
«Таңертең еді, мен ұйықтап жатқанмын. Кенеттен селектордан босанайын деп жатқан әйелге көмек қажеттігін хабарлады. Мен басқа вагонда болатынмын, хабарландыруды естіп, әйел жатқан вагонға жүгірдім», дейді Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасы Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының Сәтбаев қаласы бойынша бөлімшесінің фельдшері Айдана Смайылова.
Фельдшер Айдананың кәсіби және жедел әрекеттерінің арқасында әйел баланы табиғи жолмен, асқынусыз және патологиясыз дүниеге әкелді. Талаптарға сәйкес жедел медициналық жәрдем каретасы шақыртылып, «Жеңіс» станциясынан әйел мен сәби Жәйрем кенті ауруханасына жеткізілді. Сондай-ақ, босану кезінде Сәтбаев қаласындағы «Балдырған» балабақшасының мейіргері Қарлығаш Әлиева мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС инженер-экологы Жақыпбек Зарина барынша көмек көрсеткен.
Қазіргі уақытта анасы мен Асылым есімді нәрестенің жағдайлары жақсы және өздерінің құтқарушыларына алғыс айтты.
Айдана Смайылова Жезқазған қаласының жоғары облыстық медициналық колледжінің түлегі. 2018 жылдан бастап облыстық жедел медициналық жәрдем станциясында еңбек етеді, ерекше баланың анасы. Ол мұндай жағдайға бірінші рет тап болған емес, кәсіби міндетін орындау бабында бірнеше рет әйелдерді босандырып алған.
Ұлытау облысы