Басылым • Кеше

Төрт тілде жарық көрген жинақ

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талантты ақын, аудармашы, бірнеше әдеби байқаулардың лауреаты Абылай Мауданның «Дайдидау» атты жыр кітабы қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілінде оқырманға жол тартты.

Төрт тілде жарық көрген жинақ

Бұл жинаққа ақынның осыдан жиырма жыл бұрын жазылған «Дайдидау» атты поэмасы енген. Оның жазылуына халық әні – «Дай­дидаудың» әсері ерекше тиген. Кітапқа ән атауын алуы да бекер емес. Автор поэ­маны қазақтың ғажайып ақыны Мағжан Жұмабаевқа арнап жазған. Оған қосыла алмаған ғашықтардың арманы, мұң-зары, өкініші арқау болған. Шығарма алғаш рет облыстық «Қостанай таңы» газетіне басылған.

Бүгінге дейін аталған туындыны халық әні деп білеміз. Алайда кейбір зерт­теушілер оны жазған Мағжан Жұмабаев деседі. Кім біледі? Бір жағынан, мұңлы да сырлы, әуезді сұлу шығарманы алып ақындікі дегенге сенесің.

Қазір бұл ән Димаш Құдайберген ар­қылы дүйім елге танылды.

Абылайдың өзі дүлдүл әнші «Дай­ди­даудың» бағын ашқанын айтады.

 – Ол әннің бойындағы құдіретті мінсіз етіп жеткізе білді. Бұл – Ұлы дала туғызған ән. Әнде тек ынтызар ғашықтардың өкініші ғана емес, басы бұғауға түскен халықтың мұң-зары, еркіндік аңсаған арманы жатыр. «Дайдидау» менің де абыройымды асырды. Көп уақыт еленбей келген туындым «Аманат» деген атпен ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығында екі бірдей республикалық жүлдені қанжығама байлап, мерейімді тасытты. Әдеби ортаның назарына іліндім. Мен өзімді Мағжан атамның рухына, осы бір тамаша әнге, оны тамсана тыңдаған, қосыла шырқаған барша тыңдарманға қарыздар сезіндім. «Дайдидау» Димаштың орындауында үлкен сахналардан бөлек, маңызды отырыстарда да шырқалып жүр. Демек бұл ән ғана емес – елші. Бейбітшілік елшісі. Менің кітабымның көздегені де ізгілік, достық, – дейді ол.

Төрт тілде шыққан жинақ «Мазмұн­дама» баспасынан жарық көрді.