Digital • Кеше

Әлеуеті мықты стартап

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде биотехнология – тек медицина саласының емес, тұтас адамзаттың болашағын анықтайтын стратегиялық бағытқа айналды. Осы салада отандық «Arlan Biotech» стартапы маңызды жетістік ретінде бағаланып отыр. Стартаптың негізін қалаған Болат Сұлтанқұлов – «COVID-19» пандемиясы кезінде наноденелерге негізделген диагностикалық тест әзірлеген ғалым. Қазір ол биотехнология мен жасанды интеллектіні біріктіре отырып, ауруларды ерте анықтап, емдеуді жеделдететін платформа жасап жатыр.

Әлеуеті мықты стартап

«Arlan Biotech»-тің негізі пандемия кезінде қа­ланған. Болат Сұлтанқұлов пен инженер Дәукен Сейтқали на­ноденелерді син­тез­деуді үйреніп, «COVID-19»-ға қарсы тест жасап шығарды. Бірақ уақыт өте келе вирустар мутацияланып, бұрынғы әдістердің тиімділігі тө­мендей бастаған. Сол кезде үдерісті жа­санды ин­тел­лект арқылы жедел­дету идея­сы туындайды. «Біз бір ғана сынаққа бірнеше ай, кейде жыл жұмсайтын классикалық тәсіл­дер­ден бас тартып, технологияны дерек­терге негізделген, жылдам әрі дәл мо­дельмен алмас­тыруды жөн көрдік», деді стартап авторы Болат Сұлтанқұлов.

«Arlan Biotech» технологиясы кәдімгі антиденелерге қара­ғанда, әлдеқайда кіші әрі оңай синтезделетін наноденелерді қол­дануға негізделген. Олар ағзадағы вирустар мен қатерлі ісік жасушаларын дәл тауып, онымен күресуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллект алгоритмі миллиондаған ықтимал нұсқаны саралап, ішінен ең тиімділе­рін таңдайды. Ғалымдар оларды зертханада тексеріп, диаг­ностика немесе емдеуге жарам­ды­ларын анықтайды. «10 нұсқа­ның екеуі жарамды болса, бұл – биотехнология үшін өте жоғары көрсеткіш», дейді ғалым.

Команда антидене кітапхана­сын құрып жатыр. Бұл дегеніміз – фармацевтикалық компания­лар енді жануарларды иммун­дап, ұзақ уақытқа созылатын зерт­теулерге тәуелді болмайды. Қа­жетті ақуыз бөлігін енгізсе жет­кілікті. Жүйе оған сәйкес келе­тін наноденелерді өзі ұсына­ды. «Біз осы әдіс арқылы жылдап созылатын зерттеулердің уақытын айтар­лықтай қысқартамыз. Ал бұл – миллиондаған доллар үнемдеу деген сөз», дейді Б.Сұлтанқұлов.

«Arlan Biotech» үш негізгі ба­ғыт­та жұмыс істейді. Біріншіден, жасан­ды интеллект жүйесін қыз­мет ретінде сату көзделген. Екінші­ден, бірлескен әзірлемелер арқылы пайда табу: клиенттермен бірге жұмыс істеп, кейін түсетін табыс­тың белгілі бір пайызын алу. Үшінші­сі – да­йын антидене кітапхана­сын сату. Болаттың сөзінше, қазір компания кіріс таппаса да, нарықта үлкен қызығушылық туып отыр. Бірқатар фармкомпаниямен келіссөз жүріп жатыр, олардың бірімен алғашқы қанатқақты жоба да басталған. «Бұл жобалардан түсетін табыс көлемі жүздеген миллион долларға дейін жетуі мүмкін», дейді ол.

«Arlan Biotech» қазірдің өзінде бірнеше халықаралық акселерация бағдарламасына қатысып, жа­һандық нарықта та­ныла бастаған. Олардың қатарында Стэнфордтың «StartX», «MedTech Innovator», «Google for Startups», Дубайдағы «MBRIF» сынды маңызды бағдар­ла­малар бар. Бұл платформалар – тек білім беру орталығы емес, нарықпен және инвесторлар­мен тікелей байланыс орнатуға мүм­кіндік беретін платформалар. «Мұн­­дай акселераторларға ірік­те­луіміз – біздің ғылыми және техно­ло­гиялық деңгейіміздің дәлелі. Ғылым мен технология – жаһандық орта. Сондықтан да халықаралық деңгейде фандрайзинг жасап, инвесторлармен жұмыс істеп жатыр­мыз. Инвестиция тарту да жоспарға сай жүріп жатыр. Қазіргі «pre-seed» кезеңінде 390 мың доллар инвес­тиция тартылды. Негізгі мақсат – 1 млн доллар жинау. Қара­жаттың басым бөлігі жасанды ин­теллект ұсынған молекулаларды «CRO» зертханаларында тексеруге жұмсалады. Алғашқы сынақтар зерт­теу ұйымдарының көмегі­мен жүзеге асады. Бұл молекулалар­дың зертха­налық жағдайда жұ­мыс істей­тінін дәлелдейді», дейді зерттеуші.

Болат Сұлтанқұловтың айтуынша, нарықта алпауыттармен бәсеке күшейіп келеді. Мәселен, «Xaira Therapeutics» стартапы «pre-seed» кезеңінде-ақ 1 млрд доллар инвес­тиция тартқан. Алайда Болат бұл салада жылдамдық пен дәлдік не­гіз­гі артықшылық екенін алға тартады. «Біз «SpaceX» үлгісіне сүйенеміз: жылдам сынақ, жылдам шешім, жылдам жаңарту. Көп ақша емес, көп қайталау маңызды», деді ол.

Командасы бар болғаны алты адамнан тұрса да, «Arlan Biotech» технологиялық бәсекеге дайын. Стартап­тың миссиясы тек ком­мерциялық табыс емес, ғылымды өмірмен байланыстыру. «Ғылым – тек мақала жариялаумен шек­тел­меуі керек. Егер зерттеу сөрелерде шаң басып жатса, ол – ғылым емес ар­хив. Ғалымдар нақты мәселені шешу­ге тиіс және сол үшін кәсіпкер болудан қорықпау керек», дейді ол.