
фото: ашық дереккөз
Қазіргі заманда байлық көбінесе ақша, мүлік арқылы бағаланады. Алайда дәстүрлі қазақ қоғамында байлықтың мағынасы терең болды. Мал-мүлкіңнің болуы – байлықтың бір ғана белгісі еді. Шынайы бай – халыққа пайдасы тиіп, елге тірек болып, ақыл-парасаты мен жомарттығымен танылған тұлға болған.
Байлықты білім мен ізгілікпен ұштастырған сондай тұлғаның бірі – Тана Тілемісұлы. Ол - болыс, ел билеушісі әрі Құнанбайдың құдасы. Халыққа ең бірінші Семейге барып, мешіт салу жөнінде келісім жасасу арқылы пайдасын тигізеді. Елге оралған соң ауылдарда мектеп ашып, діни біліммен бірге орыс тілін де үйретуді қолға алады.
Ал, XX ғасыр басына қарай қазақ байлары мал шаруашылығымен қатар сауда мен өндіріс саласына да белсене кірісті. Сол кездің ірі байы, Қараөткел өңірінің көпесі Баймұхамбет Қосшығұлов пен оның балалары. Алғашқы автомобиль қазақ даласына 1900 жылы осы кісінің арқасында жеткізілген.
Тағы бірі әрі бірегейі Есенқұл Маманов. Оны атап өтпеске болмас. Тарихи деректер бойынша кезінде оның бірінен соң бірі екі баласы шетінеп кетеді. Сол үшін «балаларымның көзіндей болсын, қазақтың қажетіне жарасын», деп газетте бәйге жариялайды. Оған арнап 2000 сом тігеді. Осылайша, байқауда қатарынан екі туынды озып шықты: бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлуы», екіншісі – Тайыр Жомартбайдың «Қыз көрелік» романы. Ел ішінен қаржы жинап, Түркия, Польша және Ресей қалаларында оқып жүрген қазақ студентеріне жәрдемақы төлеуді де ұйымдастырған.
Б. Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімінің айтуынша қазақ қоғамында байлар бір ауылды қамқорлығына алған.
«500–1000 үй, 3–5 мың адамның жағдайы жауапкершілігінде болған. Ең бастысы, байлар инвестицияны бала тәрбиесіне салған: білім беріп, ел ісіне араластырған», дейді Ербол Алиев
Бүгінгі қоғамда байлық — көбіне сандық көрсеткіш. Ал байырғы заманда ол — сапалық құндылық болған. Халық бұрын байлықты малмен емес, ақыл-білім, елге сіңірген еңбегімен өлшеген. Бұл – ұмытылмауы тиіс құндылық. Себебі елін ойлаған, халқының мұқтажын бөлісіп көтерген адам ғана шын мәнінде бай бола алады.Өткеннің байлары мешіт, медресе, мектеп ашса, бүгінгінің ауқаттысы – жаңа идеяларға, әлеуметтік жобаларға, білім мен ғылымға демеуші бола алса, соның өзі мұраның жалғасуы емес пе?
ДамираТӨЛЕГЕН,
ЕҰУ студенті