
Жас дарын Эдгар Мамедов әлемдік деңгейдегі беделді додада табысқа жетіп, еліміздің шахмат тарихына өз атын жазды. Ол «Sharjah Masters International Chess Championship 2025 – A» турнирінде сәтті өнер көрсетіп, халықаралық гроссмейстер (GM) атағына қол жеткізді. 14 жастағы Эдгар бұған дейін гроссмейстер болуға қажетті үш нормативті орындап қойған еді. Тек «FIDE» рейтингінде 2 500 ұпай жинау ғана қалған болатын. Шарджадағы жарыста оның нәтижесі бұл межеден асып түсті. Осылайша, ол Қазақстан шахмат тарихындағы ең жас гроссмейстер атанып отыр.