
Фото: Ашық дереккөз
«Мемлекеттік арнайы қызметкер ретіндегі өкілеттігім аяқталуға жақын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, артық шығындарды азайтуға мүмкіндік бергені үшін президент Дональд Трампқа алғыс айтқым келеді», деп жазды X-тегі парақшасында.
Сонымен қатар Илон Маск DOGE миссиясы уақыт өте келе нығая түсетінін және оның мемлекеттік басқарудағы өмір салтына айналатынын атап өтті.
Бұған дейін CBS телеарнасына берген сұхбатында Маск Трамп әкімшілігінің «үлкен әрі әдемі» деп сипатталған салық және бюджет заңына көңілі толмайтынын айтқан еді. Оның пікірінше, бұл заң үнемдеу шараларына кедергі келтіріп, бюджет тапшылығын арттырады.
20 қаңтарда Трамп қызметке кіріскен соң, Маск арнайы мемлекеттік қызметкер ретінде тағайындалған болатын. Бұл лауазым оған жылына 130 күн мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Бұл мерзім мамыр айының соңында аяқталады.
Сәуір айында Маск өзінің жеке компанияларына көбірек көңіл бөлетінін айтып, DOGE жұмысына аптасына бір-екі күн ғана арнауды жоспарлағанын жеткізген еді. Кейінірек ол саяси жобаларға жасалатын қайырымдылықты да қысқартатынын мәлімдеген.
Масктың бастамасымен ондаған мың мемлекеттік қызметкер жұмыстан босатылып, бірнеше агенттік пен ведомство жабылғанымен, күткен нәтижелерге қол жеткізілмеген.
«Федералды бюрократияның жағдайы мен ойлағаннан да нашар екен. Мәселелердің барын білдім, бірақ Вашингтондағы жағдайды жақсарту – өте қиын міндет», деген еді Маск.