Президент • 29 Мамыр, 2025

Жастарды соғысуға емес, өркениетті қоғам құруға үндеуіміз қажет - Президент

80 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана халықаралық форумының пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемдегі геосаяси ахуал мен жаһандық сын-қатерлерге тереңірек тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жастарды соғысуға емес, өркениетті қоғам құруға үндеуіміз қажет - Президент

Фото: Видеодан алынған кадр

Президент өз сөзінде жаһандық экономика, өңірлік ынтымақтастық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша мазмұнды пікір алмасу үміті бар екенін атап өтті.

«Бүгінгі жиын әлемде белгісіздік белең алған кезеңде өтіп отыр. Мұны жолайрық, халықаралық қатынастардағы сын сағаты деп сипаттасақ та болады. Алайда бұл тұжырымды тарихшылардың еншісіне қалдырған жөн. Қазір осы жағдайға қалай жауап беретініміз маңызды. Алдымызда таңдау тұр: қандай шешім қабылдаймыз, қандай құндылықтарды қорғаймыз?!», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы соңғы мәліметтерге сәйкес, бүгінде 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында екенін еске салды. Бұл қақтығыстардан келген экономикалық шығын – 19 триллион доллар, яғни әлемдік жалпы ішкі өнімнің 13,5 пайызын құрайды.

«Бұл, шамамен, әлемдік ІЖӨ-нің 13,5 пайызы. Дегенмен осы сандардың арғы жағындағы ахуал одан да қорқынышты: қазіргі қақтығыстар анағұрлым ұзақ әрі күрделі сипатқа ие. Оған көптеген «ойыншылар», тіпті, ешқандай мемлекетке қатысы жоқ топтар араласады. Бұдан бөлек, мұндай қақтығыстардың тамырында түрлі қайшылықтар жатыр», деді Президент.

Сонымен қатар Президент жаңа технологиялар, әсіресе жасанды интеллект дәуірінің өркендеуі аясында соғыс пен қақтығыстардың ескі түсініктерге негізделуі ақылға қонымсыз екенін айтты.

«Аталған факторлар бейбітшіліктің берік орнауына кедергі келтіруде. Айрықша алаңдаушылық туғызатын тағы бір дүние бар. Ол – әлемдегі осы тектес шиеленістердің жаһанға мүлдем жаңа түсінік пен құндылықтар ұсынып, адамзатты түбегейлі түлеген, бірақ әзірге беймәлім келешекке бастап бара жатқан жасанды интеллектінің даму трендімен еш үйлеспеуі. Бұл орайда тарихи тұжырымдар мен саяси араздыққа негізделген әскери қақтығыстар мен соғыстар мүлдем орынсыз, тіпті ақылға қонбайды», деді Мемлекет басшысы.

Форум аясында Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық қаруы бар елдер арасындағы шиеленіске ерекше мән беру керектігін атап өтті. Мұндай жанжалдар бүкіл адамзатқа төнген қауіп екенін ескертті.

«Соғысудың орнына біз халқымызды, әсіресе, жастарымызды саналы әрі өркениетті қоғам құруға үндеуіміз керек. Әрине, қақтығыстардың қай-қайсысы да жіті назар аударуды қажет етеді. Әйтсе де, ядролық қаруды иеленген мемлекеттер арасындағы шиеленіске айрықша мән бергеніміз жөн», деді Президент.