Жасанды интеллект • Кеше

Жасанды интеллект – жаңа мүмкіндік

70 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірлеген «AI-Sana» жасанды интеллект курсында 600 мыңнан астам студентті оқыту жоспарланған. Жыл басынан бері ЖИ негіздерін үйрету үшін 35 мыңға жуық студент қамтылды. Ведом­ство ұлттық стра­те­гиялық курс аясында жасанды интеллектінің бар мүмкіндігін үйрете оты­рып, студенттерді бола­шақ­тың «unicorn» компания­лары межесіне жеткізуді көздеп отыр.

Жасанды интеллект – жаңа мүмкіндік

– Қазір әлемде жасанды ин­­теллект қарқынды дамып ке­леді. Президент Қ.Тоқаев саланы да­мытуға ауқымды тапсырма жүк­теп отыр. Жаһандық жаңа­шыл­дықтан қалып қоймау үшін озық жетістіктерді ғылым, білім мен технологияда пайдалану бас­ты міндет. Дегенмен үлкен корпо­рациялар­дың және ұлттық стратегиялардың деңгейінде ғана аталатын жасанды интеллект көп­шілікке етене таныс емес. Бизнес саласы жасанды интеллект қуатын сезіне қойған жоқ. Осы мақсатта іске асып жатқан «AI-Sana» курстары генеративтіліктен бастап, жасанды интеллектінің барлық саласын қамтиды. Биыл ЖИ курсында 650 мың студентті оқыту көзделіп отыр. Олардың арасынан іріктелген 100 мың студент қыркүйектен бастап, екінші модульмен оқытылатын болады. «AI-Sana» курстарында студенттер «ChatGPT», «Grok», «Midjourney», тағы да басқа ЖИ құралдарын мең­геріп, өз бағдарламаларын сы­нақ­тан өткізе алады. Бүгінде дайын жобалар да бар, – деді Әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінде өткен «Digital Farabi – 2025» халықаралық форумында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Іріктелген 100 мың студент жасанды интеллект экономиканың қай саласында қолдануға болатыны жайында нақты білім дағдыларын игеретін болады. Әрі қарай инвес­торлармен жұмыс, жасанды ин­теллект кластері аясында даму мүм­кіндігі берілмек. Бұл – болашақ­тың «unicorn» компанияларына бас­тайтын қадам. Осы жолды басынан аяғына дейін өтуге дайын студенттер үшін жыл сайын үш басым­дыққа ие, яғни биыл энергетика, тұрақты даму және агрокешен салалары қаржыланатын болады.

Әлемдік тәжірибелерді зерттеу негізінде жүзеге асып жатқан жобалар барысына тоқталған ведомство басшысы АҚШ-тың жасанды интеллект әліппесін 1-сыныптан, Қытайдың 2035 стратегиясында көрсетілген арнайы пән ретінде оқыту тәжірибесін мысалға ал­ды. Осы орайда ғаламдық бәсекеде еліміз де өз орнын нықтап алуы үшін салада мамандар даярлау­дың заманауи мүмкіндіктерін қолда­нуы қажет. Оның айтуынша, әлем­нің мықты университеттермен бір­ле­сіп, жоғары білім жүйесінде бұ­­рын-соңды қолға алынбаған бірқа­тар ­жасанды интеллект жобасы іске асады.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың сөзіне зер салсақ, университетте жасанды интеллект, киберқауіпсіздік пен тілдік модельді цифрландыруға арналған жобалар іске асып жатыр. Бүгінде ауқымды бағдарламаларды орындайтын суперкомпьютердің бірі осы университетте орналасқан.

– Біздің еліміз цифрлық трансформация қарсаңында тұр. ҚазҰУ жетекші ғылыми-білім беру орта­лығы ретінде бұл үрдіске белсенді қатысып келеді. Білікті және кәсіби мамандарды даярлаумен қатар, инновациялық жобалар дамып жатыр. Жасанды интеллект – технология емес, жаңа мүмкіндіктің кілті. Басты міндетіміз – осы технологияларды енгізіп, тұрақты дамуына жағдай жасау. ҚазҰУ қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру мәселесіне басымдық береді. Осы тұрғыда оқу ордасының ғалымдары ақпараттық жүйелердегі мемлекеттік тілдің үлесін арттыру мақсатында қазақ тіліндегі жасанды интел­лек­тіні жетілдіруге белсенді қаты­сып жатыр, – деді ректор.

Сондай-ақ форумда «Nvidia» корпорациясының корпоративтік бизнесті дамыту жөніндегі аға менеджері Антон Джораев, Қазақстандағы «ASUS» өкілі Рамазан Аранғазы, Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолия мемлекеттік органдарымен жұмыс жөніндегі «Kaspersky» компаниясының аға менеджері Әсет Ордабаев, сарапшы ғалымдар жасанды интеллектінің еліміздегі даму барысы, компа­нияларда қолданылу тәжірибесімен бөлісті.

Форум аясында студенттер мен мек­теп оқушыларының стар­тап жобаларына арналған көрме өтті. Наурызбай ауданын­да орналасқан «Alem» иннова­циялық шығармашылық орталы­ғы оқушыларының әзірлемелері жаңашылдығымен ерекшеленді. Орталыққа Айнұр Дауылбаева басшы­лық етеді. «Физика-инже­нерия» үйірмесінің жетекшісі Талғат Сейдаздың айтуынша, оқушылар физика, инженерия, авиамодельдеу салаларымен қатар, экология және ауыл шаруашылығының даму бағыттарына арналған жобалармен айналысады. Ғылымды өмірде қолдану арқылы қоғамның нақты қажеттіліктеріне жауап беруді мақсат ете отырып, оқушылар су құбыры жарылған жағдайда, су шығынын азайту үшін құбырдың жарылған жерін тез анықтап, жедел жөндеу жүргізуге мүмкіндік беретін арнайы құрал жасап шығарды. Көлік қозғалысынан энергия алатын «Магистралды жел турбиналары» жобасы баламалы энергия алуды мақсат етеді.

Үйірмеге қатысатын 7-11 сынып оқушылары бұл жолы ауыл шаруашылығы кешеніне жа­са­ған инновациялық өнімдерін ұсынды. Олар желдеткіш, жарық жүйелері бар, жылу мен суды өзі реттейтін автоматтандырылған жылыжай жүйесін әзірлеген. Онда гидропоника, аэропоника жүйесі арқылы жылдың төрт мезгілінде де сапалы әрі жылдам өнім алуға болады. Жылыжай арнайы дронмен қадағаланады. Онда топырақтың, жылудың, жарықтың мөлшері үздіксіз бақыланып отырады. Оқушылардың тағы бір әзірлемесі – 60 шақырымға дейін 15 кило салмақтағы өнімді жеткізе алатын дрон-курьер. Электрлі мотормен қозғалатын дрон қоршаған ортаға зиянсыз. Осындай үздік әзірлемелері үшін болашақтың инженерлеріне I дәрежелі дип­лом табыс етілді. Бұған дейін «Shoqan Ecology», Itfest, «Jas Galym», «EcoSolutions Hackathon», тағы да басқа байқауларда жүлделі орын иеленіп жүрген жас ғалымдар стартаптарға қатысу арқылы жобаларына инвестор іздеп жүр. Жақында баламалы энергия көз­де­ріне байланысты әзірлеген «Ма­гистралды жел трубинасы» жобасы үшін 200 мың теңге көлемінде грант жеңіп алды.

Форум жасанды интеллект саласына қызығушылық білдіретін жастар үшін ерекше шабыт беріп, үздік стартаптардың авторлары мен жеңімпаздары «FIFA PS» дипломдары және бағалы сыйлықтарына ие болды.

 

АЛМАТЫ