баға бергені бар.
«Семей – Ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Бұл – Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз елдің болашағы үшін күрескен қасиетті өңір. Семей – ұлттық ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы. Еліміздегі мұғалімдер даярлайтын алғашқы оқу орны осы қалада ашылғаны белгілі. Онда Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов сынды ұлт зиялылары білім алған. Сондықтан бұл жерді халқымыз қазақ руханиятының қайнар жері деп ерекше қадірлейді», деген еді Президент.
Оқыған жетер мұратқа
Шаған өзенінің бойында туып, Құндызды жерінде тәй-тәй басқан Шағангүл Алдамжарқызының ғұмырнамасына аз-кем шегініс жасайық. Ол қой шаруашылығының жоғары білікті бонитері, зоотехник-селекционер, экономист Алдамжар Жанаев пен кітапханашы Жұмаш Кенжалықызының отбасында бұрынғы Семей облысы Абай ауданының Қызыл Ту аулында 1965 жылы 2 маусымда дүниеге келген. Әкесі Алдекең де Абай еліне сыйлы, мал шаруашылығының білікті маманы, экономист, үлгілі әке болғаны туралы басылым беттерінде бәдізделіпті. Ақын Төлеужан Ысмайловпен дос-жарлығы – балаларының әдебиетке жақын болуына әсер етті ме екен, Гүлжамал, Нұржамал, Шағангүл үшеуі де филолог болып шығады. Кішкентай Шағангүл бесігінде жатып-ақ қалың кітаптың арасында құндақталыпты. Ол заманда бала тудым екен деп қазіргідей жылдап декреттік демалыста болатын заман емес, анасы марқұм Жұмаш апамыз екі айлық Шағангүлді алып, жұмысқа шығып кетеді екен. Әйгілі Борхес жұмаққа балайтын, Әбіш Кекілбайұлы адамды адамзат еткен дейтін, ақын Талғат Ешенұлы «Жүрегі бар жалғыз үй» дейтін киелі орын – кітапханада қарақұлақтанған Шағангүлге кітап иісі ерте сіңеді.
1986 жылы Семейдің Н.К.Крупская атындағы пединститутын (қазіргі Шәкәрім университеті) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша қызыл дипломмен үздік бітіреді. Сол жылы Абай ауданы Құндызды орта мектебінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды.
Аманат арқалаған ұстаз
1988 жылы Семей қаласына келіп Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайында үлкен еңбекке араласады.
«Тоқсаныншы тоқырау жылдар. Бір күні келе жатсам, сәкіде отырған әйгілі академик, ұстазым Қайым Мұхаметханов ағайға жолығып қалдым, – деп еске алады Шағангүл апай. – Бірден тани кетті». «Сен Жанаевасың ғой?» дейді. Содан мені жетелеп Абай мұражайын басқарған Төкен Ибрагимов ағайға алып барды. «Мына қызға қалай да бір орын тауып бер» деді. Әуелі хатшылық жұмыстан бастап, бөлім меңгерушісіне дейін көтерілдім.
Осылайша, Шағангүлге Абайдың нұры сіңіп, білікті маман болып қалыптасады. «Алаш рухын жалғаған Нәубат Қалиев, Абай мұражайын ұзақ жыл басқарған Төкен Ибрагимов, ғылыми жетекшісі Арап Сіләмұлы мен ұстазы Қинаят Шаяхметұлы сияқты зиялы тұлғалардан тағылым алғанымды мақтан тұтамын. 1992 жылы Абай мұражайында еңбек етіп жүргенінде, Мұхтар Әуезов білім алған қара шаңыраққа келуіне себепкер болған – Нәубат аға», дейді ол.
Осы аралықта педагогика мен мәдениет саласына қатысты талай тағылымды мақалалары облыстық, республикалық мерзімді басылымдарда ұдайы жарияланып тұрды. Қаламгерлігімен қабат, Шағангүл Алдамжарқызының ғылыми еңбектері де жетерлік. Өзінің басшылығымен 2013 жылы оқу орнының тарихына арналған «Алаштың білім ордасы» атты тарихи-танымдық кітаптың І томдығы, 2018 жылы ІІ томдығы, 2024 жылы ІІІ томдығы «Атамұра» баспасынан жарық көрді. Бұған қоса «Құбалаң замандағы құпия өлеңдер» монографиясы, «Қоңыраулы жылдар күмбірі» («Фолиант» баспасы) атты кітабы шықты.
Бүгінде Шағангүл Алдамжарқызы – колледждегі директорлық қызметін абыроймен атқара жүріп, өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген іскер азаматтың бірі. Аймақтағы қазақ мәдени-әлеуметтік орталығының төрағасы, Абай облысы әкімі жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі, Абай облыстық мәслихатының VІІІ шақырылымының депутаты, облыстық мәслихаттағы «Amanat» партиясы депутаттық фракциясының төрағасы.
Ақынның жары
Әлем әдебиетіндегі Пушкина, Толстаяларды айтпағанда, қайраткер Нәзипа Құлжанова, кешегі Әбіш Кекілбайұлының зайыбы – Клара, М.Мағауиннің жары – Бақытжамал апаларымыз тағы басқа әйгілі ақын-жазушылардың қосағы туралы небір жылы естеліктер айтылып жатады. Осы қатарда Шағангүл апайымыз да бар.
Тыңнан түрен салып, аймақта жатып-ақ Мемлекеттік сыйлықтының лауреаты атанған, өзіндік мектебі қалыптасқан белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы – қазақ әдебиетінде орны ерекше, мәнері бөлекше тұлға. Үлкен қалалардан жырақ, әдеби орта дейтін шу-шұрқаннан саяқ жүретін, Әбішше айтсақ, «біртүрлі ақынның» адал жары, адал досы, мәңгілік музасы, бірінші оқырманы да осы – Шағангүл. Кезінде «Ақшам хаттары» деген пышақтың қырындай жыр жинақ пышақ үстінде таралып, әдебиетсүйер қауым жата-жастана оқығаны есімізде. Сол бір «дүрбелең» тудырған дүние Шағангүл апайымызға арналғанын айта кету әбестік болмас.
Ақынның жары болу қиын дейтіндерге ол былай жауап қайтарады: «Тыныштықбек – ойдың ақыны. Мінез-бітімі ерекше адам. Өлең жазғаннан кейін кейде маған оқытады. Қандай жағдайда болсам да, мейлі, шаршап отырсам да оқимын. Оқып отырғанымда қабағыма қарап, пікір айтуымды күтіп отырады. Кейде өлең жолдары түсінікті болса да, түйсікпен талдап айта алмайтын жайттар кездеседі. Ондай жағдайда өзімнің жеке пікірімді айтуды жөн көремін, сонда «Осыны өзім де күтіп отырған едім» деп қуанып қалады», дейді Шағангүл Алдамжарқызы.
Абай облысы